Руханият • 15 Тамыз, 2019

Танымы терең, ойы асқақ

14845 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстаннан сыртта өмір сүрсек те, ғаламтордың дәуірінде атажұрттағы әдебиеттің заманауи озық түрлерімен дер кезінде танысып отыруға мүмкіндік бар. Әрине жеке-жарым шығармаларға көз жүгірту бір басқа да, тұтас кітапты оқу бір басқа. Осы тұрғыдан келгенде, өзім бас алмай оқып шыққан жазушы, Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты Бегабат Ұзақовтың «Құлама құз, қара жер» атты кітабы – шұрайлы тілі, ерекше образдарымен ғана емес, бүгінгі адамзаттың рухани әлемінде болып жатқан түрлі өзгерістерді ұлттық дүниетаным негізінде саралай отырып, оны ғаламдық проблема деңгейіне көтере алуымен құнды дер едік.

Танымы терең, ойы асқақ

«Ⱪұлама құз, қара жер» екі бөлімнен тұрады. Көркем әңгімелер мен әдеби эсселерден құралған кітапқа жазушының он бес әңгімесі және ақын Ахмет Өмірзақпен бірігіп жазған, қазақтың көрнекті жазушысы Молдахмет Ⱪаназ шығармашылығына арналған «Парасат парақтары» деп аталған әдеби эсселер топтамасының аса құнды дүние екенін арнайы атап өту орынды. ХХ ғасырдағы қазақ прозасында өзіндік орны бар М.Қаназ шығармаларын әлем әдебиеті жетістіктерімен біртұтас кеңістікте қарастырып талдаған әдеби эсселерді оқи отырып, хас таланттың еңбегі ескерусіз қалмайтынын дәлелдеген автордың биік мұраты мен әділ сараптауы жаныңды жадыратады.

Бегабат Ұзақов сонау балаң шағы­нан қазақ прозасының алпауыттары Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтерден тартып, Тахауи Ахта­нов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбай, Сафуан Шаймерденов, Сәкен Жүнісов, Молдахмет Ⱪаназ, Сайлаубай Жұбатырұлы т.б. шығармаларын көп оқып, олардың жетістіктерін шығармашылықпен иегеріп, ойына сіңіргенін қалам қарымынан аңғарамыз.

Оның шығармаларында лирикалық әуез бен эстетикалық леп қатар есіп тұра­ды. Стилін проза мен поэзияға ортақ нәзік желімен тарта білу кез келген дарынға бұйыра бермейтін бақыт. Бегабат – ұлттық характер мен адам психологиясын қатар өріп, кескіндеуде сарабдалдық танытқан жазушы. Мұндай шеберлікке жету – оқығаны мен ұғынғаны мол жандарға тән. Жазушы үшін тілдің шұрайлылығы мен ойдың алғырлығы, танымның тереңдігі басты орында тұруы ләзім болса, осы үйлесімділікті Бегабат Ұзақов туындыларынан анық көреміз. «Ⱪарапайым қоңыр мақаммен баяндау, кейіпкерлерін нағыз халықтың қалың ортасынан алу, олардың тыныс-тіршілігін аса жылы сезіммен көркем суреттеу машығы жазушының әлі де оқырмандардың сусынын қандыратын ғажап, көркем дүниелер күтуге болатынына толық сендіре алады». («Ⱪысқа жанрдың хас шебері». Бегабат Ұзақов әңгімелері жайында. Ⱪайыржан Аралбаев, «Бесқала өрнектері», Алматы, «Арыс», 2016).

Б.Ұзақовтың өмірден көріп-білгендері мен ойлап-түйгендерін әңгімелеріне шеберлікпен арқау етеді. Әңгімелеріндегі ұтымды штрихтар («Итмұрын», «Сурет», «Желік», т.б.) адамның ішкі сырлары, мінез-құлқындағы ерекшеліктері философиялық түйіндеулерге негізделгендігі даусыз.

«Бесік» әңгімесінде бесік жасаудың әдісі мен ерекшелігін толық түсіндіреді: «Бесік бір қарағанда қарапайым көрін­ген­мен, оны жасау оңай емес. Ⱪарағай, қайың, тұт, тал – ең басты шикізат саналады. Жалпы бесік бірнеше бөліктерден тұрады, әр бөлігі жеке-жеке жасалады. Ең алдымен арқалық, яғни бесіктің үстіңгі жұмыр бел ағаш 70-75 сантиметр ұзындықта кесіп алынып, оған станок немесе қашаумен бедер салынады. Бесіктің алдыңғы және артқы басы ‒ бөген. Ол жас талды мінсіз жонып, қайнаған суға салып ию арқылы жасалады. Ана тұрған ванна сол үшін қажет. Жақтау ‒ төртеу. Екі үлкенінің ұзындығы арқалықпен бірдей, қос бөгеннің аңғарларын керіп тұратын екі қысқа жақтаудың ені бесіктің еніне тең. Шабақ та төртеу. Ол ‒ бөгендердің аяқтарын қосып тұратын ұзын жақтауларға біркелкі қашықтықта көлденең қашалып бекітілетін тақтайша. Ал бөгендерді қосып тұратын ұзын жақтаулардың астына түсетін қос ағаш – сабақ. Табан екеу. Бөгендердің иілген басына қарама-қарсы бекітіліп, астыңғы қыры қайқы болады. Түбек орналасатын, төсек салынатын ортадағы бөлік – тақтай. Осыларды жасау Бейсеннің еншісінде». Жазушы осылай бесік жасаудың сырларын егжей-тегжейлі түсіндіре келіп, оның түбегі мен шүмегін жасау әдістеріне тоқталады. Сол сияқты «Балуан қыз» әңгімесінде де халықтың күрес өнерінің қыр-сырын кең толғап, көсіле әңгімелегенін көреміз. Ал «Сейіс» әңгімесінде атбегіліктің, бәйге атын баптаудың сан қатпарлы сырын түсінсеңіз, «Ⱪырық бірінші әдіс» әңгімесінде халқымыздың байырғы дәстүрі, осы күнде белең алған қошқар соғыстырудың қызығы мен шыжығын қызғылықты баяндайды.

Жазушының осындай, шығарма мәнін ұғуға керек нәрселерді толық пайда­ланатыны турасында 2015 жылы әде­би жыл қорытындысында қазақ прозасы туралы жасаған баяндамасында («Геосая­силанған қоғамдағы қазақ прозасы») белгілі әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова былай деген еді: «Бұл жинақтағы «Балуан қыз» мәтіні көркемдігімен ерекше. Шағын әңгімеде автор нағашыларынан жұққан балуандыққа ие болған Бәтима мен ағасы Абылайдың балуандық тағдыры баяндалған. Ауылдағы тойдың бірінде Алдағұл балуанның қасақана ниетінен Абылай ел алдында мерт болады. Қарсылас мойын омыртқасын үзіп жібереді. Осылай жеңіске жеткен Алдағұлды кейін Абылайдың ата-анасы кешіреді. Бірақ балуан Бәтима Алдағұлдың арам ниетін есте сақтап, қаншама жыл кәсіби түрде шынығып, қапыда кеткен ағасының кегін қайтарады. Жазушы күресті сөзбен бейнелеген кезде күресшілердің әр қозға­лы­сына дейін мән берілген». Ғалым өте дұрыс айтып отыр, кез келген адам бар­лық нәрсе жа­йында (мәселен, күрес туралы) жеткілікті дәрежеде білмеуі мүмкін. Сондықтан белгілі бір ситуацияны оқырман анық түсінуі үшін қаламгер бұл тұста шеберлік танытып, оқиғаны дәлме-дәл жеткізе алса, ол үлкен жетістік.

Бегабат Ұзақов әңгімелерінің идеялық мазмұны терең. Ⱪазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеудегі автор идеясы халықтың өткені мен бүгінін сабақтастыра суреттеу барысында айқындалады. Баян­дау мақамы мен байырғы дәстүрлерді насихаттау шеберлігі тұрғысынан Әбіш Кекілбай дәстүрін жалғастырушы дарын екенін байқатады. Әңгімелеріндегі Бейсен шебер, Алдағұл балуан, Манап сейістер – бәрі де өздерінің пасық ниеттерінің құрбаны болған, рухани әлсіз пенделер. Жазушы қоғамдағы рухани әлсіздік құрбандары болған адамдар қасіретін айта отырып, ұлт тағдырындағы ауыр қасіреттің де себеп-салдарын көрсетеді. Қарапайым жандардың қоңырқай тіршілігі арқылы заман шындығы мен уақыт мінезі танытылып, таразыланады. Әділетсіздіктің қоғамдағы әрбір адам тағдырына салар салмағы ауыр болады. Пенденің адамдығы сыналар тұста мінезіндегі өзгеріс сапасы әркімде әртүрлі. Олар өмірде адамгершілік таразысы арқылы сыналады. Жазушы Бейсеннің характерін («Бесік») ұтымды детальдармен көрсете алған. Өмір мен өлім бетпе-бет келген алапат кезеңде ар алдындағы кедейлену, мейірімділік пен ата-аналық, перзенттік борыштың сыналған сәтіндегі әлсіздігі сияқты қасиеттерді айқын көрсетеді. «Бейсеннің әлдеқашан тура жолдан тайғанын, Нұрбайдың ауыл-аймақтағы қорымдардан жинап берген табыт ағаштарынан... бесік жасап жүргенін, артын ойламай жасаған әрекеті өз ұлының түбіне жеткенін... қайдан білсін мына жұрт!..» Адамның жан-дүниесіндегі аласапыран жайды көркем сөз қуатымен бейнелеуді негізгі нысана еткен авторлық мұрат айқындығы жазушының қалам қарымының қуатын танытса керек. «Ақылынан адасқан Бейсен көшеге шыға бермейді. Алда-жалда шыға қалса, бетіңе қарап тұрып, «бесік пен табыттың арасы бір қадам. Біздің Арман да кетті» дейтін көрінеді». Бегабат Ұзақов ‒ кейіпкер болмысындағы күйреуді аңғартып қана қоймай, оның түпкі себебінің қандай трагедияға ұласып жатқанына үңілдіреді.

Айтар идеясы мен ойына сай көркемдік шешімі сәтті табылған әңгімелерінің бірегейі ‒ «Аязқала». Тарихты бүгінмен сабақтастыра білу шеберлігі тағы да осы әңгімеде шыңдала түседі. Образ бен характерлер уақыттың адамға артар ауыр жүгі арасынан өрбіп, дамып отырады. Тәңірбергеннің тағдырдан көрген тәлкегі, мәскүнем әкесінің азабы... «Әкесінің ауызы тыным таппады: «Алдап кетті, қаншық, бір-ақ шиша тауып келсе өліп қала ма екен? Ол соны әкелмейді ғой! Басымның сынып бара жатқанында не шаруасы бар оның? Жанының тыныштығын ойлап, біреудің үйінде шалжиып жатқан шығар. Сен де шешең сияқты арамсың. Көзімді ала беріп қашқың келіп тұрады. Әзірге сүмірейіп жүргендеріңмен, бір күні екеу­леп мені өлтіретін шығарсыңдар». Сол түні анасының далада жылан шағып қаза болуы, соңынан әкесінің қазасы, жас баланың басына төнген қаралы күндер жаныңды еріксіз жабырқатса, өгей де болса шешесіндей қамқорлық танытқан Шәрипаның бойындағы адамгершілік қасиеті оқырманның ыстық ықыласына бөленеді.

Жылдар өткен сайын адамның да жан-дүниесінің өзгерері анық. Бір кезде Шәрипадай ақкөңіл, мейірімді ананың арқасында жетімдік көрмей өскен, қайы­рым­ды жанның арқасында оқып, білім алып, ел қатарына қосылған Тәңірберген жылдар өткенде қаражаттан таршылық көрмейтін іскер азаматқа айналды. Тіпті жұмысбастылықты сылтауратып, өзін адам қылған, ана орнына ана бола білген ғазиз жанның саулығын сұрап, сәлем беруді де сиретіп алды. Бірақ оның бір кезде өзі өскен мекенге барып түнеуі, сол түні болған оқиғалар әсері оның жан-дүниесін астан-кестең етті. Ащы су ішіп, соның себебінен масайып қалған Тәңірберген әлдекіммен сөйлескендей болады. Ал шын мәніндегі елес бейне – Тәңірбергеннің жаны таза кезіндегі болмысы еді. Елес бейне оны тәубеге түсіріп, өткеніне оралтады.

Бегабат Ұзақов шығармалары – жаңа ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ прозасының, соның ішінде әңгіме жанрының шаңырағы биіктеп, керегесі кеңи түскенін байқатады. Терең танымнан бастау алған адамдық асқақ ойдың тамшылары жаңа заман адамына да рухани нәр беріп, адамдық асыл қасиеттерге асық қылса, қаламгер парызының орындалғаны.

 

Шырын СМАМУТОВА,

Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университеті, филология кафедрасының оқытушысы

 

Өзбекстан Республикасы,

Нөкіс қаласы