22 Қаңтар, 2013

Ұлттың толық жаңару стратегиясы

345 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

Ұлттың толық жаңару стратегиясы

Сейсенбі, 22 қаңтар 2013 7:09

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқының өзіне дейінгі жиған-терген, талай ұрпақтардың қоғамдық санасын байытқан қанатты, өміршең мұраларын санасына тал бесіктен сіңіріп өскен ауыл баласы екені баршаға белгілі. Ал біздің қазақ халқында «елу жылда ел жаңа» деген қанатты сөз бар. Бұл – табиғи ақиқатты көрсететін өміршең ойдың қазақ халқында болған баға жетпес байлығы. Бұл – табиғи заңдылық. Міне, Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған адам дамуының 2050 жылға дейінгі бағдарламасы қолына тигенде Президент одан өзі құрған мемлекетінің даму барысындағы осынау табиғи заңдылықты толық түсінгендей. Сол себептен де биылғы Қазақстан халқына Жолдауын 2012 жылдың тәуелсіздік мерекесіне орайластыра отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп атады.

 

Сейсенбі, 22 қаңтар 2013 7:09

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқының өзіне дейінгі жиған-терген, талай ұрпақтардың қоғамдық санасын байытқан қанатты, өміршең мұраларын санасына тал бесіктен сіңіріп өскен ауыл баласы екені баршаға белгілі. Ал біздің қазақ халқында «елу жылда ел жаңа» деген қанатты сөз бар. Бұл – табиғи ақиқатты көрсететін өміршең ойдың қазақ халқында болған баға жетпес байлығы. Бұл – табиғи заңдылық. Міне, Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған адам дамуының 2050 жылға дейінгі бағдарламасы қолына тигенде Президент одан өзі құрған мемлекетінің даму барысындағы осынау табиғи заңдылықты толық түсінгендей. Сол себептен де биылғы Қазақстан халқына Жолдауын 2012 жылдың тәуелсіздік мерекесіне орайластыра отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп атады.

1. Берік негізден – биікке

Жолдаудың атауы да өмір шындығы. Өткен уақыт ішінде біз толық қалыптасқан мемлекет болдық. Ол – ол ма, даму қарқыны жағынан Катар мен Қытайды ғана алға оздырған дүние жүзіндегі үшінші мемлекет болып тұрмыз. Осы Жолдауында Президентіміз атап көрсеткеніндей, «Қазақстан-2030» Стратегиялық даму бағдарламасын қабылдаған 1997 жылдан бері ғана елдің жылдық ішкі жалпы өнімі 16 еседен астамға өскен. Жыл сайынғы өсім 7,6 пайызды құраған. Егер 1998 жылы жылдық ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы мөлшері 1500 доллардан келсе, қазір ол 12 мың долларға жеткен. Ал осындай қарқынды дамуды қамтамасыз еткен күш шетелдік тікелей инвестициялар дер болсақ, онда ол жан басына шаққанда 9200 доллардан айналып, ТМД бойынша көш бастап шыға келдік. 15 жыл ішінде сыртқы сауда айналымы 12 есеге, ал өнеркәсіп өнімдерін өндіру 20 есеге ұлғайды. Мына мәліметтер ел дамуының ең бір шұрайлы тұстарынан хабар береді: бар болғаны 2010 жылдан бері ғана жалпы құны 1 триллион 797 миллиард теңге болатын 397 инновациялық нысан іске қосылды. Сөйтіп, екі жылдың өзінде 44 мың адам тұрақты жұмыс орнын тапты. Ал дүние жүзінде, әсіресе, әлемдік экономиканың көшбасшысы саналатын АҚШ мемлекетінде, сондай-ақ Еуроодақтың дамыған елдерінде уақыт озған сайын қысқартулардың көбейіп бара жатқанын көріп-біліп отырмыз. «Балапан» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім мекемелерімен қамту 65,4 пайызға ұлғайды. Соңғы мәліметтерге жүгінсек, Қазақстандағы мектеп жасына дейінгі балалардың 94,7 пайызы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің игілігін пайдалануда. Соңғы 12 жылда ғана жоғары білім алушыларға берілетін гранттар саны 182 пайызға ұлғайған.
Президентіміз ел үшін аса ауыр кезең болған 1993 жылдың өзінде жастарға, оның ішінде талантты жастарға қамқорлық жасау үшін арнайы «Болашақ» бағдарламасын қабылдаған болатын. Соның нәтижесінде 8 мың жас талантымыз әлемнің ең таңдаулы университеттерінде білім алып, бұл күндері еліміздегі жауапты қызметтерде абыройлы іс тындырып жүр.
Егер біз осы уақытқа дейін тындырылған істерді нақты мысалдар тілімен сөйлетер болсақ, онда елімізде денсаулық сақтаудың бес инновациялық объектісі – Балаларды оңалту орталығы, Ана мен бала орталығы, Нейрохирургия, Шұғыл медициналық жәрдем және Кардиология орталықтары кіретін кешенді медициналық кластер құрылды. Осының нәтижесінде соңғы 15 жыл ішінде қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа жетіп, халықтың саны 14 миллионнан 17 миллионға дейін өсті. Бар болғаны 11 жылда 48 мың шақырымнан астам автокөлік жолдары, сондай-ақ 1100 шақырым темір жол жаңадан салынды немесе күрделі жөндеуден өткізілді. Біз «Өзен-Түркіменстан шекарасы» темір жол желісін салып, Парсы шығанағы мен Үлкен Шығыс елдеріне жол аштық. «Қорғас-Жетіген» темір жолын төсеп, Қытай мен Шығыс Азия базарларына кіретін ел болдық. «Жезқазған-Бейнеу» темір жолын және «Шұбаркөл-Арқалық» теміржолдарын төсеуді бастадық. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» магистралды көлік дәлізін салуды қарқынды жүргізіп, Ұлы Жібек жолын жаңғыртуды қолға алдық. Сөйтіп, әлемнің көптеген елдері 100-150 жылда атқара алмаған ұлан-ғайыр дамуды қамтамасыз еттік. Нәтижесінде осылайша қарқынды даму Қазақстанды әлемнің бәсекелестікке қабілетті 50 елінің қатарына қосты.
Қазақстан мейлінше қысқа мерзім ішінде жоғары қарқынмен дами отырып, дүние жүзін түгел мойындатты. Бұл күндері алпауыт АҚШ пен Еуроодақ, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей Қазақстанды стратегиялық әріптес атағанының куәсіміз. Ислам әлемі бізді діндестеріміз деп құрмет тұтады. Түркі дүниесі қандасымыз деп іш тартады. Ол-ол ма, дүние жүзі дәстүрлі діндері жетекшілерінің құрылтайын Астанада дәйекті түрде өткізу арқылы жалпы адамзаттық құндылықтарды қастерлеушілер сыйлайтын ел болдық. Қысқа мерзім ішінде сәулетімен көрген жұртты таңырқататын Астанадай әсем бас қаламызды салып алдық. Шанхай ынтымақтастық ұйымы, АӨСШК, ТМД, Еуразиялық экономикалық одақ, үштіктің Кеден одағы секілді дүние жүзі түгел санасатын халықаралық құрылымдардың мүшесі және ұйытқысы ретінде халықаралық алқалы жиындарды Астанамызда сан мәрте абыроймен өткіздік. Қысқы Азия ойындарын өткізу біздің жас мемлекетіміз тапсырған алғашқы сынақ десек, оның өтуіне Халықаралық олимпиада ұйымы жоғары баға берді. ТМД көлемінде тұңғыш болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасап, халықаралық ықпалы зор ұйымның Астана саммитін ойдағыдай өткізіп, әлемге Астана декларациясын сыйладық. Міне, осындай іскерлігімізді іс жүзіндегі нақты сынақта көріп мойындаған дүние жүзінің сарабдал сарапшылары ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу жөніндегі бәйгені де бізге сыйлады. Қорыта айтқанда, бас-аяғы шаңырақ көтерген 21 жыл ішінде тәуелсіз Қазақстан Республикасы әлемнің небір даңқты мемлекеттері шыға алмаған биікке көтерілді.
Осындай ынта-жігермен жұмыс істеу «Қазақстан-2030» Стратегиялық даму бағдарламасын мерзімінен бұрын орындауымызға жол ашты. Иә, 1997 жылы қабылданған осынау бағдарламаның нені мақсат тұтқаны, нендей биіктерді межелегені бағдарламаны жасау ісіне белсене араласқан маған айдан да анық. Ол тұста рецессия мен гиперинфляциядан тұншыққан еліміз үшін ес жинап, еңсе көтеру бірінші кезекке шығарылған мәселе болды. Сондықтан да бұл кезеңдегі дамуымызды елдің табиғи байлығына, әсіресе, көмірсутектері мен өнеркәсіптік металдар өндіруді молайтуға арқа сүйейтіндей қажеттілік санадық. Сондықтан да елімізге шикізаттық салаға инвестиция құюшыларды молынан тарта отырып, қиын жағдайды жедел түзеуге күш салдық. Бұл Қазақстан Республикасын құрушы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген ұстанымы болғанын айрықша атап өткім келеді. Елбасының көрегендігі сонда – егемендік алған кезде елімізде бір мысқал алтын немесе бір цент валюта болмаған еді. Ал бюджет жалақы мен зейнетақыларды айлап, жылдап кешіктіретіндей толымсыз болған. Өндірістік рецессия мен гиперинфляция «айылын жимай» тұрған шақта бюджет қайдан толсын? Мұндай жағдайда өміршең істерге кірісу үшін қор жинау бас­ты қажеттілік. Міне, осы басты қажеттілікті көре білген Елбасымыз шетелдік инвесторларға экспорттық мақсаттағы тауар өндірісі үшін толып жатқан жеңілдіктер берді. Заңдастырылған мұндай жеңілдіктер шетелдіктерді Қазақстанға қызықтырды. Қазір әлемнің барлық лауазымды тұлғалары мен саясаткерлері Нұрсұлтан Әбішұлының сол кездегі «әуелі экономика, сонан соң саясат» деген атауға ие болған өмірлік ұстанымы дұрыс екенін ашықтан-ашық мойындауда. Әлемді нақты ұстанымының, атқарған істерінің дұрыстығымен осылайша толық мойындатқан Елбасы енді, міне, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялай отырып, мемлекетті, ұлтты дамытудың мүлде жаңа және ауқымды әрі аса қажетті бағдарламасын өмірге әкелді. Бұл енді «Қазақстан-2030» Стратегиялық даму бағдарламасынан мүлде бөлек, тіпті негізгі саяси ұстанымы мен мақсат-мұраты жағынан алдыңғысынан мүлде өзгеше дамуымыздың бас құжаты екенін ерекше ескерткім келеді.

2. Экономика: 30-дан жоғары тұрамыз

Бүгіннің өзінде ең алдымен толық сеніммен айта алатынымыз – Елбасы алға шығарған міндет Қазақстан үшін алынатын асу. Егер біз жоғарыда айтып кеткеніміздей, бас-аяғы 21 жылдың ішінде әлемнің бірде-бір мемлекеті қол жеткізе алмаған қарқынмен дамып, бүгінгідей жағдайға қол жеткізуге талпынысымызды бастаған шақта жаңадан шаңырақ көтерген Қазақстан Республикасының басы артық қаражаты болмағанын есепке алсақ, сондай-ақ бұл күндері еліміздің сақтық қорларында 87 миллиард доллардан астам алтын-валюталық қазына бар екенін ойласақ, онда енді 38 жыл ішінде 20 сатыға көтерілу мүлде қиын шаруа емес екенін түсінеміз. Тәуелсіздік жарияланған кезде қазақ атты ұлт бар екенін білетіндер бүкіл дүние жүзінде мүлде санаулы ғана еді. Ал қазір әлемнің басым бөлігі қарқынды дамуды қамтамасыз ете алған Қазақстан Республикасын құрып шыққан ұлтты құрметтейді. Егер бұрын біз жер қойнауындағы мол байлығымызды әлемге жарнамалап, ол жарнамамызға ақшалы топты сендіру қиындығына кездессек, қазір біз инвесторларды өзіміз белгілеген қатаң талаппен екшейтін болдық. 2010 жылы басталған 2010-2020 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламамыз бойынша пайдалануға берілген инвестициялық нысандар және соңғы екі жылда елге енген шетелдік тікелей инвестицияның мақсаты осы сөзімді толық дәлелдейді. Біз бұл күндері әлемдік инвесторларға «бізге керегі шикізаттық инвестиция емес, инновациялық индустрия инвестициясы» дегенді бүкпесіз ашық айтатын болдық. Сондықтан да Ресей Федерациясы Қазақстанда өзінің ауылшаруашылық техникаларын шығара бастады. Франция бізде ұшақтары мен тікұшақтарын құрастырып жатыр. Америка мен Италия соңғы үлгідегі тепловоз-электровоздарын шығаруды қолға алған. Оңтүстік Корея полимерлер өндірісін ұйымдастаруды қолға алды. Жапония мен Франция сирек металдар өндірісіне қаржы құюда. Ресей, АҚШ, Жапония, Франция, Германия бірлескен ғылыми индустриялық жобалар бойынша жұмыс істеуге кірісіп кеткен. Қысқасы, өзінде де валюталық қор жеткілікті Қазақстанға шетелдік инвесторлардың қызығушылығы арта түскендей. Мұның өзі «Қазақстан-2050» Стратегиялық даму бағдарламасының сөзсіз орындалатынына берік негіз.
Мен ашығын айтуға тиіспін – 2050 жылы Қазақстан әлемдік бәсекелестікке қабілеттілік рейтингінде отызыншы орында емес одан әлдеқайда жоғарырақта тұрады. Мұны қарапайым есеппен былайша түсіндірген артық емес. Біз сөзсіз жылына бес пайыздық өсім ала аламыз. Артығын естен шығара тұрып 2012 жылы Қазақстан 200 миллиард доллардың жылдық ішкі жалпы өнімін өндірді деп қарастырар болсақ, 2022 жылы бұл көрсеткіш 300 миллиард долларға жетпек. Ал 2032 жылы шамамен 450 миллиард доллардың жылдық ішкі жалпы өнімін өндіреміз. 2042 жылы дәл осындай есеп бойынша бұған тағы 225 миллиард доллардың үстемесі қосылып, қорытынды нәтиже 675 миллиард долларды құрамақ. 2050 жылға дейін қалған 8 жылда өсім екі есе азайып, бар болғаны 2,5 пайызды құрады дегеннің өзінде 135 миллиард долларлық өнімді қосымша шығаратын боламыз. Сонда шамамен алғанда 2050 жылы шығарылатын жылдық ішкі жалпы өнім көлемі 800 миллиард доллардан асып түседі. Осының өзі Қазақстанды 30-шы сатыдан жоғары тұрады дегізеді. Мұны былай дәлелдеуге болады. 2050 жылы Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті деп қарастырсақ, онда жан басына шаққандағы жылдық ішкі жалпы өнімнің мөлшері 40 мың доллардан асады екен. Ал дүние жүзі бойынша қазір алғашқы отыздықта жүрген елдердің жан басына шаққандағы жылдық ішкі жалпы өнімі 29 мың доллардан келеді. Демек, 2050 жылы Қазақстан жан басына шаққандағы жылдық ішкі жалпы өнім өндіру жөнінен әлем мемлекеттері арасындағы додада алғашқы жиырмалыққа ілініп жатса, оған «бұл қалай?» дей алмаспыз. Ескерте кетейік, алғашқы жиырмалық жан басына шаққандағы жылдық ішкі жалпы өнім өндіру жөнінен 37 мың доллармен тұйықталған. Ең жоғарғы сатыдағы Жапонияның өзі бұл көрсеткіш бойынша 58 мың долларды игеріп тұр. Қысқасы, Елбасы тағы да өзінің ежелгі ұстанымы бойынша «арық айтып семіз шығу» байламын жариялаған секілді.
Енді біз осындай ұлан-ғайыр іс тындырылып, нәтижесінде Қазақстан әлемдік көшбастаушы экономика отыздығында болатынына толық сенетінімізді нақты мысалдармен дәлелдейік.
Біріншіден, Қазақстан ұдайы айтып жүретініміздей, өзінің табиғи байлығы, металы мен минералы, көмірсутектері өзіне толық жететін және шикізатты еш жақтан импорттамай, керісінше, экспорттайтын елдер тобындағы көш бастаушы мемлекет. Егер біз осы заманғы ең озық электронды-тұрмыстық, коммуникациялық және әскери стратегиялық техникалар мен ғарыш зерттеу жабдықтарын өндірер болсақ, онда оларға бірінші қажетті сирек кездесетін металдардың өзін сырттан іздемейміз. Мұны білген шетелдік инвесторлар Қазақстанда өз өндірісін ұйымдастыруға ерекше талпынатыны сөзсіз.
Екіншіден, қазіргі таңда «дамыған» деген теңеуі бар әлемдік рейтингтің ең жоғары сатысында қожырау басталды. Бұл тоқтамайтын үдеріс. Себебі, ол мемлекеттерде бюджеттік міндетті төлемдер шамадан тыс өсіп кеткен. Жалақы тым жоғары. Айталық, бір тектес өнім шығаратын Қытайдың инженер-жұмысшылары Германия, Франция, АҚШ мемлекеттеріндегі әріптестерінен 20 есе, ал Қазақстандағы әріптестерінен 5 есе артық жалақы алады. Сөйтіп, өнімнің өзіндік құнындағы жалақының үлесі шектен тыс болуы бұл елдердегі ең басты кеселге айналған. Бұл тұйықтан олар енді шыға алмайды. Мұны ерте түсінген инвесторлар қазірдің өзінде өндірістерін Қытай мен Оңтүстік Шығыс Азиядағы дамушы мемлекеттерге көшіріп-қондырған. Бұл көш іркіліске ұшырамайтын ағыны қатты тау өзені секілді жалғасады. Демек, Қазақстанға сол көштен біраз бөлік орын тепсе ол да «бұл қалай?» деуге жатпайтын табиғи заңдылық.
Үшіншіден, Қазақстанның 170 миллиондық тұтынушысы бар үлкен рынокқа айналуы да өндірістің ұлғаюына жол ашатын қозғаушы күштердің бірі. Болжам бойынша бұл рыноктағы тұтынушы саны таяу болашақтың өзінде 200 миллионнан асып түссе, ол да табиғи заңдылық. Ескерте кетейік, өзі де қожырауға айналған Еуроодақ Украинаға ештеңе бөліп бере алмайды. Беретіні – демократия. Ал аш құрсаққа демократия тамақ болмайтынын мұндағылар көп ұзамай түсінеді. Содан соң украиналықтар біздің шаңырақтың есігін қағады. Ескерте кетейік, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Армения Кеден одағына мүше болсақ деген ниеттерін ашық айта бастады.
Төртіншіден, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық транзит дәлізі көп ұзамай-ақ толық қуатында жұмыс істеуге көшеді. Мұны көріп, біліп отырған бүгінгі дамыған елдерде қиыншылық көріп жүрген өндірісшілер 3 миллиард тұтынушысы бар рыноктың дәл кіндігіне орналасқан Қазақстанға келуге ниетті болары сөзсіз. Қазіргі таңда бизнестің басты өлшемдерінің және құндылықтарының бірі уақыт десек, сол уақыт өндірістің Еуропада немесе Қытайда орналасуынан гөрі Қазақстанда орналасуы үнемдірек екенін дәлелдейді. Қытайдан Еуропаға 15 күнде жететін тауар Қазақстаннан шықса, бір апта кәсіпкер пайдасында қалады. Табиғаттың бұл шындығы да Қазақстан пайдасына жұмыс істей бас­тайтын кез көп күттірмейді.
Бесіншіден, қалай десек те Қытай «коммунистік режімдегі» ел екендігі батыстықтарды «шошыта береді». Әлемдік даңқы бар бірқатар сарапшылар көп ұзамай-ақ батыстықтардың Қытайға инвестициясы тежеледі деген пікірлерін айтып жатыр. Әрине, үрдіс кілт тыйылады деуден аулақпыз. Солай бола тұрса да Қытай мен Қазақстан «бәсекеге салынса» біздің елді қалаушылар көп ұзамай өсе түседі деуге толық негіз бар. Себебі:
а) Қазақстан толығымен нарықтық экономикада жұмыс істейтін және коммунистік ұстанымнан толық бас тартқан ел. Діни бостандыққа Қазақстанда жол ашылған. 140 ұлттың өкілі Қазақстан халқын құрайды. Қазақстан халқының ауызбірлігі ішкі тұрақтылықтың кепілі екенін өткен уақыт дәлелдеп берді.
ә) Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Қазақстан табиғи және қаржылық қор жағынан да Қытайдан басымырақ.
б) Географиялық орналасу мәселені Қазақстан пайдасына шешіп тұрған бір игілік.
в) Сыртқы саясатта Қазақстанның басқа мемлекеттермен «дауы» жоқ.
г) Қазақстан Қытайдан гөрі Еуроодаққа барлық көрсеткіштер бойынша жақын, «тонның ішкі бауындай» ел.
Осынау негізгі артықшылықтар инвесторлардың «жайлы жер» таңдауы кезінде Қазақстанға басымдық береді.
Алтыншыдан, Қазақстан халқы түгелдей дерлік сауатты және талантты. Қазақстан дамыған ғылымы бар ел. Ғылым мен өндірісті қазіргі қарқынмен жақындата берсек, көп ұзамай бұл екеуі тұтасып, нәтижесінде экономикалық өрлеудің басты қозғаушы күшіне айналады. Мұны күні бұрын көре білген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жоғарыда айтып кеткеніміздей, 1993 жылдан бері талантты жастарымызды әлемнің таңдаулы жоғары оқу орындарында мемлекет есебінен оқытып, болашақтың өміршең де жасампаз қызметтерін атқаруға дайындаған болатын. Астанадағы Назарбаев Университеті ғылым мен өндіріс кірігуінің ұйытқысына айналып, көп ұзамай-ақ небір инновациялық жобалар өмірге келері сөзсіз.

3. Халықтың тұрмысы: еуропалық сапа

Елбасы әрқашанда «біздің қызметіміздің, жетістіктеріміздің нәтижесі халықтың тұрмысынан көрініс табуы керек» деген ұстанымын атқарушы биліктің есіне салып келеді. Сондықтан да болса керек, атқарушы билік әлеуметтік-тұрмыстық шығындарға келгенде осы уақытқа дейін тарынушылық байқатқан жоқ. Айталық, қазіргі кезде «қазақстандықтардың орташа жалақысы 90 мың теңгеден асқан» деп жүрміз. Екінші бір ақиқат – жан басына шаққандағы жылдық ішкі жалпы өнімнің 12 мың доллардан айналғандығы. Егер басқа елдердің даму барысына көз салсаңыз, онда жан басына шаққандағы жылдық ішкі жалпы өнімнің көлемі 12 мың доллар болған елдерде халықтың орташа жалақысы 700 долларды құрамағанын байқаймыз. Демек, біздегі «халықшылдық, әлеуметшілдік» еуропалықтардан озық тұр. Мұны екі себеппен түсіндіруге болады. Басты себептердің бірі және негізгісі Елбасының әлеуметтік жағдайды түзетуге қатысты қатаң талабы. Екінші себеп «итермелеуші күш». Мұны былай түсіндіруге болады. Бізде халық тұтынатын тауарлардың басым бөлігі өндірілмейді. Елде өндірілетін тұтыну тауарларының көлемі сұранысты қанағаттандырмайды. Сондай-ақ, азық-түліктің сүбелі бір бөлігін импорттап келеміз. Мал санын азайтып алғандықтан етпен, сүтпен өзімізді-өзіміз қамтамасыз ететіндей жағдайға қол жеткізе алған жоқпыз. Жағдай Ресейде де біздегідей. Ал ол жақта «мұнай долларларын» бюджеттік міндетті төлемдерді өсіруге жұмсайтындықтан жалақы, зейнетақы мөлшері біздегіден жоғары. Соған сәйкес бұл көршімізде баға да жоғары. Екі ел арасындағы кедендік кедергі алынғаннан бергі уақыт ішінде Қазақстандағы баға Ресейдегі бағаға жетуге талпыныс жасады. Осылай болатыны ертеден белгілі еді. Өйткені, өндіруші қашан да тауарын қымбатқа өткізгенді қалайды емес пе? Демек, бізде инфляция жоғары болып, соның келтіретін шығынын халық өз тұрмысында сезінбеуі үшін де мемлекеттік міндетті төлемдер ұдайы өсіп, жоғары деңгейде болды.
Мен күні бүгін әлеуметтік жағдайдың жақсаруы экономикалық өсіммен шендес болатынына толық сенемін. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай, Елбасымыз «экономикалық даму нәтижелері халықтың тұрмысынан көрініс тапсын» деген ұстанымын сақтайтын ақиқат. Екіншіден, елдегі азық-түлік бағасы әлі де жоғарылайтынын ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені, ауыл шаруашылығына құйылып жатқан мол инвестиция қайтарымы осыны талап етеді. Сондай-ақ, Қазақстан азық-түлік пайдалану мәселесінде еуростандартқа көшуге қадам жасайды. Халықты экологиялық таза тамақпен қамтамасыз ету түптеп келгенде бағаның өсуін ақиқатқа айналдырады. Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығындағы тәлімі жерге құйылатын инвестиция Еуроодақ елдерінде Қазақстандағыдан шамамен 8 еседей артық. Сондықтан да бұл жақта қымбат та болса денсаулыққа тек пайдасы бар, зияны мүлде жоқ тамақ қалыбы сақталады. Бұл – денсаулық сақтау саласының мамандары ұдайы айтып жүргеніндей, халықтың денсаулығын сақтап, ғұмырын ұзартудағы қажетті алғышарттардың бірі.
Әлеуметтік жағдай халықтың білім деңгейінен де көрініс табады. Қазіргі таңда дипломды жоғары білімді мамандардың біразы жұмыс таба алмай сенделіп жүргені ақиқат. Енді мемлекеттік білім беру жүйесі де жеке меншік білім беру орындары да «көз алдаудан» арылып, өмірге нақты қажетті мамандарды даярлауға көшері ақиқат.
Экономиканың, жоғарыда айтып кеткеніміздей, сапалық дамуы халықтың интеллектуалдық сапасының жоғарылауына жол ашады. Мәселен, 2010 жылдан бері пайдалануға берілген инновациялық нысандарда жұмыс істеп жүргендер өндірісті компьютермен басқаратын жоғары білікті мамандар екенін бұған дейін де талай айтқанбыз. Енді ойлап көріңізші, бар болғаны екі жыл ішінде елімізде 44 мыңнан астам маман жоғары жалақылы жұмысқа орналасқан екен. Алдағы 30 жыл ішінде бұл көрсеткіш шамамен 15 есеге өсері сөзсіз ғой. Демек, қазақстандық жұмысшылар дегенде баяғы кеңестік дәуірдің қолына балға ұстаған «пролетариаты» емес, компьютерді «ұршықша үйірген» мүлде жаңа сападағы, жоғары интеллектуал көзге елестейтін болады. Нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы «түпкі мақсат – интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеп, интеллектуалды ұлт қалыптастырамыз» деген мұратына қол жеткізуді жүзеге асырып жатыр деп ойлау керек.

4. Қоғамдық сана өзгеріп, жаңа ұлт сомдалады

Иә, біз 2050 жылы «қазақстандықтар» деп аталатын мүлде жаңа ұлт болып қалыптасамыз. Бұл біріншіден, табиғи заңдылық. Екіншіден, экономикадағы толық өзгеру, жаңару бізді сол игілікке алып барады. Ең бірінші ол игілік қоғамдық сананың толық өзгеруінен басталады десек, қатеспеспіз. Мәселен, капитализм дүниесінде «мемлекет өлтірмейді» деген сенім мүлде жоқ. Әркім және барша қиын кезеңдерге өздері дайындалып, қор жинайды. Қоғамдық қатынас әркімді және баршаны осылай болуға еріксіз көндіреді. Жасыратын несі бар, біздің қазақстандықтардың сүбелі бір бөлігі әлі күнге дейін масылдық ұстанымнан арыла алмай мемлекет қазынасына жалтақ-жалтақ қараумен өмір сүріп жатыр. Тіпті, байлардың өзі «тендерден» пайда табуға құштар болып алған. Ал капитализм әлемінде негізгі табысты өз елінен емес өзге елден қармауға баса назар аударады. Өйткені, өз еліңдегі ешқайда кетпейтін және отандастардың баршасына ортақ несібе екенін біледі. Сол қайнар көздің сарқылып қалмауы үшін күш салады. Міне, капитализмнің басты ақиқаты осы. Біз мұны әлі күнге түсіне алмай келеміз. Несі бар, өмір бізді соны түсінуге көндіреді. Өйткені, алғашқы жиырмалықтың сапында тұрсақ та капитализмнің көлеңкесіндей еріп жүретін дағдарыс тауқыметі бізге уақыт озған сайын тақай түседі. Себебі, қажет болмаса жер астында жата беретін шикізат емес нақты дайын тауарлы өндіріске дағдарыс атаулы үйірсек келеді. Ал ол шақта, яғни біз дамыған елдер сапына енген шақта билікте «әлеуметшілдік» ұстаным азая береді. Бұл да табиғи заңдылық. Демек, халық, әркім және барша өзінің ұстанымын өзгертуге бүгіннен бастап кіріссе артық емес.
Біз мәселенің ең ауыр тұсына келгендейміз. Өйткені, экономиканы дамытып, әлеуметтік жағдайды соған сәйкес жақсарту оңай шаруа болғанымен халықтық ұстанымды, қоғамдық сананы толығымен жаңалау оңай шешілетін мәселе емес. Айталық, компартия 70 жыл бойына атеистік үгіт-насихат жұмыстарын тегеурінді жүргізумен қоймай қожа-молдаларды түрмеге отырғызып, итжеккенге айдаса да бұқараның діншілдік сенімін жоя алмағанын көріп отырмыз. Қоғамдық сана деген сол. Демек, бізге ұлт тәрбиесі мәселесінде тегеурінді және мақсатты қыруар жұмыс атқаруға тура келеді. Бұл Президент Жарлығымен немесе Үкімет өкімімен шешіле салатын мәселе емес. Қоғамдық сананы өзгертуге, жаңалауға отбасынан университеттер аудиторияларына дейінгі тәрбие саласында жүргендердің барлығы, ол – ол ма, ақын-жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдары түгелдей мақсаткерлікпен атсалысуы тиіс. Айталық, қазіргі таңда қазақстандықтар соншалықты бай деп ойламаймын. Ал Алматының көшесіне күн сайын 500 мың жеңіл автокөлік шығады екен. Баяғының 10 мың жылқы айдаған байлары ең көп дегенде көсем жеккен ғой, ал бүгінгінің алматылықтары ең кемі 50 аттың күші бар көліктер мініп жүр. Олардың қоры 10 мың жылқысы бар байдың қазынасынан әлдеқайда аз екені айтпаса да түсінікті. Сол көліктердің көбісі несиеге алынғандар. Ал капитализм әлемінде несиеге көлік алып міну күнә саналады. Демек, біз бүгінге дейін тұрмысымыз жақсарған сайын жинаудың орнына шашқанды қалап алғандаймыз. Ал ұлт ұстазы данышпан Абай «бекер мал шашпақ» жаман әдет екенін баяғыда-ақ ескертіп кеткен жоқ па еді. Демек, біз отандастарға Абайды жаңа заманға сай қайтадан оқытуымыз, түсіндіруіміз қажет секілді.
Біздің басты байлығымыз ішкі татулық екенін Елбасы мақтанышпен айтып жүр. Иә, бұл жер бетінің түкпір-түкпірінде ұлтаралық, дінаралық қанды қырғындар болып жатқанда біздің көздің қарашығындай сақтайтын зор жетістігіміз. Ұлттар мен діндер аралық теке-тірестер болмағанымен елімізде Ислам діні ішіндегі бөлігі қанды оқиғаларды өмірімізге әкелді. Исламның қазақ жеріне енгеннен бергі мың жыл ішінде бұзылмаған жалғыз ұстанымға жік түсті. Мінекей, осынау қатерден елді сақтау үшін де хақ дініміздің пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) қалған тура жолын діни сауаты жоқ бұқараға мектеп партасынан түсіндірсек те артық болмас.
Қорыта айтқанда, Елбасы алға қойған жаңа міндеттерді жүзеге асырып, жаңа биіктерге көтерілу қазақстандықтардың қолынан келетін игілік. Сондай-ақ қазақстандықтар ол игілікке қоғамдық санасы, интеллектуалдық сапасы мүлде жаңарған жаңа ұлт болып қол жеткізеді. Мақаланы қорытындылай келе атқарушы билікке бір мәселені ерекше бақылауда ұстау керек дер едім. Ол – инфляциямен күрес мәселесі. Егер біз инфляцияны ең көп дегенде 1,5-2 пайызбен шектей алмасақ, экономикада қол жеткізген жоғары табыс болуы әбден мүмкін дағдарыстың құрбанына айналады. Сондықтан да инфляциямен күреске Ұлттық банкпен бірге, жергілікті аймақтық атқарушы билікті де жауапты еткен дұрыс секілді. Әйтпесе биылғыдай 6 пайызға жетпейтін экономикалық өсімді 6 пайыздан асатын инфляция жұта берсе, гүлдену емес, тоқырау алдан шығады. Тәңірім содан сақтасын!
Иә, қоғамдық сананы толығымен жаңарту қазақстандықтардың әрқайсысының күнделікті тұрмысынан көрініс табатындай насихат жұмыстары керек. Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының басты тақырыбы ұлт тәрбиесі болса құба-құп. Турасын айтқанда, 21 жылдан бері капитализмде өмір сүріп жатырмыз дегенімізбен отбасылық бюджетті жоспарлау, мұнда да үнем ұстанымын жүзеге асыру қажеттігін біле бермейміз. Олай болса кезінде компартия тамаша атқарғанындай халықтың «сауатсыздығын жою» жұмысын бүгіннен бастап қолға алсақ, артық болмайды. Шындығында дәл осы Жолдауында Елбасы бұл мәселеге ерекше тоқталғанын ескере отырып, ең осал тұсымыз да осы екенін біліп жұмыс істесек, ісіміз алға басады.

Сағындық САТЫБАЛДИН, 
экономика ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы 
ҚазҰУ профессоры.