Қоғам • 30 Тамыз, 2019

Азаттықтың алтын арқауы

366 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ата-бабаларымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», өскелең ұрпаққа бірлікті, жұдырықтай жұмылуды өсиет еткен. Дана қазақ: «Ырыс, қайда барасың? Ынтымаққа барамын» деп қадап айтуы бекер емес. Ал хакім Абайдың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген нақыл сөзі келешекке қалдырған аманаты іспеттес.

Азаттықтың алтын арқауы

Ата Заң – ата-бабалар ар­мандаған азаттығыңды айқын­дай­тын, егемендігіңді әйгілейтін, тәуелсіз ел екендігіңді танытатын, дербес мемлекеттігіңді көр­сететін қастерлі құжат. Ол – елдігіміздің тірегі, азаматтың арқа­сүйер алтын арқауы. Біздің күллі тыныс-тіршілігімізді, өмір сал­тымыз, қоғамның тамыр бүлкілі – барлығы сол Негізгі Заң­нан бастау алатындығы рас. Ата Заң – тал бесіктен жер бесікке дейін­гі уақыт аралығында сіздің құ­қы­ғыңызды сақтайтын, сөреде қарау­сыз жатпайтын алтын тұғыр. Ол – ел азаматының конститу­циялық құқын танытатын, әр отан­дасымыз бұлжытпай орындай­тын заңдардың алтын арқауы, темір­қазығы. Сондай-ақ – бабалар аманаты. Кешегі Қасымның «қасқа жолы», Есімнің «ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті Жарғысының» жал­ғасы, заңды мұрагері.

Ата Заң – ұлтаралық тату­лық­тың алтын діңгегі. Бүкіл халық­тың игілігін көздейтін конс­титуция қоғам мен биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қазақстанның әлем таныған мемлекетке айналуына оң ықпал етті. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Айқара ашылған құшағына, кең қолтығына сан тағдырлы мыңдаған ұлтты біріктіріп жатыр. «Береке бас­тау бірлік, ел іші тату тірлік» демекші, ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен қиын-қыстау замандарда киіз туырлықты қазақ ұлтын ұлт ретінде сақтап қалған бірлігі мен ынтымағы десек, артық айтқанымыз емес. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айтпаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Елімізде қалыптасқан ұлтаралық татулықтың арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Отанымыздағы тү­сі­­ніс­тік, халық достығы – ең басты бай­лы­ғымыз. Оны көздің қа­рашы­ғындай сақтауға тырысуымыз керек.

Статистикалық деректер бо­йынша, елімізде 140 этнос пен 46 діни қауымдастық бар екен. Осы­лардың арасында ешқандай да ке­ліспеушілік, дүрдараздық жоқ. Олар Қазақстанды ортақ Ота­ны санайды. Елімізде ынты­мақ пен бірліктің қаймағы бұзыл­май сақталуында бірегей қоғам­дық институт – Қазақстан халқы Ас­самблеясының алатын орны ерекше. Қазақстан халқы Ассамблеясы – халқы­мыздың адамгершілігі мен толе­ранттылығының таң­ғажайып үлгісі. Мұндай қасиет тұтас ұлттың басына бір күнде орнай сал­майтыны бесенеден белгілі. Бұл – халықтың сана-сезімінің, салт-дәстүрінің, рухани байлығының кемелденгенінің айқын нышаны.

Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қазақстандағы қоғамдық қарым-қатынастардың белгілі бір дәре­жеге көтерілгенін анық аңға­рамыз. Қазақстан халқы Ассам­блеясы құрылғаннан бері рес­публикадағы ұлтаралық қарым-қатынастар экономикалық және саяси реформалар өткізу барысында жаңаланды. Қоғамда еркін ойлау мен толеранттылық нығайып, этномәдени бірлестіктер табыс­ты даму үстінде. Азаматтардың, әсіресе жастардың арасында мемлекеттік тілді үйренудің табиғи процесі жүріп жатыр. Қазақстанның тілдік байлығы – жалпықазақстандық мәдениеттің мәйегі. Мемлекеттің қолдауымен 11 тілдегі газет-журнал табысты шы­ғарылуда, 44 телеарна 12 тілде, 18 радиостанса 7 тілде хабар таратады, ғаламторда ұсынылған контент саны өсіп келеді.

Еліміздің салиқалы саяса­тын­ың арқасында біз қазіргі күні эко­номикалық жетістіктерді, әлеу­меттік игіліктерді, саяси тұрақтылық пен мәдени өркен­деуді бастан кешіріп отырмыз. Ел­дің қол жеткен табыстарына, біздегі орын алған татулық пен түсіністік жағдайларына әлем­дік өркениет қызығушылық таны­туда. Осының өзі көңілді мар­қайтып, туған елге, Отанға деген сүйіспеншілік сезіміңді арттыра түседі.

Әрине дос сүйсіне, дұшпан күйіне қарайтын жетістіктер оңай­лықпен келіп жатқан жоқ. Бұл – ең алдымен қазақ халқының өз ішіндегі ауызбіршіліктің, жал­пы, қазақстандықтардың ынты­мақтастығы мен бірлігі арқасында жетіп отырған игілікті нәтижелер. Біздің мақсатымыз – қазақ жерін мекен еткен көпұлтты халықтың ауызбірлігін бұзбай, мемлекеттің әлеуетін арттыра отырып әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан көріну.

 

Гауһар АЛДАМБЕРГЕНОВА,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

 

АЛМАТЫ