09 Ақпан, 2013

Ауыл ахуалы әлі де алаңдатады

296 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Ауыл ахуалы әлі де алаңдатады

Сенбі, 9 ақпан 2013 7:10

«Қарқын» ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран БҰҚАНОВПЕН әңгіме

– Сайран Бәлкенұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл аяғында Қазақстан халқына жолдаған Жолдауының басты маңызы неде?
– Тарих қойнауына кеткен жылдың ауырлығымен қатар еліміз үшін үлкен өзгерістері мен жаңалықтары да болды. Мысалы, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын мен жылдың тарихи жаңалығына қосар едім. Өзің айтып отырған Жолдаудың маңызы да осында. Бұл құжат жаңа серпіліс бергендей болды. «Қазақстан-2030» стратегия­сында айтылған мақсаттардың орындалғаны тұрмысымыздың жақсарғанынан да көзге көрініп отыр.

Сенбі, 9 ақпан 2013 7:10

«Қарқын» ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран БҰҚАНОВПЕН әңгіме


– Сайран Бәлкенұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл аяғында Қазақстан халқына жолдаған Жолдауының басты маңызы неде?
– Тарих қойнауына кеткен жылдың ауырлығымен қатар еліміз үшін үлкен өзгерістері мен жаңалықтары да болды. Мысалы, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын мен жылдың тарихи жаңалығына қосар едім. Өзің айтып отырған Жолдаудың маңызы да осында. Бұл құжат жаңа серпіліс бергендей болды. «Қазақстан-2030» стратегия­сында айтылған мақсаттардың орындалғаны тұрмысымыздың жақсарғанынан да көзге көрініп отыр.

– Ауыл шаруашылығындағы жақсы өзгерістер ең алдымен неден бай­қалады?
– Өткен ғасырдың соңына қа­рай, 90-шы жылдары ауыл ша­руашылығының құлдыраған кезіндегі қиыншылықты, дағ­да­рысты бастан кешіргендіктен, бүгінгі дамыған деңгейіміз маған қатты білінеді. Жақсы өзгерістер ең алдымен жаңарған техника паркінен көрінеді. Техникасыз даму жоқ. Қазір шаруашылықта Кеңес Одағынан қалған «жәдігер» «К-700» тракторы ғана дер едім. Бүгінде мен басқаратын «Қарқын» ЖШС-ның егіс даласында Канададан алдырылған жоғары өнімді «Борго» кешенді техникалары, немістің «Клаасс», Ресейдің дән себетін «Акрос» комбайндары, америкалық «Мак Дон» орағыштары, дән шашатын аргентиналық «Фавот», «Омбу» жиынтықтары және көптеген жаңа техника түрлері қолданысқа енгізілді. Бір шаруашылықтағы ғана техника қуаты, міне, осындай.
Қазір адамдардың жер­ді кү­­туге деген жаңа көзқа­расы­ның қалыптасуы ауыл шаруа­шы­лы­ғындағы жақсы өзгерістердің дің­гегіне айналды. Бұрын Мичурин айтқан «табиғаттың бермесін тартып аламыз» деген желеумен жұмыс істедік. Көтерем сиырдың емшегін тартқылағандай, жерді күтпей, оны дамылдатпай жыл сайын миллиондаған гектарға егін ектік. Тың жерлерді көтерудің тарихында астықтың жиналмай қардың астында қалған талай мысалы кездеседі. Осының барлығы да қазір түбірімен өзгерді. Өзін сыйлайтын диқан жерге жанашырлықпен қарайды, оны бет алдына жыртпайды. Ылғал сақтау технологиясы сияқты озық тәжірибелерді пайдаланғандар қуаңшылық жылдары да кеусен алады. Мысалы, біздің шаруашылықта ылғал сақтау технологиясын пайдалану барысында былтырғы қуаңшылық жылдың өзінде алынған өнім мөлшері мен сапасы жоғары болды. Бидайдың әр гектарынан – 10, зығырдан – 12, рапстан – 8, күнбағыстан 8 центнерден өнім жинадық. Бұл – мен басқарып отырған ұжым бірлігінің, еңбегінің көрсеткіші. Соңғы жылдары тек егінмен қалмай, мал шаруашылығын дамыту керектігіне көз жеткіздік. Өйткені, мал шаруашылығы ауыл адамдарына жыл бойы жұмыс болады. Біз малдың асыл тұқымын «алыстан арбаламай-ақ, жақыннан дорбалап» көбейтуді мақсат тұтып отырмыз. Ірі қараның жергілікті Әулиекөл асыл тұқымды түрін бағуды қолға алдық. Арқаның суығына төзімді, ақ мәрмәр етті аударатын малдың санын жыл сайын көбейтіп келеміз, одан түсетін пайда да жоғары.
Біздің облыста ауыл ша­руа­шылығы үшін бидай өсіру басымдыққа ие. Ал бүгін бидайды өсіріп, жинау аздық етеді. Оны сақтауды, ұқсатуды дамытқанда ғана табыс көзі тұрақты болмақ. Осы мақсатпен бидайды сақтайтын және құрғататын нысан үшін құны 200 миллион теңге болатын инвестициялық жобаны қолға алдық. Қазір ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау жақсы. Астық, майлы дақылдар өсіруге субсидиялар беріледі. Президент Н. Назарбаев біздің облысқа іссапармен келген сайын ауылшаруашылық тауарларын өндірушілермен кездесіп, тек астық қана емес, сұранысқа ие майлы дақылдар түрлерін өндіруді тапсырады. Осы бағытта майлы дақылдардан алынатын өнім мөлшерін жоғарылатуды алға қойдық, оны өсіру мәдениетін игердік.
– Өзіңіз айтып отырғандай, ауыл шаруашылығында жақсы істер баршылық. Бірақ ауылдың әлеуметтік тұрмысы көңілдегідей ме?
– Бұл менің жанымды ауыртатын сауал. Мен өмірімді ауылда өткізіп келе жатқан және өз табыстарымды да ауыл шаруа­шы­лығымен байланыстыратын адаммын. Сондықтан ауылдың әлеуметтік мәселесі мен үшін өте маңызды. Елбасы жаңа стратегиясында ауыл шаруашылығы дамуының тек қазақстандық қана емес, әлемдік маңызы бар екеніне тоқталды. Оған жаңа мақсаттар қойды. «Біз қазірдің өзінде астық дақылдарын аса ірі экспорттаушылар қатарына ендік. Бізде аса ірі экологиялық таза аумақтар бар және экологиялық таза тағам өнімдерін шығара аламыз. Ауыл шаруашылығы өнеркәсібінде сапалы секіріс жасау толықтай қолымыздағы нәрсе. Бұл үшін бізге жаңа тұрпаттағы мемлекеттік ой-сана қажет болады», деді. Міне, «Қазақстан-2050» Стратегиясында ауыл шаруашылығына жүктелер міндет көп. Ал мемлекеттік қан­дай бағдарлама болсын адам ең­бе­гімен жүзеге асады. Ауыл шаруашылығында да солай емес пе? Еңбек адамына алдымен жақсы жағдай туғызу қажет. Сол тұрғыдан қарағанда ауылдың бүгін­гі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсартуды, тіпті басқа тұрпатта қарауды талап етеді.
– Оны неден бастау керек?
– Бұл сұрағыңа сәл шегініспен жауап берейін. Мен Меңдіғара ауданына институтты бітірген жылдары келдім. Көп жылдар бойы «Харьков» кеңшарын басқардым. Осы аттас ауылдың суығына тоңып, ыстығына күйіп дегендей, бірге жасап келемін. Уақыт өзгерістерінің барлығын ауылдастарыммен бірге қарсы алып, қиындықтарды бірге жеңдік. Қарап отырсам, 90-шы жылдарғы өзгерістерден бері ауылда көп іс тындырылды. Қазір елді мекендердің көбінде мектеп, балабақша, мәдениет үйі, фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Осыдан екі жыл бұрын республика бойынша елді мекендердің арасында ең бірінші рет біздің Харьков ауылында жоғары жылдамдықты интернет жүйесі іске қосылды. Ауылда байланыс жүйесі, су құ­быры салынған, жолды да жөндеп қойдық. Ауыл адамдары егін және мал шаруашылығында жұмыс істейді, әр отбасының қорасы малсыз емес. Ол да күнкөріс көзіне айналған. Ауылдастарды жыл сайын отын-суымен және малының жем-шөбімен қамтамасыз етеміз.
Адамға ең қажеті баспана екені анық. Жасыратын не бар, бүгінде осыдан ең кемі отыз-қырық жыл бұрын сабаннан, қамыстан салынған үйлердің тозығы жеткен. Міне, осыдан бастау керек. Кейінгі салынған бірлі-жарым үйлер ауылдың тұтас бейнесін бере алмайды. Қазір шаруашылықтың өз қаржысына жас мамандар үшін жылына бір-екі үй саламыз. Бұл да бар мәселені шешіп тастамайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңартылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласындағы «жаңғырту» деген ұғымда көп ма­ғына жатыр. Ауылды да әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жаңғырту керек. Ауылды газдандырудың мемлекеттік бағдарламасын жаса­ғанда ғана бүгінгі ауылды адам танымастай өзгертеміз деп ойлаймын. Елді мекендерді газдандырмай, ауылдың әйелі пеш жағудан азат болмай әлеуметтік мәселе түпкілікті шешімін таппайды.
– Бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі ауылда қаншалықты тиім­ді болып отыр?
– Әлеуметтік жауапкершілік дұрыс нәрсе. Бизнестегі азаматтар ауылда мектептерді жөндеп, балабақшалар ашып жатыр. Әлеуметтік саланың басқа да кем-кетігіне көмек береді. Бірақ ауыл шаруашылығындағы кәсіпорындар ауылдың бүкіл проблемаларын шешуге дәрменсіз. Әлгі мен айтқан ауылды газдандыру, тұрғын үйлер салу мемлекеттік бағдарлама арқылы ғана шешімін табады.
– Өткен жылдың аяғында А.Бай­тұрсынов атындағы Қос­­танай мемлекеттік уни­­вер­си­тетінде өткен қам­қор­­шылар мен түлек­тер фору­мында сіз жастарды қиын­дық­тан қашпауға, ауылда тұ­ру­ға шақырдыңыз. Ал оқу­ды бітір­ген түлектер көбінесе қа­ладан шыққысы келмейді. Жас­тардың ауылды өгейсімеуі үшін не істер едіңіз?

– Біздің шаруашылық оқу­ды биыл бітіріп келетін жас ма­мандарға арнап екі үй салып жатыр. Біздің ауылда ауылдастардың бос уақытын өткізуіне арналған дискозал, клуб, кітапхана – барлығы бар. Бірақ жастарға бар керегі осы­лар ғана ма? Олар да елдің бола­шағын кеңірек ойлауы қажет. Өйт­кені елдің болашағы – жас­тар. Мен оларға «қиындық бар, шы­даңдар, төтеп беріңдер, ауылды өздерің көркейтіңдер», дедім. Біз де, біздің алдымыздағы ұрпақ та ауылда туып, ауылда өстік. Ештеңеден құр қалған жоқпыз. Ал бүгінгі жастар одан неге қашуы керек? Қиындықсыз не бар? Елдік, отаншылдық сезім де болуы қажет емес пе?
Президент «Қазақстан-2050» Стратегиясында ауыл шаруашы­лы­ғын дамыту туралы келе­лі мақсаттар қойған. «Біз эколо­гия­лылыққа баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құруға тиіспіз. Нәтижесінде мен агроөнеркәсіптік кешеннің алдына – экологиялық таза өндіріс саласындағы жаһандық ойыншы болу міндетін қоямын», деді. Бұл өте үлкен ауқымды істерді қамтиды. Ал бүгіннің өзінде ауыл шаруашылығы түрлі маман­дықтарға, жұмысшы кадрларына зәру. Мысалы, ауыл­да токарь, электрші, ағаш ұстасы мамандарын табу оңай емес. Мектеп бітіргендер бірден жоғары оқу орындарына, колледждерге ұмтылады. Олар үшін мұндай мамандық алу қорлықпен бірдей. Екіншіден, токарь болу екінің бірінің қолынан келмейді. Оған зергерге біткен қабілет керек. Жастардың барлығы қалаға тығылса, ауыл шаруашылығындағы осындай келелі істерді кім атқар­мақ? Қазір ойлы, сауатты жас­тар ауыл шаруашылығында шығар­машылық деңгейде қызмет етуге болады. Өйткені ізденген, тал­пынған жастың бастамасына ешкім көлденең тұрмайды, мемлекет тарапынан қолдау бар.
Ауылдық жерді жаңғырту газ жүргізу арқылы ғана іске асады деген пікірімді тағы қайталағым келіп отыр. Газдандырусыз жаңғырту үдерісі іске аспайды, елдің әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайы да тиісті деңгейге көтерілмейді. Қа­зір ауылдың демографиясы да тө­мендеп кетті. Мектепте оқитын балалардың саны да тым аз. Білім беру саласының мамандары шағын жинақталған мектеп туралы дабыл қағып жатады. Ауылға сәулетті мектептерді салып қойдық, ішінде бүкіл жағдай бар. Бірақ көптеген шағын жинақты мектептердің әр сыныбындағы баланың саны онға жетпейді, кейбір сыныптарда 2-3 бала отырады. Жастар шаңырақ көтермесе, дүниеге бала келмесе ауылдың қазығы қайдан мықты болсын? Нәрестелерге төленетін төлемақы мөлшері төмен. Бұл төлемақы мөлшерін жоғарылатып, оны 18 жасқа дейін төлеген дұрыс болар еді. Нәрестелерге төленетін төлемақы мөлшері 500 мың теңгеге дейін жоғарылатылса, дүниеге келетін сәби саны көбейетіні анық. Қазақстанның жері ұлан-ғайыр кең, бірақ адам саны аз. Ол бүгіннің өзінде білініп отыр.
– Жыл сайын облыс картасынан бірнеше ауыл сызылып тасталады…
– Ол рас. Мен Астанада үлкен лауазымдағы бір қызметкермен әңгімелестім. Ауылдың жағдайын айттым. Бірақ екеуміздің пікіріміз екі айырылды. Ол: «Батыстан үлгі алуымыз керек», дейді. Батыстағы мемлекеттер халқының 3 пайызы қалған 97 пайызын асырайды. Ал бізде халықтың тең жартысына жуығы ауылда тұрады. Әлгі замандасымның айтуынша, бұл көп көрінеді. Оның еркіне салса, халық қалаға көше берсін, ал ауыл тұрғындарының санын азайту керек. Мен мұны ұлттық бейнеуі жоқ нағыз «технократтың» ойы дер едім. Батыстың жақсысынан үйренуге болар, бірақ көшіруге болмайды.
Біздің жерді де, халықтың ұлт­тық менталитетін де батыстың елдерімен салыстырып керегі жоқ. Бір Германияның жері Қостанай облысының аумағынан кіші болмаса үлкен емес. Олардағы фермерлер қаладағы үйінен шаруашылығына жеткенше зор дегенде жарты сағат жұмсар. Ал еліміздің өзге шалғайын айтпай-ақ, өзім әр талын, әр сайын бес саусақтай білетін Қостанай облысында қалалық болып отырып, даладан егін егіп, мал бағу мүмкін емес. Қостанай қаласынан облыстың шалғай аудандарына жүрдек машинамен кемінде 5 сағат жүресің. Тәңірім берген, аталарымыздың қаны сіңген, сүйегі жатқан осынша кең жердің қадірін білу керек және оны бос тастауға болмайды. Халқымыз аз, бос жер – көздің құрты. Осы кең далада аталарымыз малмен күн көрді. Қазір Қазақстан өндірісті елге айналды. Рас, бидай, астық – біздің брендіміз. Алайда, аталарымыздың құрығын лақтырып тастаған да болмас. Өйткені, ет өндіру керек, ол да дамудың бір кепілі екені анық.
Қазақтың тілін шұрайлы еткен, дәстүрін қалыптастырған, даналығы тәнті еткен даладан қалай баз кешеміз? Елді дамытудың бар кепілі халықтың қалада тұруы ғана ма? Даламызға дұрыс қарамай эко­логиялық таза азық-түлік қайдан бо­лады? Сол Батысты тықсырып ке­ле жатқан дағдарыстың өзі азық-түлік мәселесін шешуді талап етіп отырған жоқ па?
Әрине, мен өткен ғасырдың екін­ші жартысындағы ауылды сол күйінше қайта қалпына келтірейік деген ойдан аулақпын. Ол көрініс те тарих қойнауына кетті. Қазір мемлекеттік бағдарламалар арқылы агроқалашықтар жасау керек. Өзіміз ауылдан шықпай, шаруашылық ұйымдастырып жүргендіктен оған көзіміз де жетіп келеді. Ол үшін бүгінгі болашағы бар деген ірі ауылдардың орталығын сақтап қалу керек. Сонда бұрынғы кеңшарлар бөлімшесі болған шағын ауылдардағы 40-50 бала оқитын мектептердің де саны азая­ды. Үлкен ауылдардағы мектептер толыққанды білім ошағына айналады. Ал малы, егіні үшін отырған шағын ауылдардың балаларын мектепке автобуспен тасу керек немесе интернаттарды қалпына келтіру де теріс болмас еді. Толыққанды мектептен бала да сапалы білім алады. Батыс елдерінде осындай тәжірибе бар. Бәрінен бұрын мектеп оқушыларының сапалы, тиянақты білім ала алмауы менің жаныма батады. Қазір қала мектептеріне бала сыймайтын, ауыл мектептеріне бала жетпейтін көрініске тап болдық. Мұның екеуі де сапалы білім беруге кедергі келтірері анық.
Қазір ауылымызда жастар түгілі баяғы қарттарымыз да сирексіді. Өйткені кемпір-шалдың көпшілігі қыста жылы жер іздеп, қаладағы балаларының бір-екі бөлмелі үйіне кетіп қалады. От жақпайтын, үйлері қолайлы, көркем ауылдан кім кетер еді? Агроқалашықтардың инфрақұрылымын жақсартса, оған жас маман да, жастар да, үлкендер де келеді. Ауылдың бұрынғы мәнін осылай сақтаймыз. Біз Батыс емеспіз, қазаққа дастарқаны жиылмайтын, ұлттың рухани байлығын аздырмайтын ауыл керек!
Әңгімелескен Нәзира Жәрімбетова,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы.