Аймақтар • 26 Тамыз, 2019

Шарын

898 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Табағаттың тылсым сырын ішіне бүккен күйі қызғылт каньон жардан төмен құлаған күйі ағатаңдап жатқан жалғыз аяқ жол арқылы өзіне жетелейді. Аңсар аудара қызықтырған қызғылт каньонды  географ мамандар кейде «Камалдар аңғары» деп те жазады. Содан ба, біз өзіндік ерекшелігіне қарай Қызғылт қамалдар аңғары дегенге ықылас таныттық.

Шарын

Әлемге әйгілі каньондар... осы сәт қиыр шеттегі  Колорадо есіңізге түсер. Сол Колорадоның айнымас бөлшегіндей жер шарының өзге жартысында  Шарын жатыр. Шын мәнінде Шарын аттары да табиғаттың тылсым сұлулығы ретінде өзіне қызығушыларды ынтықтырады. Өзгеше тылсым өрнегімен тамсантар Шарынның  қызғылт қамалдары  жұмбақ дүниенің есігін ашардай мен мұндалап аңсарыңды аудара береді.

Бұл өңірде асқақ таулардың керім келбеті көз қарықтырады. Аспан тепкен ақ бас шыңдардың сұлу суреті сырбаз кейіпте асқақтайды.Биікке өрмелеген жасыл шыршалар әдемілікке өзгеше әспет бергендей . Көкорай шалғынды жоталардың мұнарға бөккен кейпін айтыңыз.

Бұл өңірде сұлулық атаулыны  кәнігі шебердің ісмер қолымен кестелегендей иректеле  жылт-жылт еткен өзендер өрнегі тамсантады. Құдай- ау, сол өрнектің бір сабағы мың сан бұралып қарсы алдыңызда жатыр.

Шарын... Шарын тым тереңде, шақырайған күнге шағылыса жылтылдап ағады. Гүрілдеп, арқырай бастау алар тау өзені осы тұсқа келгенде  сілелей шаршаған дерсің, қаншама жылдар бойына шер қабатының қымтана жасырынған  құпиясын тырмалай  ашқан арынды ағыс сәл тыныс алғандай.Көз алдыңызда таңғажайып көркем көрініс тұрады.Биіктік пен тереңдік; мұзарт таулардың тәкаппар шырқау шыңдары өн бойын мақтаныш кернегендей маңғаз кейіп танытады; жүзін әжім торлағандай қатпар-қатпар жарқабақтан төмен құлаған аңғарлар мұңая ойға беріледі.

Шарын... қызғылт қамалдар аңғары... туған табиғаттың тосын кескіні кейінгі кезде жұртшылықты  өзгешелігімен баурай берді. Қанша күш салсақта қолмен қиюластыруға келмейтін  бөлектеу сурет еліктіре түседі.

Қызғылт қамалдар аңғары сан жылдардың өтінде  тау жыныстары түрлі үлгідегі мүсіндердің ғажайып көрінісін қашап жасағантай алдынызға тартады, Бірі өзіндік тау келбетін көз алдыңызға екелсе, екіншісі ғайыптан пайда болған жұмбақ мұнараны елестетеді.Биік жартасқа сәл кідіре қарасаңыз зәулім ғимараттың кіре беріс табалдырығында тұрғандай  сезінесіз, Бір сәт өзіңіздің мыңжылдықтар әлемінде ерке желдің, ағын судың, дүмпу күштің әр алуан тербелістердің сәулеткершілігімен бетпе-бет келіп тұрғаныңызды сезінбейсіз. Қайта құпияны өн бойына жасырғандай мүлгіген зау тұлғалы бағандарды, керім күмбездерді құздарды, жарқабағы айқұш-ұйқұш діңгектерді қызықтай елітіп, ертегілер еліне енген күйі қиялға беріле өзге дүниенің  бәрін ұмытар едіңіз.

Қызықты қараңыз, «каньон» сөзі испан тілінде «құбыр» дегенді білдіреді екен. Ғалымдардың дерегіне назар салсаңыз, каньондардың пайда болуы қүрғақ қырақтардың өз арнасын дамылсыз кеңейткен өзен суларының әсерінен деп түсіндіреді. Ал, Қамалдар аңғары адам өрмелеп шыға алмас құзды жартас пен сазды құмшауыт тау арқылы өтетін Шарын өзеніне қиылыса жатқан құрғақ сай. Қызғылт каньонның ұзындығы үш шақырымға жуық, ені 20 метрден 130 метр аралығында болып келеді.Тереңдігі 100 метрге жуықтайды. Солтүстік Америкадағы Колорадо өзенінің Үлкен  каньонымен табиғаты бір, ландшафтық әспеті ұқсас болуы аты айтып тұрғандай әспеті де бір болатын. Сондықтан да шалғайдағы Шарын шағын болса көріністері тым ұқсастығы  талайды тамсандырады.Содан да шығар, Орта Азияның  беймәлімдеу бір нүктесіне орыс саяхатшылары Н. Северцев, А. Красновтарға ат басын бұрғызды. Дала төсіндегі таңғажайып әлем – Шарын оларды бей-жай қалдырған жоқ. Қияндағы Қашқарға сапарлап бара жатқан Шоқан Уәлиханов та табиғаты көркем өңірге ерекше ықылас танытып, ерекше түске боялып тұрған қызғылт каньонға еріксіз ойға  шома қарап, назар аударған да шығар-ау. Себебі дерсіз, табиғаттың өзі жылдар бойына әспеттей салған жердің бүкіл қабатының тылсым сыры ойлантпай қоймас.Жарқабақтың сансыз қабаттың алуан бояуы тас шежіренің беттеріндей сыр ақтарады.Қамалдар аңғарындағы  кесек мүсіндердің қайталанбас кескіндері де қиялға жетелейді.Дәл жаныңыздан алып аждаһадай төніп тұрған құзды көріңіз. Аз ғана уақытқа кідірсеңіз бас салардай кейпі қорқынышты. Тек сандаған топырақ  қабаттарынан тұратын ескерткіш сұлба екенін сезгенде барып, ілгері адымдайсыз. Сол кезде арыстандар сайы алдыңыздан шығады. Құздар ертегідей,биіктен алысқа көз тастаған үлкен арыстанның алдымен бос мүсінін айырасыз,сосын жалбыраған жалы айқындалады, жуан мойны болып қоңырқай тартқан сазқабат көрініс береді. Алға жүрген сайын ғажайып әлем өз құпиясын аша түсердей. Киіз үй аңғарына өткенде ауылга келгендей тыныс аласыз.Күмбезделген биік төбе ме десеңіз, сәл өтіп барып айнала бере бағамдайсыз,ағараңдапкөзге ыстық көрінер киіз үй. Топырақ қабаттарынанбіреу қанша уақытын шығындап, әдейі қашағандай. Түңлігі сәл ғана ашылғандай шаңырақ, уық пен керегегің ұштасқан тұсындағы қара белдеулі ақ шаңқан киіз үй өзіне көпке дейінжанарыңызды еріксіз аудартады. Ал мына діңгек ұстын тас салынған қапшықты елестетеді. Жарқабақтың басынан жүз метрдей тереңдіктегі жалғыз аяқ жолмен қиялға елітіп, өзіңізден-өзініз күмбірлей алға адымдайсыз.Өйткені, құжыр-құжыр қабырғалы Шарын жеткізер жұмбаққа толы сыр жетелей түседі.

Шарын каньонының пайда болуы жөнінде жөнінде түрлі болжам айтылады. Кейбір зерттеушілер бұл өңір көне Азияның орталығында Алакөл жағасынан бүгінгі Қытай аумағын алып жатқан теңіздің таяз сулы шығанағы деген жорамалын ұсынады. Тастай қатқанжасыл түстес саз қабаттан табылған теңіз жәндіктерінің бізге жеткен қаңқаарынан білетініміз бір кездері теңіздің түбінде тіршілік үшін өзді-өзі арпалысып қиямет кешкенін, салқын судың табанында бірімен-бірі арбасып, ал дем таусылғанда ұйыса тас болып қалатынын сезбеген де шығар. Уақыт шіркін ештеңені кешірмейді, жағаға теңіздің ізімен шығанақ та ғайып болды. Бәлкім тартылған шығанақ орнында көл пайда болып, күндердің күнінде Торайғыр бөгеті бұзылып, бәрін ағызып ала жөнелді. Әйтпесе мынау сұп-сұр  жарқабақ ол жөнінде сыр айтпайды, тек сазды қабатта қатып қалған теңіз жәндіктенінің қаңқаларынан ұққандайсыз. Бұл жөнінде профессор Павел Мариковский былай деп ой түйіндейді: «Бағзы заманда заманда, үштік кезеңде, 25 миллион жылға жуық бұрын, жер бетінде адамзат  жаратылмай тұрып, ауқымды да ыстық шөл  орнында үлкен көл толқып жатты. Ол қоршап жатқан тауды жеміре табанына күшті саз қабатын ұсақ  қиыршық тастармен араластыра жинады. Сосын ауа райы өзгерді, көл құрғады, ал табанын су шайып отырды. Тіршілік жалаңаш әрі өте таңсықтау, сазды өңір пайда болды».

Бұл өңірде алып таулардың керім келбетікөз қарықтырады. Ақ бас шыңдардың сұлу суреті сырбаз кейіпте асқақтайды. Биікке ұмтылған жасыл шыршалар әдемілікке өзгеше әспет бергендей. Көкорай шалғынды Қызғылт камалдар аңғары  таңғажайып сымбатымен өзіне еліктіре түседі. Жер жарықтықтың мың сан бояуыменмың сан бояуымен көз алдыңда құлпырады. Шіркін, Шарын!    

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Eqemen Qazaqstan»

 Алматы облысы