Сәрсенбі күні Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов елорда құрылысының мәселелері бойынша құрылыс алаңдарында болып, көшпелі кеңес өткізді.
Кеңес мақсаты Елбасының “Жаңа он жылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауында, сондай-ақ, тұрғындармен “тікелей желі” кезінде қойылған тапсырмалардың орындалуын бақылау болып табылады. Проблемалы тұрғын үй кешендерінің құрылысының аяқталуына, мектепке дейінгі білім мекемелерінде жаңа орындардың құрылуына, денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын жетілдіру мен медициналық кластер құруға, сондай-ақ, 2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын өткізуге арналған заманауи спорт ареналарын құру бойынша жобалардың жүзеге асырылуына баса көңіл бөлінді.
2010 жылы проблемалы құрылыстарды толығымен аяқтау міндеті қойылды. 2007 жылы елордада 37 мыңнан астам үлескердің қатысуымен 227 үлестік құрылыс нысан бар болатын. Оның 166-сы бүгінде тапсырылған. Бес нысанның үлескерлері салынып жатқан тұрғын үй кешендеріне қайта бөлінді. Осылайша ағымдағы жылы 12 933 үлескер қатысушы 61 нысан аяқталмақ. Оның ішінде 19 нысан “АҚҚБ “Жаңа құрылыс” ЖШС-ға берілген.
Көшпелі кеңес барысында К.Мәсімов пен И.Тасмағамбетов құрылысы қарқынды жүріп жатқан екі тұрғын үй – “Нұрсая” және “Караван” ТК-де болды. Ондағы үлескерлер саны 466-ны құрайды.
Бүгінгі күнге дейін компания 11 нысанда жұмысын аяқтады, олар – “Еуропалық” ТК, “Оқжетпес” ТК, “Әл-Фараби”, “Байқоңыр” ТК, “Тәуелсіздік” ТК, “Возрождение” ТК, “Жас қанат” ТК, “Достық” ТК, “Береке” ТК (6, 7, 8 блоктары), “Алтын Ғасыр” ТК (А, В, С, Е, Ғ блоктары), “Кампус” ТК (Д, Е, Ж блоктары), жалпы пәтерлер саны – 2 447.
2010 жылғы 1 шілдеге дейін жалпы пәтер саны 2 294 болатын тағы 6 тұрғын үй кешені мен 2 кезекті, соның ішінде “Эгалите” ТК, 12, 28, 38 көшелері қиылысындағы КТК, “Әл-Фараби 2” ТК, “Караван 2” ТК, Железнодорожный кентіндегі ТК, “Нұрсая” ТК, “Береке” ТК (5 блок) және “Алтын ғасыр” ТК (блок D) бітіру жоспарланып отыр.
Биылғы жылдың соңына қарай сондай-ақ, “Тұрсын Астана” ТК (1 454 пәтер) салынып бітірілмек.
Кеңес барысында сондай-ақ, “АҚҚБ “Жаңа құрылыс” ЖШС-нің “Балапан” бағдарламасы бойынша есебі тыңдалды. “АҚҚБ “Жаңа құрылыс” ЖШС салып жатқан 15 тұрғын үй кешенінің бірінші қабаттарында мектепке дейінгі шағын орталықтарды ұйымдастыру мақсатында 16 мың шаршы метр аудан қарастырылған. Осы аудандарда шағын орталықтарды жайластыру 3000-нан астам баланы орынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2009 жылы 3 шағын орталық құру жұмысы аяқталды. Оның ішінде “Тәуелсіздік”, “Оқжетпес” және “Еуропалық” ТК де бар. Ондағы орындар саны 210 баланы қамтиды.
Кеңеске қатысушылар 27 га жерді алып жатқан Жаңа Университет аумағында да болды. Ағымдағы жылдың шілдесінде ол алғашқы студенттерді қабылдайды. Әзірге сабақ жобаның алғашқы кезегі шеңберінде салынған тоғыз ғимаратта өтетін болады.
Кеңеске қатысушылар атбасын бұрған тағы бір блок “100 аурухана” бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысан болды. Бұл Оңтүстік-шығыс (оң жағы) шағын ауданындағы амбулаториялық-емханалық кешен (ауысымына 350 келушіге арналған ересектер емханасы, ауысымына 150 келушіге арналған балалар емханасы). Оны пайдалануға беру 2010 жылдың соңына жоспарланған. Сонымен бірге №12 көше мен Абылай хан даңғылы қиылысындағы 500 орындық көп бағдарлы стационарды 2011 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Үшінші блокқа 2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарының спорт инфрақұрылымдары нысандары кірді. Олар велотрек, коньки тебу стадионы, мұз айдыны құрылысы мен “Қазақстан” спорт сарайы. Үш нысанның да тапсырылатын мерзімі – 2010 жылғы 10 қазан. Бұл Азиаданың басталуына спорттық инфрақұрылымның дайындығын тексеруге мүмкіндік беретін тестілік жарыстарды өткізуге қажет.
Нысандарды аралау соңында қалалық әкімдікте кеңес өтіп, онда “Гранд Астана” КТК-нің “Ғ” блогының құрылысының аяқталуына республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу, сондай-ақ, тұрғын үй құрылысын тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы іске асыру мәселелері талқыланды.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Суретті түсірген Шүкір ШАХАЙ.