Атыраулық суретші Әділқайыр Жантасов биылғы жазғы демалысын Кипрдің Никосия қаласында өткізді. Сол елдің атақты бизнесмені Суат Ирфан Гюнселдің шақыруымен түркі тілдес елдердің суретшілері осы шаһарға жиналған. Қазақстаннан барған он қылқалам шеберінің арасында ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының оқытушысы Әділқайыр Жантасов та бар.
- Суат Ирфан өткен жылы қазіргі заманғы өнер музейінің іргетасын қалаған болатын. Қазір құрылыс жүріп жатыр. Алты қабатты үлкен нысанда 14 зал болады. Оған 20 миллиондай сурет жиналу керек. Осы мақсатта бірнеше мемлекеттердің суретшілері бас қосып, еңбек еттік. Біздің барлық жағдайымыз жасалды,-дейді Ә.Жантасов.
Музейге атыраулық суретшінің үш туындысы таңдалып алынған. Оның бірі – «Көкпар». «Төртінші күні шеберханамызға Суат би келді. Жұмысыма ұзақ қарап тұрды, «Нағыз музейдің төрінде тұратын туынды екен», -деді. «Бұл картинаның тақырыбы-көкпар»,-деп едім, «Түсіндім» деп басын изеді. Одан бөлек «Бақталас» пен «Толағайды» таңдап алды. «Толағайды» 2013 жылы салғанмын, алдын ала суретін жіберіп едім. Музейге алатынын айтты. Бір қызығы, осы картинадағы тау көрінісі Кипрдегі «Бешбармақ» тауын еске түсіреді. Оны аталған тауды өз көзіммен көргенде аңғарып, таң қалдым», - дейді суретші.
Шығармашылық иелерінде болашақты туындылары арқылы болжау болып тұрады. Қиялы ұшқыр суретші Әділқайыр да осындай оқиғалар жиі кездесетінін айтады. Бірнеше жыл бұрын қағазға түсірген туындыларындағы бейнелермен Жерорта теңізінің жағалауында «кездесіп» қайтқан қылқалам шеберінің қазір нағыз шабытты шағы. «Алдағы жылы да Кипрге шақырту алдым. Оған дейін дайындалып, ойымда жүрген дүниелерді реттеуім керек. Келер жазда Кипрде жеке шығармашылық көрмем өтеді», - деп қуанышты жаңалығымен бөлісті.
Жердің бір бұрышындағы өнер ордасында қазақтың «Көкпары», қазақ суретшісінің қолтаңбасы тұрғаны қандай жақсы!
АТЫРАУ