Экономика • 28 Тамыз, 2019

Шетел валютасына сұраныс неге күшейді?

757 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қарапайым тұрғындар басы артық қаржысының үштен бірін мемлекеттің инвестициялық әлеуетіне жұмсамай, қалтасында сақтайтыны бұған дейін де жаңалық емес еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ұлттық банктің экс-төрағаларының бірі «қазақстандықтар 4 трлн теңгені үйінде сақтап отыр» деген болатын.

Шетел валютасына сұраныс неге күшейді?

Содан бері бұл жаңалық ресми және бейресми БАҚ үшін тренд тақырыптардың біріне айналып, халықтың шетел валютасына деген сұранысына қарап, қалтасындағы қар­жы­­сының мөлшерін бағамдайтын болды. Маусым айында еліміздегі валюта айырбастау пункттері арқылы 1 млрд АҚШ доллары сатылып, бұл көр­сеткіш рекорд орнатты. Аталған сома өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тыр­ғанда 5 есе көп екен.

Осы деректі жариялаған Ranking.kz сараптамалық орталығының назарынан қай қалада қанша АҚШ доллары сатылғаны да тыс қалмаған: Ше­тел валютасының басым көпшілігін Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қала­ларының тұрғындары сатып алыпты. Сарапшылар осы ретте Қазақ­стан­дағы үш мегаполис тұр­ғын­дарының шетел валютасына деген ықыласының кенеттен көтеріліп кетуіне назар аударып отыр. 2016, 2017, 2018 жылдары көктем мен жаз маусымында шетел валю­тасын көбірек сатып алғандар осы қалалардың тұрғындары болған. Жағ­дай биыл төртінші рет қайталанып отыр. Жуырда журналистердің басын қосып, істің мән-жайын түсіндірген Қазақ­стандағы айырбас пункттері қауым­дастығының президенті Аршын Ға­лым­баев бұл фактор артық әңгімеге себеп болмауы керектігін айтты. Дәл қа­зір халықтың шетел валютасына деген қызығушылығының күрт өсіп кет­кені рас. А.Ғалымбаев айтқа­н­дай, маусым – демалыс айы, халық күн­көрісінен артылған қаржыға шетел валютасын сатып алып, шетелге де­ма­луға кетеді. Соңғы уақытта АҚШ дол­­ларының теңгеге шаққандағы құ­ны­­­ның өсуіне сыртқы емес, ішкі фак­тордың ықпалы басымырақ болып отыр. Сондықтан қазіргі жағдайды айтар­­лықтай ерекше құбылыс деуге бол­­майды. «Қазақстандағы барлық айыр­бас пункттері қалыпты жағдайда жұ­мыс істеп тұр. Теңге немесе шетел валютасы таусылып қалып, жұрт әбігерге түскен жағдай тіркелген жоқ», деді ол.

Экономистердің пікірі басқаша

Халық арасында доллар құнын жоғалтпайды деген түсінік қалыптасқан.

Теңгенің әлсіреуінен бірнеше рет «күйіп қалған» қазақстандықтардың сақтық танытуы қалыпты нәрсе. Бір айта кетерлігі, еуро мен рубльге сұраныс доллардан төмен. Жұрттың ықыласы АҚШ дол­ларына ерекше болып тұр.

Ресейдің Орталық банкі сәуір-мамыр айларында ел азаматтарының АҚШ долларын жаппай сатып алуы қа­лыпты жағдайдан жоғарылап кет­ке­нін байқаған. Бұл туралы «Вестник Банка России» порталы жариялады. 2019 жылдың сәуір айында ресейліктер 4, 8 млрд доллар сатып алған. Бұл нау­рыз айымен салыстырғанда 8 пайызға көп екен.

1 айда 1 млрд АҚШ долларының са­тылуы шындап назар аударарлық құ­бы­лыс Қазақстанда «Халық инфля­ция­­дан қорғап қалатын фактор деп шетел ва­лютасына ғана иек артады», дейді бұл туралы экономист Ерлан Ибрагим.

Экономистер АҚШ долларына да көзді жұмып сене беруге болмайтынын ескертеді. 1 млрд доллардың 1 айда сатылып кетуіне сыртқы фактор емес, ішкі фактор, оның ішінде қаржы трейдерлерінің әрекетінің әсері бар. Алдағы уақытта бұлай жал­ғаса беруі мүмкін емес. Халық жи­ған-тер­ге­нін тек АҚШ доллары ғана емес, мультивалюталық портфельмен толық­ты­­ра берген дұрыс дейді сарапшылар.

Экономист-қаржыгер Мақсат Халық 21 тамыз күні АҚШ-тың федерал­ды резервтер жүйесі отырыс өткізіп, дол­лар­дың кілтті пайыздық мөл­шерле­ме­сін төмендеткенін айтты. Бұл фактор алдағы бірер айда, ФРЖ пайыздық мөл­шер­­лемені қайта қара­ғанша дол­лар­дың әлсірейтінін білдіреді.

Халық тұрғындардың жаппай доллар сатып алуына қаржылық сауат дең­гейі де көп әсер еткенін тілге тиек етіп өтті. Дамыған елдерде халықтың басы артық қаржысын инвестициялық құрал ретінде тартудың тетіктері қа­лып­­тасты. Бұл жүйе Ресейде де біз­дің елмен салыстырғанда көш ілгері. АҚШ-та, Түркияда халықтың 40-60 пайызы күнкөрістен артылған қар­жы­сын инвестициялық құралдарға қол­да­нады. Ал бізде қор нарығына тар­тыл­ған азаматтардың саны 100 мыңға да жетпейді. Бұл еңбекке жарам­ды ха­лықтың 1 пайызынан да аз көрі­неді. Халықаралық сарапшылар қор на­ры­ғы­на халықтың 20 пайызы қатыс­па­са, оның болашағы жоқ екенін айтады.

«Мен бұл 1 млрд АҚШ долларына бағаланған саудаға себеп болған фактор кедейшілік пен сенімсіздік деп есеп­теймін. Қор нарығының сарапшыла­ры қор нарығына кем дегенде 5-7 млн теңге­лік үлеспен қатысқанда ғана бел­гі­лі бір нәтижеге қол жеткізуге болаты­нын айтады. Ал халықтың басым бөлі­гі­нің артық қаржысын акцияға салып, одан пайда көре алатын мүмкіндігі жоқ. Сондықтан олар теңге мен доллар бағамындағы өзгерістерден пайда та­уып қалуға тырысады», дейді М.Халық.

Проблема девальвация емес – инфляция

Жалпы, шілде айынан бастап зейнет­кер­­лердің зейнетақысына үстемеақы қосылды. Көп балалы, асыраушысынан айрылған отбасыларға тиесілі жәрде­м­а­қы да осы жылдың екінші жартысы­нан беріле бастады. Зейнетақы неме­се айлық жалақы көтерілсе, тауар баға­сы да өсіп шыға келетіні қалыпты жағдайға айналып кетті. Мамандар қымбатшылық пен айлық жалақыларға қосылған үстемақылардың арасындағы механизмге назар аудару керектігін ескертіп отыр.

Экономист Жангелді Шымшықов мемлекет тарапынан бөлінетін әлеу­мет­тік төлемдерді инфляция есебінен 9-10 пайыз емес, 30 пайызға дейін өсіруді ойластыру керек деп санайды. Бұған қоса елдегі орташа жалақы көлемін де жоға­рылату қажет. «Қазақстанға келе­тін тауарлардың 60 пайызы сырттан тасымалданады. Болашақта импортты қымбаттатпау үшін оған салынатын салық мөлшерін қайта қарастыру керек. Осы жайттардың астарына мән беріл­генде ғана біз инфляциямен күресте ұтыл­майтын едік. Қазіргі жағ­дай қара­пайым халыққа ауыр­лау болып тұр. Олар АҚШ долларын қолдағы барын сақ­тап қалудың бірден-бір тетігі деп қабыл­дайды», дейді Жангелді Шымшықов.

Қазір Үкіметтің экономикалық блогы үшін негізгі мәселе – бағаны тұрақ­тан­дыру: Инфляция деңгейі шектік дәліз­дің арнасынан шығып кетті. Күні кеше Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкiмет отырысында əлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк ɵнiмдерi бағаларының ɵсуіне реттелмеген өндіріс, тиімсіз делдалдардың көптігі, сақтау шарттарының орындалмауы, тұтынушыға дейін кепілденген жеткізу арналарының жоқтығы себеп болып отырғанын ашып айтты.

Тәуелсіз сарапшылар бұл жолы Бақыт Сұлтановтың пікірімен толық келі­сіп отыр.

Сарапшы Тоғжан Қожалиева шаруа­ның егістігінен дүкен сөрелеріндегі делдал­дар тізбегіне ықпал етер тетік Үкі­меттің қолында жоқ дегенге сен­бей­ті­нін айтады. Үкімет қай нүкте арқылы қалай тетіктерге ықпал ете алатынын көріп-біліп отыр дейді ол.

Экономикалық саясатқа емес, долларға сенеді

«Мұның шешімі оңай. Ерте көктемде картоп немесе қияр егуді мақ­сат тұтқан шаруа азық-түлік баға­­сын тұрақтандыру қорларымен келі­­сімшартқа отырса, бұл проблема шеші­леді. Шаруа өсірген өнімін келі­сіл­ген бағамен соларға өткізеді. Ал олар­дың міндеті – дүкен сөрелеріне жет­­кізу. Мен одан өзге жол көріп тұр­ған жоқпын. Егіс даласынан дүкен сөрелеріне дейінгі бағаның өсімі 20-30 пайыздан аспауы керек. Ал бізде 200 пайызға барып бір-ақ тоқтайды. Арадағы 170 пайыз делдалдың қал­та­сы­на түседі» , дейді Т.Қожалиева.

Сарапшының пайымдауынша, мұ­ның бәрі инфляцияның шекті дәлізден шығып кетуіне себеп болып отыр. Базалық экономикалық теория бойынша тауар сатып алушы ұсына алатын ақшамен бағаланады. Яғни, сіз оны қанша теңгеге сатып алуға дайын болсаңыз, соншаға сатады. Біздің нарық сырт көзге ғана сондай. Бірақ бұл тұста тауар сатып алушы ұсына алатын ақша мен тауар өндіруші белгілеген ақшаның арасы тым алшақтап кеткені және оның көлеңкеге қызмет етіп отырғаны ескеріле бермейді.

«Қарапайым халық қазір инфляциямен бетпе-бет қалып отыр. Оларға жиған-тергені девальвацияға жұтылып кетпеуі маңызды. Сол себепті соңғы сәтте экономикалық саясаттың бола­ша­ғына емес, шетелдік валютаға сене­ді. 1 жыл бұрын 340 теңгеге сатып алған АҚШ долларының қазір 380-390 бағамен сатылып жатқанына ғана мән береді. Арадағы 50 теңге айырмашылықты қанағат тұтады. Мен одан өзге себеп көріп тұрған жо­қпын. Бұл кілтипандардың барлығы техникалық сипаттағы қателіктер. Егер мемлекет белсенді түрде қолдау көрсетсе, оларды жою аса қиын емес», дейді Т.Қожалиева. Сондықтан болашақта Бәсекелестікті қорғау агенттігінің өкілеттігін арттырып, бәсекелестіктің дамуына қарсы тұрушы шенеуніктерге және астыртын келісіммен алдын ала бағаны өз пайдасына өзгерту әрекетіне қатысушыларға қатысты әкімшілік, қаржылық және қылмыстық жазаны қатайту қажет».

 

АЛМАТЫ