Әдебиет • 22 Тамыз, 2019

Байсал тартқан балалар өлеңі

768 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Талантты қазақ ақындарының аудармасы арқылы өлеңдерімен жастай танысып, орыс балалар поэзиясын Корней Чуковский мен Самуил Маршактан бас­тап жүргенімізде, Ресей әдебиеті орыс балалар поэзиясын төрт ғасырлық тарихқа апарып тіреп, ел әдебиетінің мақтанышы етіп көрсетіп жатыр.

Байсал тартқан балалар өлеңі

Осындайда «қазақ әдебиетінде ба­лаларға арналған өлеңді бірінші болып кім жазды екен?» деген сұрақтың қылаң бер­гені бар. Бүгінде біз 5 жасында музыка жазып, концерт беретін, ағыл-тегіл өлең шығарып, математикалық күрделі есеп­терді шемішкеше шағатын, ересектер секілді елжіретіп ән салып, ауада қа­лықтап билейтін буынсыз балалар туралы жаңалықтарды көп естіп, көп білеміз. Бірақ бесіктен белі жаңа шыққан балаға кере­гі бұл емес, ең алдымен олардың ер­тегі тыңдап, өлең, жұмбақ, жаңылтпаш жат­тап өсуінің маңыздылығы туралы пси­хологтар да, ақындар да жиі ескертіп жа­тады. Себебі белгілі, өлеңде әуен, ырғақ, мағына бар, ендеше ол – тәрбие, тіл ұстарту құралы, бейсаналы түрде мә­де­ниет қалыптастыратын, әдемілікке бау­литын ауызша үйретілетін алғашқы «әріпсіз әліппе». Балабақша мен бастауыш сыныптардың ең көп пайдаланатыны – балаларға арналған өлеңдер, ендеше оның сапасы мен деңгейі төмен болса, тәр­бие де төмен болады деген сөз.

Таңдайы тақ-тақ етіп тақпақ айтып тұр­ған баланың өзі де, тілі де тәтті. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Баланың танымын, өзіне лайық әлемін, ой-санасын, тілін жетілдіруде ата-ана үшін төрт аяғын тең басып төгіліп түскен төрт шумақты тақпақтан асқан көмекші құрал жоқ.

Байқағанымыз, қазір балаларға арналып жазылған өлеңдердің көпшілігінің тілі ауыр, бір-біріне күштеп әкеп тіркеп, қол­дан құрастырған сөз қабылдауға тым қиын, сана елегіне салғанда жымдасып, жұ­тылып кететіндей жұтынып тұрған ой жоқ. Балалардың қылығына сай әзілмен, ойна­қы жазылған өлеңдерден гөрі, ба­йып­тылық басым. Салмақты кісіге ар­нал­ғандай тым салиқалы сөйлейді кей тақ­пақтар. Оқыған сайын қабағың жазылып жадырай түскеннің орнына күрделі ой­ды ойын баласы түсінбей қала ма деген қор­қынышпен түйіле түсіп тыңдайсың. Қазақ балалар поэзиясының көрнекті өкіл­дері Сапарғали Бегалин, Мұзафар Әлім­баев, Әдібай Табылдиев, Мүбәрак Жаман­балинов, Қастек Баянбаев, Сұлтан Қалиев, Қаржаубай Омаров, Өтепберген Ақыпбеков, Бейсебай Кірісбаев, Болат Үсенбаев, Балтабай Әділов сынды 1960 пен 80-жылдардың ішінде танылып, кіш­кентай балдырғандардың жүрегіне жол таба білген осы бір ақындардың шоғыры болмаса, кейінгі жылдары балалар ауылына ат басын бұрып, қатарын толық­тырып, қалам тартып жүрген ақын­дар некен-саяқ. Бір қуанарлығы, бұл мін­детті қазір балалар басылымдарында бал­дырғандармен тікелей жұмыс істейтін жур­налистердің өзі атқарып отыр. Ат төбеліндей азғантай автордың аты-жөнін Жазушылар одағының жылдық есеп беру баяндамасынан естіп қалатынымыз болмаса, олардың өзі де былайғы жұрттың ал­дына белсеніп шыға бермейді. Сол се­бепті балалар басылымдарында жүйелі жа­рияланып жүрген жүйріктердің шы­ғар­маларын оқып, көңіл қуантып жат­қандар сирек. Олардың өлеңдерінің жеке жинақ болып басылып шығуына жан­­­­­ашырлық танытып, шет тіліне аударылып, кереқарыс антологияға енуіне қам­қорлық көр­сетуге мүдделі мекемелер кері­сінше, жылы жауып қойып отырғаны өкінішті.

Поэзия патшалығын бағындыруға келе­тін ақын жоқ емес, ақын көп. Бі­рақ олар неге екені белгісіз, балалар тақы­рыбын місе тұтқан емес. Бүгінгі балалар әлі күнге дейін жоғарыда аталған ақын­дар­дың өлеңдерін оқып, жаттап ке­леді. «Бұрын балалар ақыны көп еді, қа­зір неге аз?» деген сауалды балалар ақын­дарының атасы Мұзафар Әлімбаевқа көзі тірісінде қойғанымызда: «Рас, бұрын балалар ақыны көп болатын. Неге? Мұның се­бебі былай. Балалар ақыны аз деген мә­селе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Ол заманда да аз еді. Бірақ балалар әде­биетін, соның ішінде балалар поэзиясын кө­теру мәселесі қойылды да, балалар ақы­нын ынталандыру, көтермелеу жағы қа­таң қолға алынды. Оған төленетін қа­ламақы ересектерге жазатын ақындарға қа­рағанда екі-үш есе көп төленетін болды. Міне, осы кезде бүкіл ақындар байсал­ды тақырыптарын бір шетке ысырып қойды да, жаппай балаларға арнап өлең жаза бастады. Қаламақының көп тө­ленгені соншалық, тіпті қалтамдағы бұрқыраған ақшаны санамайтынмын да» дегені бар-тын.

Мәселе қайда! Алайда кейбір ақын­дар болмаса, қазір сол ақындардың көпші­лігінің өлеңдері мазмұн жағынан ескірді. Танымы да бөлек, қызығы да басқа, сиқыр мен тамашаның бәрін технологиядан із­деген қазіргі баланың қуанышын, өзіне лайық рухани сұранысын қанағаттандыра ал­майды.

Балалар өлеңдерінде ескерілмей жүр­ген тағы бір жайт – өсіп келе жатқан бала­ның ұлтжанды болып жетілуіне өл­шеу­сіз көмегі тиетін, ұлттық танымның ір­гетасын қалайтын этнографиялық, фоль­клорлық ұғымдарды өлеңге пайдала­ну жағы ұмыт қалып барады. Мысалы, «Қуыр-қуыр, қуырмаш», бесік жыры, «бас бармақ, балан үйрек» деп бастала­тын қазақша санамақ секілді таза ұлт­тық танымнан тамырланып шыққан өлең­дер бүгінде жетіспейді-ақ. Балаларға ар­налған кез келген ұлттық дәстүр Наурыз, Тәуел­сіздік күні сияқты бірді-екілі мерекелерде театрландырылған көріністе өтеді. Бір күндік шабылыс, бір күндік шар­шау. Ал балалардың құлағына әбден сіңіп, күн сайын ой-санасында жаңғырып тұ­ратын, өлеңнің өрісін кеңейтетін нағыз бас­тау-бұлақ ретінде қарамайтындықтан, ақындар бұл ауылға аяқтарын аттап баспайды.

Бірталай жыл бұрын қалалық әкімдік мек­теп жасына дейінгі балаларға ар­нал­ған шығармаларға байқау жария­лады. Балаларға арналған дүниенің аз­дығын білгеннен, жоқтықтың салдары­нан жасалған қадам болатын бұл. Бал­дырғандарға күрделі ойдың керегі жоқ. Басты нәрсе – балаларға тақұл-тұқыл тіл үйрету, танымдық нәрсені білдіру. Тіп­ті жазушы Бердібек Соқпақбаев та әде­биеттегі жолын алғаш балаларға арнап өлең жазудан бастаған еді. Олардағы юмор қандай еді?! Балдырғандардың бо­йына юморды ерте бастан егу қажет. Осы юмор жетіспегендіктен де, жүректі ауырт­пайтын, жанын тырнамайтын әзіл-қалжың айта білмейтіндіктен де адамдар бір-біріне жауығып қарауды үдетіп келе жатқандай. Кінәсіз күлкі тұрған жерде зиянкестік бола ма? Кінәсіз күлкі адамға деген құрметті туғызады. Оқулық құрастырушылар да ең кішкентай оқырманға осындай өлең керегін ескере бермейді.

Шығармашылық жолын балалар әде­биетінен бастаса да, жүре келе ересектер тақырыбына ауысып кетіп жату себебі, қалам­герлерге дұрыс көңіл бөлінбеуден. «Тақ­пақшылар» деп қана қарайтын көз­қарастан арылып, көтермелеу жағын ұмыт қалдырмаса, өзінше бір шоғырдың қалып­тасуына еш кедергі жоқ. Балаларды ең алғаш адамгершілікке тәрбиелейтін нақ осы тақпақшылар арасында тиісті орындар тарапынан жыл сайын байқау жа­рияланып, қолдау көрсетіліп, демеу жасалып отырмаса, тақырып бойынша жырлатып, жарыстырмаса, бүгінгі бала­ның әлеміне еркін бойлай алатын жаңа есімдердің жарқырап шықпасы анық.

 

АЛМАТЫ