Инфрақұрылым жүйелері толық тартылмай жатып, пайдалануға берілген көпқабатты үй тұрғындарының жергілікті билікке өкпесі қара қазандай.
«Үшінші мегаполис деп мақтанып жатамыз. Ал қаланың жаңа шағын ауданында әлі жөні түзу асфальт жол жоқ. Әкімдіктегілер шаһардың орталық бірнеше көшесін безендіруден ары аса алмады», деп күйінеді тұрандықтар.
Анығында, наурыз айында Президент тапсырмасына орай Премьер-Миинстр Асқар Мамин бастаған Үкімет мүшелері осы шағын ауданның инженерлік инфрақұрылым жобасымен танысқан болатын. Сол кезде әп-әдемі тақтайдай түзу жол қағазға түсірілгенімен, қара жерге әлі төселе қоймады.
Үкімет басшысының алдында Тұранның таңғажайып болашағы туралы баяндаған экс-әкім Ғабидолла Әбдірахымов шағын ауданда жалпы ұзындығы 33,7 шақырым болатын 13 магистральды автожолдың құрылысы қаралып, 13 жұмыс жобасы жасалды деген болатын. Негізгі магистраль Бәйдібек би даңғылынан 2-3 шақырым жерде «Адия» және «Отау Строй» тұрғын үй кешендері орналасқанын ескере отырып, алғашқы кезеңде жалпы ұзындығы 7,8 шақырым болатын №1, 2 және 7 көшелердің, 21 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы мен 23 мың шаршы метр веложолдың құрылысын бастау туралы шешім қабылданған.
Екінші кезеңде жалпы ұзындығы 16,7 шақырым болатын, жаяу жүргіншілер және веложолдары бар 5 көшенің (№3, 4, 5, 6 және 10) құрылысы жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру үшін «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша, Ұлттық экономика министрлігіне 5,4 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу үшін бюджеттік сұраныстар жіберілген.
Үшінші кезеңде жалпы ұзындығы 9,1 шақырым болатын қалған 5 көшенің (№8, 9, 11, 12 және 13) құрылысы қаралған. Жобаның құны – 1,9 млрд теңге. Бұған қоса жалпы құны 10,4 млрд теңге сомаға сумен жабдықтау, су өткізу, электр және газбен жабдықтау желілерін тарту қажет болған.
Алайда осы жобаның көбінің құрылысы әлі тұралап тұр. Шілде айында сол кездегі қаланың экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Тұран шағын ауданындағы №1, №2 және №7 жаңа көлік жолдарының құрылысымен танысқан-тұғын.
Өкінішке қарай кезінде бей-берекет сатылған жер телімдерінің салдарынан жол бөлігі түсетін жерлерге тұрғындар үй тұрғызып алған. Осыны ескерген қала басшысы №1 көшесіндегі жоба бойынша жолға түсетін жер телімдерін алу мәселесінде тұрғындармен ақылдаса келе, жобаға өзгеріс енгізіп, бұзылуы тиіс 14 үйге тиіспейтін болған. Нәтижесінде үйлерді айнала жол салу туралы шешім қабылдаған. Әрі осы жолдарды биыл қараша айында аяқтап, 1 қазанға дейін үш жолды түйістіріп, ішкі жолдармен қоғамдық көлік жүретін болады, деп сендірген еді.
Міне, наурызда халыққа үйіп-төгіп уәде етілген уақыттың да санаулы мерзімі қалды. Әзірге шағын аудан тұрғындары алдағы күндерден үмітін үзбей шаңдақ жолмен қатынап жүр.
ШЫМКЕНТ