Руханият • 26 Тамыз, 2019

Абай өлеңдеріне 130 жыл

659 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Хакім Абайдың қазіргі күнтізбеге сәйкес, яғни 23 тамыз – туған күні  қарсаңында Ұлттық академиялық кітапхана Абай поэзиясының 130 жылдығына арналған дөңгелек үстел өткізді.  

Абай өлеңдеріне 130 жыл

Биыл Абайдың 1889 жылы жазған өлеңдеріне 130 жыл толады. Осы датаның аясында өткізілген әдеби жиынның модераторы, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызының сөзіне сүйенсек, 130 жыл бұрын Абайдың 10 өлеңі көпшілікке өз атынан тараған. «Биыл Абайдың 10 өлеңіне 130 жыл толады. Атап айтсақ, «Есіңде бар ма жас күнің», «Жүрегім менің қырық жамау», «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы», «Күшік асырап ит еттім», «Сүйсіне алмадым, сүймедім», «Дүтбайға», «Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен» өлеңдері мен М.Лермонтовтан аударған «Жалау», «Жартас», «Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы» сияқты туындылары жарық көрген», дейді ғалым.

Айтулы шараға абайтанушы Мекемтас Мырзахметов, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, қоғам қайраткері Ғарифолла Есім, Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, абайтанушы, профессор Әбдіжәлел Бәкір, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов, ақын Сағымбай Жұмағұлов бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған ғалым Мекемтас Мырзахметов: «Абайды жаттау бар да, түсіну бар. Жаттаудан алдымызға жан салмай жүрсек те, көбінесе түсінбей қаламыз. Оның себебі көп. Абайдың рухани әлемі мен пәлсапалық лирикасына Еуропа да, Шығыс та жете алмаған. Қазір әлемдік дүниетаным өзгерді. Абайдан қалған «Толық адам ілімі» дейтін ұлы мұра бар. Қазір осы ілім Қазақстандағы 8 университетте оқытылып жатыр. Соның монографиясын жазып бітірдім. Түбі бұл ілімді бүкіл әлем зерттеп, оқитын болады. Себебі ондай терең ілім Еуропада да, мына іргедегі Қытайда да жоқ», деді абайтанушы.

 #Abai175 челленджіне үн қосып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа поэзия эстафетасын ұсынған  Ләйлім-Шырақ Ерланқызы да дөңгелек үстелге қатысып, ұлы ақынның өлеңін мәнерлеп оқыды.