Аймақтар • 24 Тамыз, 2019

Үкімет басшысы Ақтөбеге сапары кезінде еңбек қатынастарын реттеуді тапсырды

318 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақтөбе еліміздегі жетекші өнеркәсіптік әрі өндірістік өңірлердің бірі.
Соңғы жылдары облыстың тұтастай ел өнеркәсібіндегі алатын орны мен
үлесі одан әрі өсе түскені де атап айтуға тұрарлықтай. Өнеркәсіптің аты
өнеркәсіп. Бұл ел экономикасын одан әрі дамытуға жаңа серпін бере алады.
Осы орайда экономикасының басым бағытын өнеркәсіп саласы құрайтын
әлеуеті мол аймақта бірінші жарты жылдықтың қорытындысында оның өсімі
105,1 пайызды құрауы да оң көрсеткіштің қатарына кірмек.

Үкімет басшысы Ақтөбеге сапары кезінде еңбек қатынастарын реттеуді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Ақтөбе облысына сапарының басты мақсаты өңірдегі өнеркәсіптік кластердің жәй-күйімен танысу екендігі де өнеркәсіптік нысандарды аралау барысында белгілі болды.Сапар кезінде Үкімет басшысына ең алдымен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының орындалу барысы таныстырылды.
Бұдан кейінгі кезекте А.Мамин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орталық және жергілікті атқару органдарына ел өңірлері экономикасын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасына байланысты өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметімен танысты.

Бұл бағытта Премьер-Министр облыс орталығындағы «КазХром» трансұлттық компаниясы АҚ Ақтөбе Ферроқорытпа зауытында болды. Әлемге танымал ірі кәсіпорынның брендке бергісіз басты өнімдері №4 цехта өндіріледі. Мұнда металды балқыту мен шығарудың мол тәжірибесі бар. Соның ішінде компанияда тот баспайтын болат шығаруға септігі мол сапалы хром рудасы өндіріледі. Мұнда қазіргі кезде 335 мың тонна өнім шығарылса, алдағы жылдары оның көлемі 440 мың тоннаға жеткізілмек. Бұл мөлшер кәсіпорынның толық қуатында жұмыс істеуіне көшуінің басты
көрінісі болмақ.

Цех өнімдерінің экспорттық ауқымы өте жоғары. Әсіресе, оған Жапония мен АҚШ секілді жоғары дамыған елдерден сұраныстардың мол түсуі отандық өнімнің бәсекеге қабілетті екенін айқын көрсетеді.
Сондай-ақ «КазХром» өндірісінің жүз пайыз қазақстандық үлеспен қамтылуы да екінің бірі жете алмай жүрген жетістік.
Үкімет басшысы трансұлттық компанияда еліміздегі өнеркәсіптік кәсіпорындар арасында қанатқақты жоба ретінде белгіленген «Халықтық бақылау» жүйесіне оң баға берді. Оның ерекшелігі-мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлерінде отырып-ақ бүгінгі ақпараттық технологияның көмегімен компаниядағы өндірістік үдерістерді бақылау ісіне қатыса алатындығы. №4 цехта жаңғырту жұмыстарының жүйелі жүргізілетіні, бұған қатысты арнайы тұрақты бағдарлама қабылданғаны Премьер-Министрдің
қанағаттанғандық сезімін туғызды.

Өндірістегі осындай өрелі өзгерістер Хромтау ауданындағы «Восход» кен орынындағы кен байыту кешенінде де айқын көрінді. Мұнда жылына бір миллион тонна руда өндіріледі. Үкімет басшысының назарына келесі кезекте 2019 жылдың басынан бері облыста өндірілген өнеркәсіптік өнімдердің көлемі 4,9 пайызға ұлғайғаны жөнінде
ақпарат берілді, соның ішінде хром рудасының көлемі 5,7 пайызға өскен.
Сомаға шаққанда өнімдер көлемі бір триллион теңгеге асырылған.
Облыстың шалғайдағы Байғанин және Мұғалжар аудандарында болған
кезінде Үкімет басшысы газ өңдеу кәсіпорындарының қызметімен танысты.
«Газ процессинг компани» және «СНПС-Ақтөбе мұнайгаз» АҚ-на қарасты
Жаңажол газ өндіру зауытына аяқ басқан кезінде Асқар Ұзақбайұлы мұндағы
техникалық жарақтандырылу мен модернизациялық жұмыстардың барысына
баса назар аударды. Сонымен бірге заманауи цифрлық жүйелер мен
шешімдерді енгізу жөнінде нақты ұсыныстар білдірді.
Жаңажол газ өңдеу зауыты аймағында Асқар Мамин мұнай-газ саласы
қызметкерлерімен кездесіп, олардың ой пікірлері мен ұсыныс-тілектеріне
құлақ түрді. Кәдімгі жұмыс бабындағы бас қосу түрінде өткізілген кездесуде
өңірде және тұтастай елімізде мұнай-газ саласында толғағы жеткен
мәселелер ортақ әңгіменің басты арқауына айналды. Мемлекеттік
органдардың басшылары мен кәсіподақтар жетекшілері де қатысқан жұмыс
бабындағы мәжілісте еңбек қатынастарын реттеу мәселелеріне баса назар
аударылды. Бұған қоса табыс деңгейін көтеру жөніндегі бастамаларды сол
күйінде қалдырмай оны нақты түрде жүзеге асыру тұтқалары талқыланды.
Бүгінде шетелдіктердің басқаруына берілген өнеркәсіптік
компанияларда қазақстандық мамандардың үлесін көбейту қажеттігі жиі
айтылады. Әйтсе де әлі күнге дейін оның нақты тетіктері белгіленбей келеді.
Үкімет басшысының мәлімдеуінше білікті кадрлерді әзірлеу ісіне мүлдем
тың жаңаша көзқарастар жүйесі қажет. Әсіресе, мұнай-газ өндірісі саласында
бұл істің бүгінгі ыңғайы мен орайын іздестіретін кез келді. Аталған сала қазіргі кезде өңірлік экономиканың он бес пайызын құрап отыр. Әрі оның шеңберіне отыз мыңнан астам қызметкерлер тартылған. Сондықтан да олардың еңбек жөніндегі құқықтарын қорғау, жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы еңбек қатынастарын реттеу Үкіметтің басты басымдықтарының бірі болып табылады,- деп атап көрсетті Асқар Мамин.
Үкімет басшысы Ақтөбе облысына сапары кезінде еңбек қатынастарын реттеу жөнінде бұған дейін қалыптасқан жүйеге тиісті түзетулер еңгізу қажеттігін алға тартты. Ең бастысы, бұл қабырғалы құжат қазіргі заманғы өндіріс тынысы мен ерекшелігін дөп басуға тиіс. Осы орайда бұл бағыттағы заңдық актілерге де өзгерістер мен өндіріс қажеттілігінен туындаған талдаулар енгізудің қажеттілігі де айқын көрінуде. Ең бастысы, қызметкердің жалақыны уақытында алу әрі оның қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етілу құқығы бұзылуына жол берілмеуі керек, - деді бұдан әрі Үкімет басшысы.
Премьер-Министр мұнай-газ саласын бұдан әрі өркендету үшін 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау жұмыстары бағдарламасын, осы шеңбердегі терең зерттеле қоймаған тұндырма бассейндерді қажетке жарату жұмыстарын шұғыл ширату қажеттігіне екпін түсірді. Сонымен бірге, Үкімет басшысының мәлімдеуінше, кен орындарындағы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және табиғи тепе-теңдікті сақтау, аталған саланың басы-қасында жүргендердің ұдайы назарында болуға тиіс.
Сонымен бірге Асқар Мамин өңірге сапары кезінде «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясы» шекарасы республикалық автомобиль жолы құрылысының жүру барысымен танысты. Оның ұзындығы - 319 шақырым.
Ақтөбе қаласының аумағы жылдан жылға кеңейіп келеді. Бұл жайт, өз кезегінде, автокөліктердің жаңа тасқыны мен легі пайда болуына әкеліп соқтыруда. Оның барлығы облыс орталығының ішкі жолдарымен жүретін болса, кептелістің көптігін сонда көрерсіз.
Сондықтан да өңірде болуы мүмкін осындай тығырықтың алдын алу үшін Ақтөбе қаласының батыс, солтүстік және оңтүстік бағыттарында айналма жолдар салынуда. Бұл жұмыстар 2011 жылы басталып алдыңғы аталған бағыттардағы айналма жолдар іске қосылған. Қазіргі кезде «Оңтүстік айналма» автомобиль жолының құрылысы жүргізілуде. Оның жалпы құны 11,6 миллиард теңге. Ұзындығы 35,3 шақырым жол қалпына келтірілген.
Бөлінген қаржының игерілу қарқыны жоғары. Әйтсе де аталған жолды толық аяқтау үшін 2,8 миллиард теңге қосымша қаражат қажет екендігі Премьер-Министрге баяндалды.
Үкімет басшысы өңірге сапары кезінде мұндағы тұрғын үй құрылысының жай-күйімен де танысты. Облыс орталығындағы «НұрАқтөбе» шағын ауданында жыл аяғына дейін тұруға өте ыңғайлы төрт қабаттан тұратын екі мың пәтер пайдалануға берілмек. Сонымен бірге А. Мамин «Көктас-Ақтөбе» АҚ құрылыс материалдарын шығаратын зауыттың қызметімен танысты. Әрі «Глобал Спецодежда» ЖШС-сында болып осы фабриканың негізінде өңірдегі «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен танысып оның әлеуетін одан әрі көтеру мен толыққанды пайдалану жөнінде жергілікті өндірісшілерге жаңа міндеттер жүктеді.

ҚР Премьер-Министріне сапар соңында ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобалар таныстырылды. Оның жарқын үлгілері «Ақтөбе ет кластері» ЖШС ет өңдеу комбинаты мен «Айс» ЖШС тауарлары сүт фермалары болып отыр.
Үкімет басшысы Асқар Мамин Ақтөбе облысындағы жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңірдегі өкілетті орындарға еңбек қатынастарын реттеу шараларын күшейтуді тапсырды.

АҚТӨБЕ