Әлем • 26 Тамыз, 2019

Барселонада бұзақылар көбейген

182 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Сыртқы істер министрлігі Барселонада қылмыс көбейгені туралы ескертті деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Барселонада бұзақылар көбейген

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

«Каталония орталығында ұрлық пен тонау жиілеп кеткеніне назар аударамыз. Бірнеше күн бұрын Каталония полициясы Барселонаның туристік аймақтарында қылмыстың өскені туралы мәлімдеме жасады. Полицияның мәліметінше, тек Барселона көшелерінде осы жылы 5 331 тонау әрекеті жасалған. Барселонадағы ҚР Консулдығының мәліметінше, 2019 жылдың алғашқы жарты жылында зардап шеккен азаматтар саны екі есеге артты» деді Айбек Смадияров министрлікте өткен брифингте.

2019 жылдың бір ғана шілде айында Қазақстанға қайтып оралуға 24 төлқұжат берілген.

«Көптеген адам төлқұжаттан және Шенген визасымен саяхатты жалғастыру мүмкіндігінен айырылуда, сонымен қатар, олар жеке заттарын, ақшалай қаражаты мен басқа материалдық құнды бұйымдарын жоғалтады. Осыған байланысты Барселонада құжаттарыңыз бен заттарыңызға сақ болуларыңызды сұраймыз. Елге ұшып кетер алдында құжат ұрланғанын немесе құжаттарды қалпына келтіру фактісін растайтын хаттама алуды және оқиға болған жағдайда жақын маңдағы полиция учаскесіне жүгінуге кеңес береміз» деді СІМ ресми өкілі.