Әдебиет • 15 Тамыз, 2019

Муракамидің тағы бір «муракамишіл адамы»

330 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Харуки Муракамидің «Командордың өлтірілуі» атты жаңа кітабы орыс тілінде жарық көрді – ол «Ұлы Гэтсби» мен «Алиса ертегілер елінденің» сарынымен жазылған меланхолиялық детектив. Бұл қаламгердің әрқайсысы 400 беттен тұратын соңғы төрт жылда жазған екі томдық алғашқы романы. Жапон жазушысының жаңа романындағы оқиға мәйегі – Дон Жуан мен командордың жекпе-жегі жөніндегі құпия суретке құрылған. Әйдік жазушының 14-ші романын орыс тіліне бұған дейін «Норвегиялық орманын» тәржімалаған Андрей Замилов аударып, Мәскеудің «Эксмо» баспасынан 47 000 данамен жарық көріп отыр.

Муракамидің тағы бір «муракамишіл адамы»

Мураками – әлем әдебиетіндегі көп оқылатын һәм әрқашан қызу талқыда жүрген авторлардың бірі. Оның «муракамишіл адамдары» қаламының қанына сіңіп, жазуында образға айналған.  Нобель сыйлығының ықтимал шорт-парағынан түспей жүрген Муракамидің кітаптары бойынша түсірілген фильмдер экранға жиі жол тартуда. Жұртшылықтың көптен күткен жаңа туындысының бастапқы таралымы Жапонияның өзінде миллион данадан асқан. Ал орыс оқырмандарымен енді қауышқан жаңа кітап жағымды пікірлерге ие  болып жатыр. «70 жастағы жазушының соңғы кітабы ешкімді таңқалдырмасы анық, бірақ оқырманды рахатқа бөлеп, сүйсіндіреді», дейді олар.

Мураками

Жазушылардың бірінші жақтан жазатын дәстүріне сай, протаганистің есімі саналы түрде жасырылған. Ол 30-дан асқан, өнерді кәсіпке айырбастап жіберген, айы оңынан туған суретші. Негізінен кейіпкер кәсіпкерлердің портреттерін кәсіби тұрғыда салуға маманданғанымен, ақылын іске қосуды қаперге де алмаған. Бірде оның осы тыныш өмірі ойда-жоқта өзгеріп шыға келеді. Түсініксіз түс көрген әйелі енді онымен бірге тұрғысы келмейтінін, басқа сүйіктісі бар екенін айтады. Сөйтіп, кейіпкеріміз үйінен безіп, ел жағалап кетеді де, ақыр соңында досының «әкемнің үйін қарап қойшы» деген ұсынысын қабыл алады. Ол әсем табиғат аясында шығармашылық дегеннің не екенін есіне түсіруге, сезінуге талпынады.

Өзімен-өзі жалғыздықта тұрғанымен, суретшінің жайлы өмір туралы арманы жайына қалады. Ол екі махаббат хикаясына қатар ұрынып, жаңа таныстарға тап болады (мысалы, шашы қар түстес, оқыс өтініштер жасайтын көршіге). Ең бастысы, ол шатырдан бұрынғы қожайынның – кезінде өзі де суретші болған адамның «Командордың өлтірілуі» атты әлемге беймәлім бірегей туындысын тауып алады. Сурет анық Моцарттың «Дон Жуан» операсының сарынымен салынғанымен, неге екені белгісіз, дәстүрлі жапон үлгісінде көрсетілген, бірақ танымал қаhармандармен қатар сұмпайы беймәлім адам да жүр. Біздің кейіпкеріміз суретте бір құпияның бар екеніне кәміл сенеді...

Оқиғаның осылайша қорытындылануы арқылы хоррор да, детектив те, философиялық драма да шығуы мүмкін еді. Бірақ белгілі соқпақтар мен таза жанрлардан алыс Мураками біріне бірін сапырылыстырып, әдетінше алдап, күллі сюжеттік үміттерді өзгертумен болады. Кітаптың алғашқы беттерінен-ақ ол түйінді ішінара ашқанымен, маңызды жақтарын ішіне бүгіп қалады. Кітаптың өне бойы ол ұтымды тұстарды жоққа шығарады, ұзақ сипаттамалармен шаршатады, сондағысы – басты желіден алыс жатқандай көрінетін материялар туралы айтпақшы. Баяндау тәсілі сол баяғы – көзге ұрып тұратын талғамсыздық, сезімтал, әрі қораш. Бір сөзбен айтқанда, «Командордың өлтірілуінде» Муракамиді сүйетін де, жек көретін де – бәрі артығымен бар.

Бұл кітап бұрынғыларына мүлдем ұқсамайды. Бұған дейін жазушы шығармашылықты қалай түсінетіндігі жөнінде осынша ақтарылып айтпаған еді. Әңгіме кәсіби тұрғыда емес, экзистенциалдық, дүниетанымдық тұрғыда баяндалады. «Командордың өлтірілуіндегі» шығармашылық үрдісі айта қаларлықтай айқын жасырылған – бастапқы кезінен (үйлесімдіктің жойылуынан) тың болмыс пен үйлесімділіктің қалпына келуіне әкелетін өмірге келу мен өлімші идеяны «өлтіру», метафора қуу саты-сатысымен айтылады. Бір сөзбен айтқанда, Мураками сәтті фокус жасады – технологияны жасап шығарды және жұмыс нәтижесін ұсына алды. Бәрін бір-ақ көрсетті.

Қайтара айтқанда, «технология» қатып қалған дүние секілді емес. Жалпы алғанда, кітап біздің санамыз – естеліктер, обсессиялар, сан алуан қызығушылықтардан тұратын құрақ көрпе дегенді айтпақшы. Мураками өнертану туралы ой толғамдарынан бойын алыс салып, метафора мен аллегорияны құп көреді. Сондықтан шатасудың қажеті жоқ – кітап реалистік проза ретінде жақсы қабылданады. Классик өзін тұрмыстық психологизмде ешқашан мықты таныта алған емес, есесіне ол күнделікті рәсімдер мен ішкі монологтарды сипаттау арқылы арбайды.  Мұнда тіпті ең инферналды қаhарман – сипаттау мүмкін емес мистикалық тәжірибенің символы болып табылатын Өңсіздің өзі «адам» кейпіне келтірілген.