Аймақтар • 16 Тамыз, 2019

Таразда ауыл әйелдерінің форумы өтті

563 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тараз қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының, «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясы», «Қазақстан әйелдерінің аграрлық одағы» заңды тұлғалар бірлестіктері мен «Coca-Cola» Халықаралық қорының ұйымдастыруымен Жамбыл облысының ауыл әйелдері форумы өтті. Сонымен қатар, аталған форум Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының қолдауымен ұйымдастырылды.

Таразда ауыл әйелдерінің форумы өтті

Тараз төрінде өткен Жамбыл облысының ауыл әйелдері форумына өңірдің 10 ауданынан 150 әйел қатысты. Әуелі облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұловтың жүргізуімен баспасөз брифингі өтті. Брифингке Тараз қаласына арнайы келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ляззат Сүлеймен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Республикалық ауыл әйелдері форумының ұйымдастыру комитетінің төрайымы Майра Айсина және «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту Коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігінің Басқарма төрағасы, ҚР Президенті жанындағы жасыл экономикаға өту Кеңесінің мүшесі Салтанат Рақымбекова қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Халық қалаулылары форумның мақсаты – ауылды жерлерде көпшілікке үлгі болатын әйелдерді халыққа таныстыру, сонымен қатар ауыл әйелдерін бизнеске баулу екенін айтты.

Ауыл әйелдерін қолдау мақсатында ұйымдастырылған форумды Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев сөз сөйлеп ашып, форум жұмысына сәттілік тіледі. «Дәстүрлі дала мәдениетінде қазақ әйелдері өздерінің отбасылық қана емес, қоғам мүшесі ретіндегі әлеуетін түрлі салаларда көрсетіп келеді. Қазақы ортада өз мүддесінен гөрі отбасылық мүдденің жоғары тұруы әйелдердің қоғамдық-әлеуметтік белсенділігіне еш кедергі болған жоқ. Керісінше, қазақ даласында атағы жалпақ жұртқа жайылған белгілі әншілер, ақындар мен майталман күйшілер, парасатымен үлгі болған даналар, ерлік көрсеткен батыр аналар болды. Киелі Әулиеата жері қашанда ардақты қыздарын, атақты еңбек майталманы атанған әйел азаматтарын мақтан етеді», деді Мұратхан Шүкеев. Сонымен қатар, әкімнің орынбасары ауылды өркендету мемлекетті дамытудың негізгі шарттарының бірі екенін, бұл ретте облыс әкімдігі тарапынан ауылды жерлерде тұратын көпбалалы отбасыларға және алтын, күміс алқа иегерлеріне, іскер әйелдерге тиісті қолдаулар көрсетіліп жатқанын жеткізді. Бұдан кейін сөз алған депутат Майра Айсина елімізде болып жатқан жаңашылдықтарды ауылды жерлерге жеткізу маңызды екенін, ауыл әйелдері үшін кәсіппен айналысуға мүмкіндік жасау керектігін айтты. Халық қалаулысының айтуынша, 7 жыл ішінде 51 әйел кәсіппен айналысу үшін 4000 АҚШ доллар көлемінде несие алған. Ендігі кезекте депутат Үкімет тарапынан 5000 мың әйелге 500 мың теңгеден несие берілетінін жеткізді. Ал, сенатор Ляззат Сүлеймен өз сөзінде осы уақытқа дейін елімізде іскер әйелдерді қолдау мақсатында көптеген шаралардың өткенін, әрқашан ауыл әйелдерін қолдау керектігін айтса, Салтанат Рақымбекова бүгінде ауыл тұрғындарына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп жатқанын әңгімеледі. Сонымен қатар, пленарлық жиналыста Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміткен Найманова, Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова және Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Жеңіс Сариев сөз сөйлеп, пікірлерімен бөлісті.

Тараз

Бұдан кейін форум пленарлық отырыспен жалғасты. Пленарлық отырыста «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ Басқарма төрағасы Салтанат Рақымбекова «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы ауылда өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру» тақырыбында баяндама жасаса, Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Кенжебеков өңірдегі кәсіпкер әйелдерге көрсетіліп отырған қолдаулар жөнінде әңгімеледі. Өз сөзінде Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміткен Найманова аудандағы ауыл әйелдеріне бизнес жүргізуге қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізсе, облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова өңірде агротуризмді дамытудағы ауыл әйелдерінің үлесі туралы айтты. Өз сөзінде «Қазақстан әйелдерінің аграрлық одағы» ЗТБ атқарушы директоры Ләззат Асқарова ауыл әйелдері арасындағы көшбасшылар туралы әңгімеледі.

Өңірде тұңғыш рет өтіп отырған Жамбыл облысы ауыл әйелдері форумының дәстүрлі ерекшелігі – «Менің жетістігімнің тарихы» шеруінің ұйымдастырылуы болды. Шеруді «Нағыз патриоттар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Менің жетістігімнің тарихы – 2018» шеруі номинациясының лауреаты Ғалия Абитаева сөз сөйлеп ашты. Бұдан кейін Сарысу ауданы «Диас» шаруа қожалығының төрайымы Мейрамгүл Қаракесекова, Қордай ауданы «Байнұр» шаруа қожалығының басшысы Айман Әшімова, Талас ауданы «Нұрбол» шаруа қожалығының жетекшісі Ғалия Жақай және өзге де іскер әйелдер сөз алып, жетістіктерімен бөлісті. Форум аясында өңірдегі кәсіпкер әйелдер тауарларының көрмесі ұйымдастырылды.

Өз кезегінде «Coca-Cola белестері» –  табысқа апарар жол»  шеберлік сағаты өтті. Практикалық сессия барысында «Жасыл экономиканы» қолдау және G-Global дамыту Коалициясы» ЗТБ атқарушы директоры Асхат Сүлейменов жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдерді қолдау жөніндегі әлеуметтік жобаны іске асыру туралы айтса, «Қазақстан әйелдерінің аграрлық одағы» ЗТБ атқарушы директоры Ләззат Асқарова «Дәстүрлі отбасылық құндылықтар және қазіргі заманғы гендерлік саясат: жанжал немесе өзара толықтыру» тренингін өткізді. Бұдан кейін фермерлердің қатысуымен ауыл шаруашылығымен айналысатындарды кредиттеу туралы семинар өтті. Форум ағымдағы жылы 7-8 қараша күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Қазақстан ауыл әйелдерінің екінші форумына делегаттарды сайлаумен қорытындыланды. Форумға қатысқан барша азаматтар «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніндегі ашық аспан астындағы музейдің жұмысымен танысты.

 

Жамбыл облысы