Жуырда Арыс қаласында болған Премьер-министр Асқар Мамин қалалық орталық аурухананың жұмысымен танысып, Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың еңбегіне жоғары баға берді. Күрделі жөндеу жұмыстарының сапасына аса мән берген Үкімет басшысы, аурухананың медициналық қондырғылармен толық жабдықталғанын атап өтті. Қарқынды да қажырлы еңбектің арқасында аяқталған ауқымды істің халық игілігі үшін жасалғанын айта келе, қызмет көрсету сапасын да арттыруды тапсырды.
Айта кетелік, Арыс қаласында төтенше жағдай салдарынан 1989 жылы салынған аурухана жартылай зақымданып, жарылу толқынынан терезелер сынған, шатырдың конструкциясы, ішкі және сыртқы есіктері, үй-жайдың іші бүлінген болатын. Әсіресе, медициналық қондырғылар қатты зақымданған-ды. Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының ұйымдастыруымен барлық қондырғылар арнайы тексеруден өтіп, қажеттілері жаңартылған қалалық аурухана 200-ден астам науқасты қабылдауға қауқарлы.