22 Ақпан, 2013

Мақсат – Мәңгілік ел болу

656 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

Мақсат – Мәңгілік ел болу

Жұма, 22 ақпан 2013 7:28

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қа­зақ­стан халқына арнаған «Қазақстан-2050» Cтратегиясының басты мақсаты – елімізде XXI ғасырдың ортасына орай Жалпыға бірдей еңбек қоғамын құрып, ең дамыған 30 ел қатарына кіру. Стратегия мемлекетіміздің дамуындағы үлкен бір белесті айқындап берген, келешегіміздің бағдаршамы іспетті болып отыр. Мына жаһандану заманында жол ұзақ және ауыр. Егер баратын жолды, алдымыздағы басты мақсаттар мен міндеттерді, оған апаратын негізгі бағыттарды анықтап алмасақ, қоғам да, адам да адасуы, артық күш жұмсап шаршап, шалдығуы мүмкін.

Жұма, 22 ақпан 2013 7:28

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қа­зақ­стан халқына арнаған «Қазақстан-2050» Cтратегиясының басты мақсаты – елімізде XXI ғасырдың ортасына орай Жалпыға бірдей еңбек қоғамын құрып, ең дамыған 30 ел қатарына кіру. Стратегия мемлекетіміздің дамуындағы үлкен бір белесті айқындап берген, келешегіміздің бағдаршамы іспетті болып отыр. Мына жаһандану заманында жол ұзақ және ауыр. Егер баратын жолды, алдымыздағы басты мақсаттар мен міндеттерді, оған апаратын негізгі бағыттарды анықтап алмасақ, қоғам да, адам да адасуы, артық күш жұмсап шаршап, шалдығуы мүмкін.

Тарихтан белгілі, өткен ғасырдың 60-жыл­дарында тәуелсіздікке қол жеткіз­ген Азия, Африкадағы дұрыс жол, оң бағыт таңдап алған елдер осы жарты ға­сыр ішінде кешегі отарлы елден экономи­касы дамыған, халқының әл-ауқаты арт­қан елдер қатарына қосылды. Ал өз жо­лын дұрыс таңдай алмаған қаншама ел күні бүгінге дейін жоқшылық пен ке­дейшілікте, басқа елдерге тәуелді жағ­дайда өмір сүруде. Сондықтан, «Қазақ­стан-2050» Стратегиясының біздің елі­міз­дің алға дамуында алатын орны ерекше.
Сонау 1997 жылы Елбасымыз Н.Ә.На­зар­баев «Қазақстан-2030» Стратегиясын ұсынғанда алдымызға қойып отырған міндеттер қол жетпес арман, қиялдай болып көрінгені рас. Қоғамда стратегияның орындалуына сенбеушілік пікір көп болды. Елбасымыздың сара басшылығының арқасында «Қазақстан-2030» Страте­гия­сының басым бағыттары мерзімінен бұрын орындалды. Мұны заман ағымына көзі жіті, көңілі жүйрік маманданған экономикалық сарапшылар ғана емес, бүкіл ел, қарапайым халық мойындап отыр. Осы жылдары Қазақстан саясатта бол­сын, экономикада болсын, әлеуметтік салада болсын өзгелерге үлгі болатындай дәрежеде алға дамыды. Ел, қоғам өзгерді, заманға деген, келешекке деген көзқарас өзгерді, жаңа ой, сана-сезім қалыптасты. Еліміз дүние жүзі қауымдастығы алдында алды-артын ойлай білетін, келешегін болжай білетін, әлемдегі болып жатқан құбылыстарды талдай білетін, құнды идея­лар мен ұсыныстарды қолдай білетін, өз шекарасы бар, өзінің бет-бейнесі, ұстанымы, экономикалық үлгісі, саяси бағыты бар, қиын кезеңдерге қор жинаған, әлем елдері мойындаған, ұлтаралық достығы мен саяси тұрақтылығы берік орнаған мемлекет болып еңсе тіктеді.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің жетістіктерін жан-жақты қорытындылап, алдымызға айқын міндеттер қойды. Қазақ елін жаңа да тың серпіліске, әлем өркениетінің жоғары белесіне, жаһандану кезеңінде кез келген қауіп-қатерге төтеп бере алатын әлемнің дамыған 30 елі қатарына енетін Мәңгілік ел болуға жол көрсетіп отыр.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында Н.Ә.На­зарбаев мемлекетіміздің саяси-әлеу­меттік-экономикалық дамуындағы жеті басымдықты белгілеп берді. Олар:­ жаңа бағыттың экономикалық сая­саты, кәсіпкерлікті жан-жақты қол­дау, әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері, білім және кәсіби біліктілік, мемлекеттілікті, қазақстандық демократияны дамыту, салиқалы сыртқы саясат, жаңа қазақстандық патриотизм.
Оның ішіндегі бірінші бағыт – жаңа экономикалық саясат біздер үшін өте ма­ңызды болып табылады. Елбасы Н.Ә.На­зарбаев көзқарастарымыз бен ұста­ным­дарымызды түбегейлі өзгерте оты­рып, жаңа экономикалық саясат жүр­гізуді ұсынды. Мына жаһандану за­ма­нында, бәсекелестік күшейген кезеңде жаңа экономикалық саясаттың не­гізі жан-жақты есептеп, ойластырып жүр­гізілген іс-қимылдар арқылы барынша пайда алу, жоғары қайтарымы бар инвестиция тарту болып табылады.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары терең талдау жасалынбай, жан-жақты есептелмей көп қаржы жұмсалған кейбір жобалардың қайтарымы төмен немесе ешқандай нәтиже бермеуде. 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезеңінде еліміздің қаржылық жүйесін тұрақтандыру үшін екінші деңгейлі банктердің стресстік активтерін сатып алуға республикалық бюджеттен арнайы Стресстік активтер қоры құрылып, оған ондаған миллиард теңге қаржы бөлінді. Алайда, ол қордың жұмыс істеу тиімділігі төмен болып отыр. Ет экспортын ұлғайту мақсатында «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ тарапынан ондаған миллиард теңге мал бордақылау алаңдарын салуға жұмсалды. Алайда, мал басының жетіспеушілігі мен жем-шөп базасының болмауы салдарынан мал бордақылау алаңдарының 30 пайызы ғана жұмыс істеуде.
Жыл сайынғы Есеп комитетінің рес­публикалық бюджеттің орындалуы туралы есебінде ондаған миллиард теңге мем­лекет қаржысы игерілмей қалғандығы немесе мақсатсыз жаратылғандығы ту­ралы айтылады. Мысалы, Үкімет 2011 жылғы республикалық бюджетті екі рет заңнамалық деңгейде бекітіп, оны 25 рет түзеткеніне қарамастан, 30 бюд­жет­тік бағдарлама әкімшісі 42,3 миллиард теңгені игермеген. Республикалық бюджеттен «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында 2011 жылы бөлінген 22,7 миллиард теңгенің 3,2 мил­лиард теңгесі немесе 14 пайызы­ игерілмеген. Осының салдарынан 2011 жылға қойылған міндеттер толық кө­ле­мінде шешілмеген. Кемшіліктер ден­саулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және бас­қа да салалардағы бағдарламалық құ­жаттарды іске асыру кезінде де анық­тал­ған. Сонымен қатар, қандай да бір нысандарды салу кезінде жұмсалған бюд­жеттік қаржы тиісті нәтиже бермеу мысалдары бар. Мәселен, бала саны жетпейтін мектептер салу, су қор­ла­ры анықталмаған елді мекендерде су өт­кізгіш құрылыстарын жүргізу және тағы басқалары. Мұның негізгі себептері бюджеттік бағ­дарлама әкімшіліктерінің бюджет қаражатына деген қажеттілікті жоспарлау кезінде тиісті жауапкершіліктің болмауы, инвестициялық жобалардың техника-экономикалық негіздемелері және жобалау сметалық құжаттарының сапасыз болуы мен мемлекеттік сараптаманың болмауы. Сондықтан, Елбасымыздың Жолдауында айтылғандай, бюджеттік-қаржылық үдеріске деген көзқарас жекелей салымдарға көзқарас секілді ұқыпты ойластырылуы тиіс. Басқаша айтқанда, бірде-бір бюджеттік теңге ысырап бол­мауы шарт. Бүгінгі таңда бюджет саясаты­ның негізгі бағыты – ысырапшылдыққа жол бермеу, бар бағытта да үнемшіл болуға ұмтылу, мемлекеттің әрбір теңгесінен қайтарым алуға, пайда алуға жұмсау болып табылады.
Жолдау барысында Елбасы: «Біз бюджет саясатының жаңа принциптерімен қарулануға – өз мүмкіндіктеріміз шегінде ғана шығындануға және тапшылықты барынша мүмкіндікте қысқартуға тиіспіз», деп атап өтті.
«Қазақстан-2050» Стратегиясының орындалуының алғашқы жылы – 2013 жыл. Сондықтан да мен «2013-2015 жыл­дарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға тоқталғым келіп отыр. 2013 жылы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер, атап айтқанда, ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі – 6 пайыз, ал инфляция деңгейі 6,0-8,0 пайыз шеңберінде бо­лады деп жоспарланды. 2013 жылғы республикалық бюджеттің шығыны 6,2 триллион теңге болып бекітілсе, со­ның 2,4 триллион теңгесі немесе 39,4 пайы­зы әлеуметтік салаға бағытталған. Бұл 2012 жылғы нақтыланған бюджетпен салыстырғанда 244 миллиард теңге немесе 2,8 пайызға көп. Ендігі міндет – осы қабылданған республикалық бюджетті «Қазақстан-2050» Cтратегиясында қойы­лып отырған талаптарға сәйкес тиімді орындалуын қамтамасыз ету. Өйткені, бюджетті жоспарлау және оның атқарылу үдерісін жетілдіруде әлі де болса шешімін табуын керек ететін мәселелер жеткілікті.
2013 жылғы республикалық бюджетте «Қазақстан Республикасының Бюд­жет кодексіне өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» Заңға сәйкес бюд­жетті жоспарлау үдерісіне «шартты қаржыландыру» ұғымы енгізілді. 2013 жылғы республикалық бюджетте еліміздегі жұмыссыздықты жою, тұр­ғындарды қолжетімді баспанамен қам­та­ма­сыз ету және шағын қалаларды дамыту мәселелері сияқты ең өзекті мәселелерге бөлінген қаражаттың едәуір бөлігін шартты түрде қаржыландыру көзделген. Мәселен, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына бөлінген қаржының 40 пайызы (20 миллиард теңге), шағын қалаларды дамытуға бөлінген қаржының 58 пайызы (14 миллиард теңге), қол­же­­тімді тұрғын үй бағдарламасы бойын­ша 50 пайызы (52 миллиард теңге) шартты түрде қаржыландырылатын шығыстар деп көрсетілген. Ал шартты түрде қаржыландыру ағымдағы қаржы жылының бірінші тоқсанындағы бюджет кірісінің артығымен орындалуына және жыл соңына дейін күтілетін әлеуметтік-экономикалық даму үдерісінің жақсаруы болжанған кезде ғана Үкімет шешімімен іске асырылады.
Егер бірінші тоқсанда бюджет кірі­сі артығымен орындалмай қалса ше? Онда Елбасының тапсырмаларын орындамау керек пе? Елге қажетті өзекті мә­селелер шешімін таппауы керек пе? Республикалық бюджетте өзекті мәсе­ле­лерді шартты қаржыландыру деген ұғым дұрыс емес. Ол орындаушылық тәр­тіптің төмендеуіне, бюджеттің толық орындалмауына, жауапсыздыққа алып келуі мүмкін. Елбасының Жолдауында айтылған тапсырмалар (ал бұл тапсыр­ма­лардың орындалуын халық асыға күтіп отыр) бірінші кезекте, нақты және толық қаржыландырылуы керек.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылған. Н.Ә.Назарбаев 2050 жылы еліміздің ІЖӨ-дегі ауыл шаруашылығы өнімнің үлесін 5 есеге арттыруды және 2020 жылға қа­рай ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың көлемін 4,5 есеге арттыруды тапсырды. Жолдауда қойылып отырылған бұл міндеттерді орындау еліміз үшін өте маңызды. Өйткені, бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың үлкен бір бағыты. Қазіргі таңда ел бюджетіне қомақты қаржы түсіріп отырған жер қойнауы байлықтарының бәрі де:  мұнай да, газ да және тағы басқалардың бәрі түбінде таусылады. Ал жердің құнарлылығын арттырып, жаңа инновациялық технологияны ендіріп отырсақ ол тұрақты түрде мол өнім береді.
Соңғы жылдары агроөнеркәсіп кеше­ніне мемлекеттік қолдау көрсетудің кө­лемі бірнеше есеге өсті. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру кө­лемі де тұрақты түрде өсуде. 1997 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өні­мі­нің көлемі 190,7 миллиард теңге болса, 2011 жылы 1,4 триллион теңгеге жет­ті немесе 7,3 есеге өсті. Алайда, «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясын іске асы­рудың алғашқы жылы – 2013 жылға арнал­ған республикалық бюджетте Ауыл ша­руа­шы­лығы министрлігіне бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 46 миллиард теңгеге немесе 17 пайызға аза­йып, небәрі 177 миллиард теңгені құрады. 2013 жылғы республикалық бюджетте ауыл шаруашылығына берілетін бюд­жеттік несиелер – 31 пайызға, трансферттер – 14 пайызға, бюджеттік инвес­ти­циялар – 15 пайызға төмендеген. Еліміз­де ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді қолдау көлемі де төмен болып отыр, ол өндірілген өнімнің 3-3,5 пайызын ғана құрайды. «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы агроөнеркәсіп кешені алдына қойылған міндеттер тұрғысынан алғанда бұл өте түсініксіз. Сондықтан, алдағы кезде агроөнеркәсіп кешенін қолдауды стратегия талаптарына сәйкес жүргізіп, оны жыл сайын көтеріп отыруы­мыз керек.
Дұрыс, жүйелі түрде қалыптасқан, қолжетімді, пайыздық мөлшерлемесі төмен несие ресурстары ауыл шаруа­шы­лығының дамуына ықпал етеді, шаруа­лар­дың жағдайын жақсартуға көп септігін тигізеді. Алайда, еліміздің агроөнеркәсіп саласын дамытуға несиелік ресурстар тарту мәселесі әлі күнге дейін қағидатты түрде шешімін тапқан жоқ. Екінші деңгейлі банктер ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне несие бермейді, кепілдікке жер мен олардың ауылдағы ғимараттарын, техникаларын алмайды. Мысалы, үстіміздегі жылы екінші деңгейлі банктердің несие портфелі 9,6 триллион теңгені құраса, соның небәрі 295,9 миллиард теңгесі немесе 3 пайызы ғана ауыл шаруашылығы саласына берілген.
Осы ауыл шаруашылығына берілген несиелердің 193 миллиард теңгесі немесе 65 пайызы Алматы мен Астана қаласы, ал қалған несиелер негізінен (63 миллиард теңгесі) Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының астық өндіретін ірі шаруашылықтарына беріліп, басқа облыс шаруаларына қаржы жетпей қалған. Бұл жағдай меншіктің және шаруашылық жүргізудің әрқилы түрлеріне негізделген ауыл шаруашылығы экономикасының дамуына теңдей құқықтық жағдай жасау қағидатына қайшы келеді.
«ҚазАгро» Ұлттық басқарушы хол­дингі» АҚ-тың агроөнеркәсіп кешенін қолдау мен дамытуға арналған қазіргі қаржы институттары негізінен несиелік ресурстар таратумен емес, ауыл шаруа­шы­лығын және ауылды дамытуға мемлекет тарапынан бөлінген бюджет қара­жат­тарын қайта бөлумен шұғылданып келеді. Осының салдарынан, ауыл шаруа­шы­лығы тауар өндірушілерінің басым көпшілігі несиелеудің мемлекеттік те («ҚазАгроның» қаржы институттары), сондай-ақ, коммерциялық та жүйесінің қызметінен тыс қалуда.
Еліміздегі несиелеудің қазіргі ком­мер­циялық жүйесі капитал айналымы жоғары деңгейдегі саланың табысына есептелген. Оның талабы мен несиелік мөлшерлемелері табысы төмен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің несиелік ресурстар рыногында басқа рен­табельділігі жоғары шаруашылық жүргізуші субъектілермен теңдей қатысуына мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын несиелеудің қазіргі тетігінде бірыңғай жүйелілік сипат жоқ. Ол жыл сайын өзгертіліп отырады. Бұл ауыл шаруашылығын дамыту мен оның несиелеу жүйесін жетілдірудің ұзақ мерзімді және ғылыми негізделген бағдары мен перспективасын жасауға жәрдемін тигізбейді.
Жолдауда Елбасы ауыл шаруашылы­ғын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімі­не өсіп отырған жаһандық сұраныс жағ­дайында ауқымды жаңғырту қажеттігіне де тоқталып, әлемдік азық-түлік рыногының көшбасшысы болуға және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыруға қажетті бағдарды қадап айтты. Оның ішінде егістік алқабын ұлғайту, ең алдымен, жаңа технологиялар енгізу есебінен өнімділікті көтеру қажеттігіне тоқталды. Бүгінгі таңда, ауыл шаруашылығындағы ең тиімді, кепілді, тұрақты түрде мол өнім алуға болатын сала – суармалы жер­лер. Қазір елімізде тек суармалы жер­лерде өсетін азық-түлік түрлері, қант, көкөніс, жеміс-жидектер, өсімдік майлары жетіспейді, олар шетелдерден әкелінеді. Мал өнімдерін, әсіресе, 75 пайызы сырттан әкелінетін құс етін өндіру үшін өте қажетті құрамажемнің негізін құрайтын, құрамында алмасты­рыл­майтын аминқышқылдары бар, жо­ғары белокты жем-шөп дақылдары (соя, рапс, жүгері) да осы суармалы жерлерде өсіріледі. Елімізде бұрын суармалы жерлердің көлемі 2,3 миллион гектар немесе айдалған жерлердің 5 пайызын құрап, егін шаруашылығы өнімдерінің 35 пайызын беретін. Суармалы жерлер негізінен еліміздің халық өте жиі қо­ныстанған оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың негізін қалайды.
Суармалы жерлер тәлімі жерлер­мен салыстырғанда қосымша гидро­ме­лиоративтік шараларды каналдар мен көлденең және тік дренаждарды, оларға келетін электр желілерін пайдалану, жөндеу, суармалы жерлерді тегістеу, сорын шаю тағы басқа жұмыстарды атқару­ды қажет етеді. Мұның бәріне қосымша қаражат керек. Ал аз ғана жерін егуге тұқым, жанармай алуға, ақша, техни­ка жалдауға қаржы таппай отырған ша­руа­лардың жоғарыдағы аталған суармалы жерлердің гидромелиоративтік жүйесін жөндеп, пайдалануға шамасы келмейді. Соның салдарынан республика бойынша бүгінгі таңда суармалы жерлердің небәрі 1,4 миллион гектары немесе 60,8 пайызы ғана пайдаланылады. Жер ресур­с­тарын басқару агенттігінің ақпаратына қара­ғанда, елімізде 2011 жылы 1991 жылмен салыстырғанда суармалы жерлер көлемі 298 мың гектарға азайып, 2 миллион 82 мың гектарды құраған. 575 мың гектар суармалы егістік жер ауыл шаруашылығы айналымынан шығып, пайдаланылмау­да. Осы жылдары қосалқы жерлердің көлемі 8 еседен астамға ұлғайып, 423 мың гектарға жеткен. 20 мың гектар суармалы жер жеке меншік үй, жол, өндіріс орындарын және тағы басқа мақсаттарға берілген. Ал пайдаланылып жатқан суармалы жерлер тұзданып, батпақтанып, құнарлылығы мен өнімділігі төмендеуде, ауыспалы егіс жүйесі жоқтың қасы, егістік құрылымдары жетілдіруді қажет етеді.
Жекешелендіру барысында шаруашы­лық­тар майдаланып, бұрынғы ішкі ша­руашылық каналдар мен кәріздік жүйелер, тік дренаж скважиналары ша­руашылықаралық объектілерге айналып, көпшілігі иесіз қалды. Ұсақ шаруа қожалықтарында қаржы, техника болмай су және кәріз жүйелері уақытылы тазаланбай ұйық басып, су тарту қабілетінен айырылып, жер асты суларының көтерілуіне, жердің сорлануына, батпақтануына әкелуде. Суармалы жерлерге ағымдағы және күрделі тегістеу жұмыстары көптен бері жүргізілмеуде. Бұл су пайдалануда ысырапкершілікке жол беруде. Осының салдарынан жыл сайын елімізде 100-150 миллиард теңге көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілмей қалуда. Бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылығын серпінді дамытуда және еліміздің халқын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуде суармалы жерлердің тиімділігін арттыруға көңіл аудармай болмайды. Сондықтан, Елбасы тапсырмасын толыққанды орындау үшін Үкімет суармалы жерлердің гидромелиоративтік жағдайын жақсарту туралы мәселені арнайы қарап, республикалық бюджеттен қаржы бөлуі керек. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Оны шаруалар өздері шеше алмайды. Сонымен қатар, өсімдік шаруашылығында егіс құрылымын әртараптандыру, бұршақ, майлы азықтық дақылдардың көлемін ұлғайту, өндіріске ылғал үнемдеуші технологияларды, тамшылатып, жаңбырлатып суару тәсілдерін, жоғары өнім беретін сорттарды ендіру арқылы егін өнімділігін арттыруымыз қажет. Және де ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, халқымызды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету және оны экспорттау арқылы рес­публика бюджетіне қосымша қаржы түсіру керек. Яғни аграрлық сектордағы мемлекеттік қолдауды осы бағыттарға қарай бағыттау ұтымды болмақ.
Жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды бөлігі – ана мен баланы қорғау болып табылады. «Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасымыз Үкіметке: ана мен баланы қорғау, туу мен көп балалы болуды ынталандыру жүйесін реформалауды, жеңілдетілген салық, медициналық және әлеуметтік көмек, еңбек рыногында жаңа мүмкіндіктер беру және сол сияқты материалдық және материалдық емес ынталандыруды қамтитын шаралар кешенін әзірлеу, 16 жасқа дейінгі балаларды медициналық қызметтің барлық спектрімен қамту, балаларды мектепке дейінгі білім беру және тәрбиемен 100 пайыз қамтуға қол жеткізу міндеттерін қойды. Бұл бағытта соңғы жылдары қыруар жұмыстар атқарылды. Ана мен балаға қамқорлық жасау үшін олардың денсаулығын нығайтуға ба­ғыт­талған орталықтар ашылып, өскелең ұр­пақ­тың озық білім алуы үшін «Балапан» бағ­дарламасы жүзеге асып, Назарбаев университеті, зияткерлік мектептер, «Бо­лашақ» бағдарламалары жұмыс істеуде.
Еліміздің демографиялық ахуалы да жақсара бастады. Бүгінгі таңда хал­қымыздың саны 16 675 мың адамды құрайды, бұл 2000 жылмен салыс­тырғанда 11,9 пайызға көп. 2011 жылы халықтың табиғи өсімі 228 331 адамды, ал 1000 адамға шаққанда 13,8-ді құрап, 2000 жылғы көрсеткіштен 2,8 есе артық болды. 2011 жылы елімізде 372 544 сәби дүниеге келіпті, бұл 2000 жылмен салыстырғанда 150,4 мыңға немесе 67 пайызға көп. 1000 адамға шаққанда бала туу 2000 жылмен салыстырғанда 1,5 есе өсіп, 22,5 адамды құраса, өлім 1,7-ге азайған. Бұл оң өзгерістерді алдағы кез­де дамыта түсуіміз керек. Ұлттық қауіп­сіздігімізді нығайта түсу және дамы­ған экономикамызды еңбек ресурс­тарымен қамтамасыз ету үшін біз халқымыздың санының жылдық өсімін барынша көтеріп, алдағы кезде оның санын 2 есеге көбейту міндетін қоюымыз керек. Бұл үшін ең алдымен бала тууды ынталандыру мәселесіне ерекше көңіл бөліп, халқымыздың денсаулығын жақсарту, өлім-жітімді азайту, шетелдерде жүрген қандастарымыздың елге оралуына барынша қолайлы жағдай жасау қажет.
Табиғи өсімді көбейту үшін жастарға, әсіресе, жас отбасыларға, көп балалы аналарға Үкімет тарапынан жан-жақты, нақтылы және жүйелі түрде қамқорлық, тікелей жәрдем ұйымдастырылуы қажет. Балаларды балабақшада тәрбиелеу жөніндегі шығындарға өтемақы төлеуді, бала күтімі бойынша демалыстан жұмысқа шыққан әйелдердің құқығын қорғау, мемлекет есебінен біліктілігін көтеру және қажетті жаңа мамандықтар алуына көмектесу, көп балалы отбасыларға табыс салығы бойынша жеңілдіктер беру және т.б. мәселелерді заң тұрғысынан қарастыру керек.
Қолжетімді баспана мәселесін шешу де еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға әсер ететін негізгі фак­торлардың бірі. Бүгінгі таңда баспана мәселесінің ауыртпашылығы хал­қымыздың санының артуына, демо­графиялық ахуалдың жақсаруына кері әсер етуде. Өз баспанасының болмауы қалада тұрып, жұмыс істейтін отбасылардың жос­парлы түрде бала сүюден бас тартуына мәжбүрлеп отыр. Сондықтан, қолжетімді бағамен жалға тұрғын үйлер салып, жас отбасылардың арзан бағамен пәтер алуы мәселесін шешуіміз керек. Бұл бағыт бойынша елімізде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ендігі мақсат – тұрғын үйдің қолжетімді болуына, оның бағасының төмендеуіне қол жеткізуге ұмтылу. Бұл үшін құрылыс индустриясын дамыту мен оның сапасын жақсарту, жалға берілетін тұрғын үй құрылысы көлемін өсіру, жеке тұрғын үй құрылысын салуды ынталандыру керек.
Жас отбасыларға ипотека, жалдамалы пәтер беріп, несиенің төлемақысының қайтарым пайызын әрбір бала туған са­йын төмендетудің, 5-6 балалы болғаннан кейін мүлдем алып тастаудың тиімді жолдарын ойластырған жөн. Бүгінде, елімізде жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үйдің 43,7 пайызы жеке меншік еншісінде. Сондықтан да жеке тұрғын үй құрылысының дамуын ынталандыру, жер телімдерін бөлу рәсімдерін жеңілдету, олардың ашықтығын қамтамасыз ету, жеке тұрғын үй салынатын учаскенің электр желісін, су жүйесін тарту, жол салу сияқты инженерлік коммуникацияларын мемлекет тарапынан тез арада шешу елімізде тұрғын үй құрылысын жоғары қарқынмен дамытуға тікелей оң әсер етеді. Сол себепті, жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй құрылысына байланысты мәселелерді сөзбұйдалыққа салмай, тез арада шешіп отыруы тиіс.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы әлемдік тұрақсыздықтың бас­ты қатері – жұмыссыздықтың өсуі екен­дігін айтып, елде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік те, салалық та бағдарламалар тек әлдебір бөлікте емес, барлығы нақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс екенін атап көрсетті. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықты жұмыспен қамтуға, жұмыссыздықтың айтарлықтай өсуіне жол бермеуге, жұмыс орындарын сақтауға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізіп жатқаны белгілі.
Жұмыспен қамтылған халық құрылы­мында өзін-өзі қамтамасыз ететін азамат­тардың үлесі 34 пайызды немесе 2,7 миллионнан астам адамды құрайды. Бұлардың негізгі бөлігі (1,3 миллион) ауылдық жерлерде тұрады және жеке шаруашылығын жүргізумен айналысады. Өз бетінше жұмыспен айналысушылардың басым бөлігі әлеуметтік қорғау және қолдау жүйесімен қамтылмаған. Қала мен ауыл тұрғындары табысында алшақтық үлкен. Бұл еңбек рыногындағы бәсекелестіктегі ауыл тұрғындарының кәсіптік білімі мен біліктілігінің төмендігіне байланысты. Әсіресе, ауыл жастарының жағдайы ерекше алаңдаушылық тудырып отыр, өйткені, кәсіптік білім алуға қолжетімділігі шектеулі болғандықтан, олар ресми еңбек рыногында іс жүзінде бәсекеге қабілетсіз. Еңбек рыногында қалыптасқан мұндай ахуалдың салдарынан еліміздегі кедейлік деңгейі төмендеуде. Сондықтан, Елбасы Жолдауында кедейшіліктің өсуіне жол бермеу ең басты міндеттердің бірі екені баса айтылды.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Бізде жұмыссыздарды оқыту мен қайта даярлаудың еңбек нарығына бейімделген айқын бағдарламалары болуы керек. Мемлекет жұмыссыздарға әлеуметтік қолдауды бұл санатқа жататын адам жаңа мамандық меңгеріп, қайта даярлықтан өтуге бет бұрған жағдайда көрсетуі керек», деп атап айтылды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы Мәңгілік ел болу жолындағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі екендігіне назар аударып, бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз ірі болу үшін бір болуымыз керек екендігін, біз күшті болсақ бізбен санасатындығын да баса айтты.
Бүгінгі таңдағы басты міндет – Жолдауды халыққа жан-жақты түсіндіру, насихаттау. Халық толық түсінген идея­ның үлкен материалдық күшке ие болатыны баршамызға аян. Жуырда біздер Парламент депутаттары аталған ұзақ мер­зімді стратегияны халық арасында терең түсіндіру, насихаттау мақсатында өңірлерге барып қайттық. Қала және аудан тұрғындарымен, мәслихат депутаттарымен, ардагерлермен, партия, қоғамдық ұйым басшыларымен кездесулерде Ел­басы Жолдауының халық арасында үлкен өрлеу туғызғанының, бірауыздан мақұлданғанының куәсі болдық.
Парламент депутаттарының ендігі міндеті, Үкіметпен бірлесе отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиясынан туындайтын мақсат-межелерге қол жеткізу үшін Елбасы айқындап берген нақты да маңызды міндеттерді орындаудың заңнамалық базасын қамтамасыз етуді уақытылы және сапалы шешу болып табылады. Біздің алдағы жұмысымыз мемлекетіміздің жаңа сападағы дамуына бағытталмақ. Оған біздің біліміміз де, әлеуетіміз де жетеді. Тек қана елімізде тыныштық пен тұрақтылық, ынтымақ пен ауызбіршілік болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, барлық тіршілігімізді бір мақсатқа жұмылдыра білуіміз керек.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
Парламент Сенатының депутаты.