Теннис • 28 Тамыз, 2019

Теннис: Үш жерлесіміз жеңіске жетті

155 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нью-Йоркте жалауы желбіреген АҚШ-тың ашық біріншілігінің екінші айналымына еліміздің үш теннисшісі жолдама алып отыр.

Теннис: Үш жерлесіміз жеңіске жетті

Алғашқы күні Зарина Диас пен Елена Рыбакинаның өз қарсыластарына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалғаны жайында біз бұған дейін жазғанбыз. Одан кейін тағы үш отандасымыз өнер көрсетіп, үшеуі де келесі кезеңге өтті. Атап айтсақ, Михаил Кукушкин әлемнің 10 ракеткасы, испаниялық Роберто Баутиста Агутпен айқасты. Бес сеттік сайыс 3:6, 6:1, 6:4, 3:6, 6:3 есебімен біздің жігіттің пайдасына шешілді. Енді Кукушкин австралиялық Алексей Попыринмен кездеседі.

Александр Бублик колумбиялық Сантьяго Хиральдодан басым түсті ­– 2:6, 6:0, 7:5, 3:6, 6:4. Бір ғажабы, осы бәсекелердің екеуі де 3 сағат 18 минутқа созылды. Оның ендігі қарсыласы – италиялық Томас Фаббиано.

Әйелдер арасындағы Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцеваға америкалық Мэдисон Бренглді ұту еш қиындық туғызған жоқ. Бұл кездесуде 6:3, 6:3 есебі тіркелді. Келесі кезеңде жерлесіміз беларуссиялық Арина Соболенкомен сайысқа түседі.