Руханият • 15 Тамыз, 2019

Ой метаморфозасы

514 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ой түстері». Бірімен-бірі жымдасып, иықтаса қатар өрілген түрлі түстер галереясы бейнеленген картина осылай аталады. Жалпы кескіні құрақ көрпені еске түсірген сурет атауына қарап, еріксіз ойға батасың. Адамның бір сәтте мың сан тарапқа құбылатын ойын біреу көркем сөзбен жеткізсе, енді біреу бояулы түспен айшықтайды.

Ой метаморфозасы

Ойдың қай кезде қандай түске боялып жатқанын әркімнің өз іші ғана білсе керек. Автор да өз бойынан байқаған ой құбылыс­тарын салып отыр. Қызығы сол, картинаға қарап, түрлі бояудың арасынан сол сәттегі өз ой-тү­сіңді, өз күйіңді іздейді екенсің.

Ұлттық академиялық кітап­хана­дағы біз тамашалаған белгі­лі қылқалам шебері Руслан Ақанаев­тың жеке көрмесі 7 шіл­деде ашылған болатын. Мұнда шебер­дің соңғы жылдары салынған жұмыстары қойылған. Аталмыш көрме Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің қолдауымен «Руха­ни жаңғыру» бағдарламасы аясында өскелең ұрпаққа сурет өнерін насихаттау мақсатында өтіп отыр.

Р.Ақанаевтың жұмыстары «Шығыстық галерея» (Мәскеу қаласы), «Алыс әлемдер» (Вашинг­тон қаласы), «Has Sanat» (Астана қаласы), «Трибуна» (Алматы қаласы) галереяларында қойылған. Ресей, Германия, Франция, Америка, Канада, Қазақстан, Лих­тенш­тейн мен Швейцарияда жеке коллекцияларда сақтаулы.

Көрмедегі назарға ілігіп, көңіл­­ге қозғау салған «Ой түс­тері» картинасы хақында автор­­дың өзінен сыр тартып, блиц-сұхбат жасаған едік.

– «Ой түстері» деп өзіңіз атадыңыз ба? Себебі неде?

– Шығарма тақырыбын өзім қойдым. Маған көрінбейтін энергияларды бейнелеген ұнайды. Осы секілді «Тыныштық дыбысы», «Жұпар түсі», т.б. картиналарым бар.

– Суретті салуға көп уақыты­ңыз кетті ме?

– Бір айдай уақыт жұмсадым.

– «Ой түстерінде» қанша түс қолдандыңыз?

– Барлық түсті пайдаландым десем болады.

– Қай түс басым?

– Мен көбіне көк пен күлгін түсті жиі қолданамын. Мұнда да солай.

– Салу үстінде қандай көңіл күйде болдыңыз? Оның карти­наға әсері болды ма?

– Көңіл күйім медиативті болды. Әйтпесе мұндай картинаны салу өте қиын болар еді.

– Картинада қара түс неге жоқ?

– Қара түс болса, «Өмір түс­тері» деп атар едім.

– Адам ойының түрлі күй­лерін түспен бейнелеу идеясы қалай туды?

– Өз ойларымды бақылап жүр­дім. Яғни өзіме эксперимент жасадым. Байқағанымды түстер­мен жеткізгім келді.

– Неге «өмір түстері» емес, «ой түстері»?

– Өйткені өмір ойдан басталады.

– Әлемдік аренада кімнің картинасын ерекше бағалайсыз?

– Леонардо да Винчидің бар­лық шығармасы ұнайды.

– Әңгімеңізге рахмет.