Әдебиет • 22 Тамыз, 2019

Виктор Гюгоның «Тоқсан үшінші жылы» мен Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезеңі» жайлы толғаныс

9971 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қаламгер Қажығали Мұханбетқали­­ұлының тар кезеңге тап келген халық тағдыры туралы тарихи романы, рух еркіндігін шын мәнінде енді-енді айқын сезіне бастаған шағымызда қолымызға тиді.

Виктор Гюгоның «Тоқсан үшінші жылы» мен Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезеңі» жайлы толғаныс

Романның алғашқы тараулары осыдан жиырма жылдан астам бұрын «Жалын» журналында жа­­рық көрді де, басты кейіпкері әрі ба­тыр, әрі шешен Сырым болып қызық­тырып, жалғасын одан са­йын асыға күттік. Кейін шығарма толық күйінде қолымызға тигенде, романның пәлен бетіне дейін Сырымның аты аталмай, кәдім­гідей аңтарылып қалдық. Бірақ аңтарылудың жөні жоқ екені көп ұзамай-ақ белгілі болды. Мерзімді басылымдардағы лебіздер легі, ал­ғашқы тұсаукесерлердегі шақ­пақша шағылған пікірлер со­ның дәлелі. Бірі мұны қазақ әде­биетіндегі ерекше құбылысқа те­ңеп жатса, енді бірі «Сырым өте күрделі тұлға, тек шебер ел­дестіруші, батыр ғана емес әрі ше­шен. Осы шешендік қыры ашы­лыңқырамай қалған секілді» деген тәрізді пікірді де алға тартты.

Ал әдебиетіміздің қазіргі абызы Ә.Нұрпейісов: «Қажығалидың жа­­ңа романын қолжазба күйінде ал­ғаш бастап оқығанда негізгі кейіп­­керімді таба алмай, қатты көңі­лім қалды, дастарқан үстінде келін екеуіне ренішімді ашық айттым» – деп сынның қою бұлтын мүлдем төндіріп барып, түйінді ойын былай білдірді: «Кейін ауруханаға түскенде романды қай­­­тадан қолға алып, оқуды жал­ғастырдым. Романның соңғы бе­тін жапқанда, қаламгердің әде­биетімізге тың, соны серпіліс әкел­­геніне көзім жетіп, сүйсіндім. Қа­жығали қазақ халқын ғасырлар бойы билеген отаршылдықтың та­би­ғатын терең ашыпты, им­перия­лық залымдықтың салдарын да, себебін де терең зерттеп, оны ал­ғаш рет ғылыми-көркем кейіп­кер деңгейіне көтере алған». Әб­аға ро­мандағы отаршылдық сарынын неге ерекше екпінмен, дара кейіп­кер деңгейіне көтеріп отыр? Отар­­шылдық публицистикалық-та­нымдық деңгейден көркем об­разға қалай айналды? Қоғамдық ой мен қаламгерлік ойдың рухани әлемдегі тайталаса ұштасуы қоғамға не береді, әдебиетке не бе­реді? Осынау жауабы әлі де бұл­дыр соқпаққа тарта беретін сұ­раққа Қ.Мұхан­бетқалиұлы қалай жауап берді?

Қазір заман өзгеріп, өзіміз де ұлттық рухымызға шындап бет бұрған кезде танымдық әлемімізге мол сәуле түсірер осы уақыт мүм­­кіндігін Қ.Мұханбетқалиұлы қа­лай тиімді пайдаланды деген сұ­рақ көз алдымызда еріксіз кесе көлденеңдейді.

Жалпы, қоғамдық «менді» ав­торлық «меннен» жоғары қою көркемдік элементтердің аяғына тұсау болуы мүмкін десек те, өмір шынайылығы үшін қаламгер одан қалыс қала алмайды, некрасовтық қағида авторлық концепцияның, бәрібір, ең сұранысты арқауына ай­налады. Осы ретте әлемде демо­кратиялық басқарудың қар­лығашы ретінде қабылданған Па­риж коммунасы тілге оралады. Коммуна Францияның саяси элитасын ғана дүр көтеріп қой­ған жоқ, рух қайраткерлерінің ішкі адами қарсылықтарының да кісенін босатты. Жас офицер Руже де Лильдің «Марсельезасы» Француз республикасының ре­волюциялық гимніне айналып, әлем­ді шарлап кетті. Жазушы, Вик­тор Гюгоның азаттықты аң­саған жүрегіне де тыныштық бер­меді. Ол революциялық рух­тың жарқылындай «Тоқсан үшінші жылын» жазды. Міне, осын­дай рух қазақ жазушысы Қ.Мұханбетқалиұлын да ши­рек ғасыр бойы ширатты. Ұзақ ізденді, ұзақ толғанды. Өйт­кені автордың өзі айтқандай: «Адамзат баласының тарихында әлем халықтарының қажетіне жа­рарлық әлдебір жаңалық бо­ла қалса, оны тек Батыстан, Еу­ропадан, өркениетті елдерден шық­қан идея етіп көрсетуге ты­ры­сатын жаман әдет бар бізде. Неге? Егер хандықты кішкентай мо­нархиялық құрылыс деп есептесек, Сырым сол монархиялық (хандық) билікті де, монархты (ханды) да құлатып, елді ха­лық­тың қайнаған қалың ортасынан шыққан өз өкілдері – халық өкіл­дері басқарсын! – десе, бұл – сол тұстағы Еуропаның да есін тан­дырарлық жаңа идея еді және бұл – Париждегі қалалық өзін өзі бас­қару органы «Париж коммунасын» дүниеге әкелген 1789-1794 жылдардағы Ұлы француз революциясынан да төрт жыл бұрын қазақ даласында дүниеге келген ел басқару әдісі екенін ескерсек, өзі бастаған көтеріліс нәтижесінде Сырым адам баласының қоғам­дық өміріне қандай үлкен жаңа­лық әкелгенін тереңірек ұғар едік» (Қ.Мұханбетқалиев. Сы­рым Датұлы. «Егеменді Қазақ­стан», 1992 жылғы 22 ақпан).

Де­мек, ел басқарудың мұндай демо­кратиялық әдісінің, яғни «Халық кеңесінің» әлемде тұң­ғыш рет Еуропада емес, қазақ даласында дүниеге келгенін оқыр­ман санасына мүмкіндігінше те­рең сіңдірудің қаншалықты жауап­кершілік жүктейтінін осыдан-ақ байқауға болады. Қажығалидың роман тақырыбын алғашқыда ой­лағандай «Сырым» деп алмай «Тар кезең» деп алуы, қаламгерлік концепциясын осыған бағындыруы, міне, осы жауапкершілікті терең се­зінуден туса керек және өзі­нің сұхбаттарында Ығылман Шө­ре­к­ұлының «Ел қамын жеген ер­лердің, сөз білген жанда қақы бар» дегенін жиі қайталайтыны да осыны нықтай түседі.

Виктор Гюгоның романти­ка­лық ұстанымына қылдай қиянат келтірмейтін, ұлы мұрат жолында өмірін қиюдан да тайсалмай­тын Лантенак пен Симурден қарт­тардың сенуге қиын, бірақ сен­діретін ерекше іс-қимылдары – осындай ерекше мінездің мысалдары. Міне, Қажығали Сырымның бойындағы ұлы адамдарға тән осындай қайсар мінезді тап басқан да, тағы да тас қабырғаға келіп маң­дайын тіреген қалың қазақтың торығып, тұншығып, тура өлімге атылар сәтіндегі кезін хас суреткерлерге тән шеберлікпен, көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп, шынайы көрсете білген. Оны ол қалай жүзеге асырды?

Сырым кекті адам! Автордың да жүйке­сі әбден ширыққан... Сы­рымды кектендірген заманы­ның озбырлығы, Қажығалиды ширықтырған – тұтас қоғам жү­гін мойнына алған адамның – Сы­рым­ның осы жауапкершілігін ше­берлікпен сомдау қажеттігі. Мұн­дай тұлғаны сомдау үшін, қаламгер, Ғ.Мүсірепов айтқандай, кектеніп жазуы керек. Сырымды да кектендірген, Қажығалиды да ширықтырған жау – осал жау емес! Ол – отаршылдық, отарлау­шы – Ресей империясы! Ендеше, жауыңнан жеңілмеу үшін, ең ал­дымен, соның өзін дұрыстап танып алу керек. Дәрігердің ауру­ды емдеуі үшін, ең алдымен оның ауруына диагноз қоя­тыны сияқты, Сырымның да Ре­сей империясы сияқты алпауыт­пен айқасуы үшін, ең алдымен, күрес жолын белгілеуі керек. Қ.Мұхан­бетқалиұлының Сырым­нан бұ­рын, әуелі Ресей қоғамының қа­зақ даласын отарлауға қатысты сая­сатын, оны жүзеге асырушы қайраткерлерінің тұтас бей­несін жасауға ұмтылысының сыры осында. Ал Виктор Гю­го­ның кек­тенуі, әсіресе басты кейіп­кер­лерінің пенделікке мүлдем кереғар, «отаны үшін өртенудің» қандай болатынын көрсетуге ант еткендей, әр қимылынан, әр сөзі­нен от шашырайтын, соның жалыны оқырманды еріксіз ертіп әкететін, ғажап суреткерлікпен бей­неленетін кекшілдік. Ол қаһар­мандық пен рақымсыз қатыгездік рухы жайлаған Францияның бұрқ-бұрқ қайнаған саяси өмі­рінің алауы аясында революция жатырында бас көтерген, яғ­ни террор республикасы мен мейір­бандық республикасы өр пер­зенттерінің, баррикаданың қай жа­ғында болғанына қарамастан, өмірі естен кетпестей бейнесін жасаған. Естен қалай кетеді? Понторсонды, Вильдені, Пон-о-Боны азат етуші, Доль, Тург жеңім­пазы, республиканың Ван­деядағы семсеріне айналған Говэн … сол Говэн енді үш ай бойы соңынан қуып жүріп, ақы­ры қолына түсірген революция жауы Лантенакты құтқарып жібер­мекші… және қолға түскен бойда оның басын шабу жөніндегі бұй­рыққа қол қойған да сол Говэн­нің өзі еді ғой. Говэнді бір түн­нің ішінде бұлай өзгерткен қан­дай құдырет?! Францияны Англияға сатпақшы сұмырай Лан­тенак батыр Лантенакқа, мейірімді Лантенакқа қалай айналды?! Өзі мүлде танымайтын, жалаңаяқ, жалаңбас қайдағы бір үш қу жетімді құтқарып жібергені үшін ғана ма?!. ...Говэннің өзі де, оның батыр сарбаздары да жа­сай алмаған қайырымдылық пен қаһармандықты жаңағы қарт Лан­тенак жасады.

«Тоқсан үшінші жыл» тарихи тақырыпқа қалай қалам тер­беу керек екендігінің үлгісі. Алайда таланттар үлгіге көп ба­ғына бермейді. Өзінің сара жолын тартады. Тақырыбы рухтас, кейіп­керлері ұлттық қасиетті ұлық­тауымен ұқсас болғанмен екі жазушы сол қасиеттің табиғатын ашудағы өзіндік шешімімен бір-біріне ұқсамайды. Виктор Гюго монархиялық Еуропа мен де­мократиялық Еуропаның арпалы­сын Францияның өз ішіндегі оқи­ғалар арқылы суреттесе, Қажы­ғали Мұханбетқалиұлында ұлт-азат­тық қозғалыс бір ел аумағына сый­майды. Алпауыт, менмен империя мен намысшыл, өжет, бірақ қауқарсыз елдің өзара арбасуы мен айқасуы Қажығалиды соны шешімдерге итермелейді. Тек қазақтардың өз басындағы жағ­дайды арқау етсе, шығарма діт­теген жеріне жете алмас еді. Вик­тор Гюгоға Францияның өз ішін­дегі саяси күресті суреттеу үшін сырт елге ауа жайылудың қажеті де жоқ, тоқсан үшінші жыл­дың алапат оқиғаларының өзі ұлы революцияның табиғатын ашып көрсетуге жетіп жатыр. Ал азаттық жолында «мың өліп, мың тірілген» қазақтың ар-намыс ру­хының асқақтығын дәлелдеу үшін Қажығалиға, ең алдымен басты дұшпанының, ресейлік им­перияның зерттеушісіне де, солардың психологиясын бей­нелеуші қаламгеріне де айналуы керек.

Тарихи тақырыпты тану­да Қ.Мұханбетқалиұлы В.Гюго­мен бәсекелес емес және тақы­рыпты ашудағы қаламгерлік ұс­та­ным­дары да бір-біріне ұқ­­са­майды. В.Гюгоның Ұлы Фран­­цуз революциясының көр­кем­дік бейнесін жасауда архив құ­­жат­тарын қалай ақтар­ғаны маған белгісіз, бірақ Қ.Мұхан­бет­қали­ұлының Сырым бастаған ұлт-азат­тық қозғалысының тарихын сарылып зерттегені ешқандай дау тудырмайды.

Франция патриоты ретінде абсолютті монархияға, аристо­кратияға, клерикализмге белсене қарсы шыққан, саяси­ көзқарасы үшін Отанынан қуылып, он тоғыз жылын шетелдерде өткізген, мем­лекеттік құрылыстың қай­рат­кер сыншысы В.Гюгоның қа­ла­мынан «Париж құдай-ана соборы», «Тоқсан үшінші жыл»­ сияқты өте күрделі тари­хи туын­дылардың ту­ғанына таң­да­нуға да болмайды. Әрине, бұл үшін В.Гюгоның қоғамдық, мемлекеттік қайраткер болуы ең бірінші шарт емес, бірақ оның ма­ңыздылығын да ешкім теріске шығара алмайды. Сол сияқты, Қ.Мұханбетқалиұлы да, республика деңгейіндегі әдеби газет-журналдарда қаламгерлік мектептен өтіп, республикамыздың ең жоғары билік органдарында, белгілі бір деңгейде мемлекеттік те пікір қалыптастыратын, пікір­лерді таразылауға мейлінше сер­гек қарауға тиісті саяси ор­­та­да шыңдалған қаламгер. Сырым­ның шешендігін бірінші кезекке қоймай, оның әр диалогы мен монологында сөз бен ой қатар ұшқындап, қатарласа жар­қыл­дайтын ұлттық, мемлекеттік мүд­­дені қайраткерлік биіктен тол­ғауы Қажығалидың қоғамдық та, қаламгерлік те қайраткерлік біті­мін айқындай түседі. Жазушы – ұлтының ұяты десек, тап жаңа­ғыдай қасиет қашанда ауадай қа­жет. Сондықтан «Тоқсан үшінші жыл» әлем әдебиетінің алтын қо­ры­нан қалай нық орын алса, «Тар кезең» де қалың оқырманға сон­дай ыстық ықыласпен, сүйіспен­шілік­пен жол тартты-ау деп ойлаймын.

 

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ