Қазақстан • 19 Тамыз, 2019

Тамыз кеңесіне қатысушылардың лебізі

1024 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Тамыз кеңесіне қатысушылардың лебізі

Абзал САПАРОВ,

Аудандық білім
бөлімінің басшысы:

– Биылғы Тамыз кеңесі бізге біраз жылдық жоспар құруға негіз болды. Білім беру саласындағы қордаланған мәселелерді жүйелі шешудің жолдары көрсетіліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған түйткілдердің түйінін тарқататын тапсырмалар берді. Соның ішінде педагог кадрларының құрамы мен кәсібилігі, білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралар ретінде мұғалімдердің біліктілігіне қатысты айтылған Президенттің тапсырмасы өте орынды болды. Ал «Педагог мәртебесі» туралы заңның қолданысқа енгізілу мерзімі бекітілді. Бұл – біз асыға күткен құжат.

Бұдан бөлек, білім беру жүйесін цифрландыру,  заманауи ғылым және оны дамыту жолдары төңірегінде министрлік бірқатар міндетті айқындады. Аталған мәселелер – кезек күттірмес шешімді қажет ететін өзекті тақырыптар. Ал мен үшін ең елеулісі – қосымша білім беру туралы жоспарланған іс-шаралар. Бала өмірі үшін оның маңызы өте жоғары.

 

Батыс Қазақстан облысы,

Шыңғырлау ауданы

 

Кенже СЕРІКБАЙ,

Тұрар Жалғасбайұлы атындағы
«Шайыр» орта мектебінің директоры:

– ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың қа­рыш­тап дамыған заманы ғана емес, өзгеріс­тер кезеңі болып тұр. Соған сай балалар­ды қалыптастыру жолында білім беру са­ласының ұдайы өзгеріп отыруы – заңдылық. Биылғы Тамыз конференциясынан балаларды тәрбиелеу, білім беру, оқыту жүйесінде бірқатар елеулі өзгеріс күтіп тұрғанын түсіндім.

Биылғы Тамыз кеңесі Мемлекет басшысының арнайы келіп қатысуымен ерекшеленді. Бұл – салмағы ауыр саланың жүгін көтеру мемлекеттің маңызды мүддесі, ең негізгі саясаттың басым бағытына айналғанының айғағы. Ал көңілге жылылық ұялатқаны – Қасым-Жомарт Кемелұлы әуелі білім мен ғылымдағы майталман мамандардың, сондай-ақ осы салаға қатысты қоғамдық қызметкер мен ата-аналар атынан келген өкілдің ой-пікірін тыңдап, соған сай Үкімет пен облыс басшыларына шара қабылдауды шегелеп тапсыруы.

Конференцияда айтылған мұғалімдерді 5 күндік жұмыс жүйе­сіне көшіру туралы ұсынысты қолдаймын. 

 

Маңғыстау облысы,

Маңғыстау ауданы

 

Жанаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ,

Екпінді ауылындағы М.Әубәкіров атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі:

– Алқалы жиында еліміздегі білім беру мә­селесіне қатысты ауқымды мәселелер қарал­ды. Оның ішінде мектеп мұғалімдерінің кө­кей­інде жүрген, әлі де болса шешімі табыл­маған жайттар сөз болып, алдағы уа­қытта көптеген олқылықтардың орны тола­ты­­нына сенім ұялады. Әсіресе Президенттің ел Үкіметіне төрт жыл­дың ішінде мұғалімдердің жалақысын екі есеге өсіруді тап­сыр­­ға­ны ұстаздар қауымының еңбегін елеп, қиындығы мен қызығы қатар жүретін салаға жас мамандарды ынталандырды десем артық емес.

Сонымен қатар сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қо­сымша ақыны екі есеге өсіру, еңбек демалысының мерзімін 56 күнге дейін ұзарту, магистр дәрежесі үшін үстемеақы төлеу жә­не тағы басқа шаралар көзделіп отыр. 

Ұстаз еңбегі қызықты да, қуанышты болғанымен, өз ауырт­палықтары бар. Сондықтан мұғалімнің зейнетке шығу жасын қайта қарап, бір жүйеге келтіру орынды деп ойлаймын.

 

Алматы облысы,

Алакөл ауданы

 

Ұлбике Өмірбекқызы,

«Сыр жұлдызы» балабақшасының тәрбиешісі:

– Биылғы Тамыз кеңесінде ғылымды ай­рық­ша атап өту – тың өзгерістерге бағыт ал­­­ған­­­ның белгісі. Яғни, баланы оқытып, білім беріп қана қоймай, оларды ғылымға тәр­­­бие­­леуді, қызығу­шы­­лығын арттыруды бала­бақ­шадан бастау деп түсіндім. Ғылым адам өмір­інде, көбіміз ойлай­тындай, докторантураға түскенде емес, бала күннен басталады. Ай­нала қоршаған ортаның, күнделікті тіршілік пен қарапайым су­дың күйін өзгертуі – бала үшін кәдімгі ғылым. Мектеп, университетте белгілі бір деңгейде күрделене түсетіні болмаса, әлемді түсіну, оның құпиясын ашу, ғылымға қадам басу балабақшадан, демек бізден басталады. Осы орайда, алдағы оқу жылында бала­ларды қызықтыратын тәжірибелер жасауды жаңаша түрде жалғастырмақпын.

Мектепке дейінгі білім саласында 7 жылдан аса жұмыс істеп келемін. Тәрбиеші мамандығының беделі елімізде ең төменгі сатыда екеніне көзім жетті. Неліктен деген сұрақ көп толғандырды. Алдағы қаңтардан бастап күшіне енетін «Педагог мәртебесі туралы» заң осы бір алаңдаушылық ойыма нүкте қояды деп сенемін.

 

Қызылорда

 

Мейіржан ТЕМІРБЕК,

Ақмектеп орта мектебінің
информатика пәнінің мұғалімі:

– Мемлекет басшысының өзі педагогтарды кәсіби қызметіне жатпайтын, жөнсіз жұ­мыстарға жегуді жоятын, нүкте қоятын тапсырманы облыс әкімдеріне берді. Оның оң нәтижесін алдағы уақытта күтеміз.

Ал үштілділікке қатысты ойға келсем, Қасым-Жомарт  Кемел­ұлы өте орынды айтты. Кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көші­руде мектептің, мұғалімнің дайындығы, оқушылардың қалауы ескерілуі тиіс. Себебі барлық білім ошақтары мен педагогтар оған дайын емес. Пән мұғалімдері түгілі, ағылшын тілін 4 жыл оқып келген мамандардың өзіне биология мен химияның терминдері оңай тимейді, сондықтан оған біртіндеп көшкен жөн. Елбасы айтқандай, қазақ тілі бірінші болуы керек. Мемлекеттік тіл ғылым тіліне айналуы қажет.

Облыстағы талқылауларда әріптестер болып жеткізген ұсыны­сы­мыздың ішіндегі 5 күндік жұмыс жүйесіне көшу енгізілетін болды. Соған қуаныштымыз. Алайда бір ұсынысымыз қолдау таппай қалды. Бұл – мұғалімдердің зейнет жасын шегеру мәселесі.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы

 

Айсұлу САПАРҚЫЗЫ,

оқушының ата-анасы:

– Дәстүрлі Тамыз кеңесінің биылғы оты­ры­сында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың алдында барша ата-аналар аты­нан ай­тылған 7 балалы ананың ұсыны­сын қолдай­мын. Сөзсіз, бізге ата-ана қауымдас­тығын құрған дұрыс, десе де оның функциясы қазіргі комитеттердей тек қаржылық проблеманы шешетін ұйым болып қалмауы қажет. Адамдардың ниеті әртүрлі, тәрбие мен білімді ақшамен бағалауға болмайды. Қауымдастықты басқаратын адам әбден екшелген жос­пар­мен жұмысқа кірісуі керек. Соның ішінде, балаларымыздың текті, сауатты болып өсуі үшін арнайы үйірмелер ұйымдастыруда қауым­дастықтың ықпалды болғанын қалаймын. Мәселен, латын гра­фи­касына көшкелі жатырмыз. Оған да қосымша сабақ жүргені жөн.

Ал ағылшын тілін ата-аналардың қалауына қалдыру оң шешім болды. Ата-аналардың чатындағы талқылаудан-ақ көзім жетіп отыр, олардың көбісі мен секілді шет тілін 5 сыныптан бастауды қолай көреді. Себебі өзі ана тілін толық меңгеріп, сөйлеп, жазып, есеп шы­ғарып үйренбеген бала өзге тілді қойыртпаққа айналдыратыны анық.

 

Ақмола облысы,

Қоянды ауылы