Руханият • 30 Тамыз, 2019

Тас тұғырдағы тұлғалар

653 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтан – Бурабай аралығындағы күре жолдың екі жақ қапталына Ұлы даланың ұлы тұлғаларының бірегейлері Кенесары хан, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай мен Ақан сері ескерткіштері қойылды.Бұл тұлғалардың әрқайсысы халқымыздың жүрегіне жазылған тарих дер едік!

Тас тұғырдағы тұлғалар

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Елбасының тікелей пәрменімен және үнемі қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласы мен Бурабай аралығындағы салынған автомобиль көлігінің жолы, бұл біздің елдің тарихындағы әлемдік талапқа сай кербез Көкшеге қарай тұңғыш тартылған автобан болатын. Алты жолақты және мінген көлігің бір шайқалмай, сырғып қана ағып отыратын айнадай теп-тегіс бұл жолға халқымыз «Тәуелсіздіктің күре жолы» деп айдарлап ат қойып, сүйсіне атап айтатындары да бар.

Міне, жуырда Нұр-Сұлтан – Бурабай ара­лығындағы тәуелсіздіктің сол күре жолының екі жақ қапталына Ұлы да­ланың ұлы тұлғаларының бірегей­ле­рі Кенесары хан, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай мен Ақан сері ескерткіштері қойылды. Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың же­тіс­тіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек», – деген болса, сол ой енді міне, жүзеге де аса бастады деуге болады.

Бурабайдан ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласына шыға беріс жолдың оң қапталындағы ақ қайыңы аралас қалың қарағайлы орманның ашық алаңқайына қойылған ат үстіндегі Кенесары ханның ескерткіші көп сырды аңғартары бар.

Кезінде ресейлік патша өкіметінің 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы» жарғысына сай қазақ даласындағы қалыптасқан хандық құрылым жойыла бастағандығын көне тарих ұмытар емес. Қазақтың еліне де, жеріне де өзде­рі­нің билеп-төстеу, басқару жүйесін орнықтыру үшін жасалған орыс патша­сы­ның бұл әрекеттерін Кенесары Қасым­ұлы әуелі дипломатиялық жолмен реттеуге әрекеттенгені де тарихи ақиқат. «Ақтау, Ортау, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Өлкейек, То­ғызақтан Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында тартып алынып, қаптаған бекіністер тұрғызылды. Міне, енді күн сайын жерімізге баса-көктеп кіріп, бекіністер салып, халықтың зығырданын қайнатып отырсыздар. Бұл біздің болашағымыз үшін ғана емес, бүгінгі тірлігіміз үшін де қатерлі. Ме­нің тілегім – екі жақтың да халқы ми­замшуақ өмір сүруі» – деп патша ұлық­тарына жазған бір хатынан кейін хан Кене тағы да: «…Сіздің арғы баба­лары­ңыз, ал бізде менің атам Абылай патшалық құрған уақытта халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны­ ешкім бұзған емес. Екі жақ та өз­ара сауда жасады, біздің жұртымызға ешқандай да салық салынған жоқ. Ал одан кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біз­дің халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылықтар жасалынды. Бұрынғы жасалынған бей­біт келісімді бұзып, Сіздің төменгі қарауыңыздағы басшыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті, соның салдарынан менің Абылай атама қарасты жерлерде сегіз дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе оған салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да біздің бүтін қазақ халқымыз таршылық көрмей, тыныш рахатты өмір сүрсе екен деп, ұлы мәр­тебелім, Сізге өтініш айтуға өзімді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрынғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын» – деп император І Николай патшаға бейбіт ниетпен тағы бір хатымен өз ойын жеткізген-ді.

Қазақ жерінің көз алдында жат жұрттың қолында кетіп бара жатқанына наразы болған және де соған орай өзінің жазған хаттарына ешбір жауап бермей, өздерінің басқыншылық саясатын одан әрі үдете жүргізіп жатқан орыс патшалығының үстемдігіне қарсы шығып, Кенесары хан қалың қолымен атқа қонған-ды. Бурабайдан шыққан сол қалың қолымен Қараөткелді бетке алған қайран да, қайран ер Кене сол бетпен Ақмола бекінісін шауып, патша әскерін ес жинатпай талқандап тастаған-ды.

 Әлемге әйгілі атақты Шыңғыс хан­ның жиырма жетінші ұрпағы, Абы­лай ханның немересі Кенесары Қасым­ұлының осы Ақмола бекінісін шабу­дан басталған қазақ халқының 1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық қоз­ға­лысының қасіретін тарих және Ұлы даланың ұрпақтары ешқашан да ұмыт­пақ емес. Соның бір айғағындай, Қа­зақ­стан Республикасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың қазақтың күйзелісті кезеңдерінің бірінде орыс патшасының өктемдігіне шыдай алмай, жан ашуымен кезінде өзі шапқан Ақмола бекінісінің, бүгінгі тәуелсіз еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласын қақ жарып, ағып жатқан Есілдің жағасына Кенесары ханның ескерткішін орнаттырып, «кесілген басың жаттың қолында қалса да, айбының асып, рухың ел төрінде, елдің ордасында тұрсын!» – дегенді әріден ойлағандығы деген сөзімізді бұдан бұрын да айтып, жазған да болатынбыз.

Енді, міне сол Кенесары бабамыздың тағы бір ескерткіші қазақ жерінің күре жолының бойына қойылғандығы ел­дік­ те ерлік рухымызды асқақтата түс­кендігі ақиқат. Жол бойындағы ескерткіштің биік тұғырында тұрған айбынды Кене хан­ ойлы да, жеңісті де сырбаз бір салта­натты қалпымен азаттығы мен теңдігі және де байтақ жеріміздің кеңдігі үшін өзі күрескен қазақтың кең даласымен жер шоқтығы Көкшетаудың Бурабайынан елор­даға сапарлап шыққандай әсер қал­ды­рары бар. Бұл хан Кененің – жеңісті де салтанатты сапары!

Сіз сол Бурабайдан шығып Нұр-Сұл­тан қаласына қарай жүріп келе жатып жол бойындағы Біржан салдың ес­керт­кішін көрер едіңіз де, соған еріксіз аялдайсыз. Бұл – сал Біржан ғой! Қазақ музыка зерттеушісі, академик Ахмет Жұбанов «қазақ музыкасының классигі» атаған Біржан сал қолындағы домбы­расын қағып-қағып жіберіп, «Жер шоқтығы Көкшетау, тал-қарағай бақша бау» деп өз туған жерінің биігінде тұрып, ас­қақтата ән салып тұрғандай әсерде қа­ларыңыз да анық.

Және де қазақ әні классигінің бұл ес­керткішінің Біржан сал ауданының аумағын басып өтер жол бойына қойыл­ған­дығы да терең мәнге ие болып тұр. Салдың өз ата-бабасының қо­ны­­сы және өзі де туған жері бұрын Ең­­бек­шілдер ауданы болып аталып келген-ді. Ел­ба­сы­ның 2017 жылғы 13 желтоқсандағы Жар­лығымен Ақмола облысының осы Ең­бекшілдер ауданы Біржан сал ауданы болып қайта аталып, Тұңғыш Пре­зи­дентіміздің бұл шешімі халықтың зор ықыласына бөленсе, енді міне мына­ ескерткіш те сол ықыласты халық көңі­лі­мен жарасым тауып, салтанаты асып тұр.

Күре жолдың Бұланды ауданының аумағындағы ну қарағайлы алқапты қақ­ жарып өтер тұсындағы биік төбеге қойыл­ған Балуан Шолақтың ескерткіші де мынау байтақ далада талайбір тола­ғай күш иелері болғандығының айға­ғын­дай асқақ қарап тұр. Бір бойына бұла­ күш те, сезімге толы сыршыл ән­ мен жыр да сыйған Балуан Шолақ­тың жол бойындағы осы бір ескерт­кі­шіндегі алып күш иесінің тұтас­ бітімі көңілді сүйсіндіріп, көз қуанта­ды. Өз тіршілігінде тірі пендеге өр кеуде­сін­ де бастырмаған, басынан сөз де асыр­ма­ған Балуан Шолақ – Нұрмағамбет Бай­мырзаұлының бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің бір биігінде тұрып:

Бөгеті жоқ маған жау қамалының,

Дүниенің бір ерке қонағымын.

Сүйіктім деп, ардақтап еркелеткен,

Мен халқымның Балуан Шолағымын! – деп өзінің туған жеріне қайта орал­ғандығына тәубе да қыларың бар.

Анау, әне Ақан ғой!.. Ақан сері ғой!.. Ендігі бір сәтте Ақан сері ескерткішін көріп те, көңіл шіркін тағы да шарықтай түсер еді! Бурабай мен Нұр-Сұлтан қа­­ласы аралығындағы күре жолдың Ақ­көл ауданына кірер тұсындағы бір биік төбенің басындағы тұғырда тұр­ған Ақан сері Қорамсаұлының да ескерт­кі­шінің көңілге түрлі ой салары бар. Сері мұңдылау ма қалай? Бұл әлде ғайып ғұмырында ғашықтықтың да, сері­­ліктің де тәтті бір ләззатымен бір­ге, жан азабын да тарта білген сері Ақан­ның Ерейментаудағы Қусақ көлінің жаға­сында өткен Сағынайдың асынан дүлдүл тұлпары Құлагерін қызғаныштың со­йылына алдырып, қайғыдан қан жылап:

 Құлагер топтан озған жүйрігім-ай,

 Жарасар келте жібек құйрығың-ай,

 Түбіне Ерейменнің айдап келіп,

 Құдайдың қарай қойшы

бұйрығын-ай, –

деп Сараласына мініп, сол астан зарланып келе жатқан беті ме екен?!.

Дүние-ай шіркін! Сол сәтте сері Ақанның «алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды, жығылмаса Құлагер қайда деймін?,–деген зар үні мына ен даланы тағы бір жаңғыртып тұрғандай әсерде боласың да, бір сәт қамығып қаларың да бар. Кеудеңе толған әлдебір мұңмен көгілдір аспанға көз тігесің де, «бейшара шырылдайсың жерге қонбай» деген нала көңілді сері Ақанның Қараторғайын іздегендей боласың. Аспан көкпеңбек, мөлдіреп тұр. Сері Ақан да сол көгілдір де мөлдір аспан астын әнге бөлеп мәң­гі­лік дүниені бетке алып, сапарлап­ бара­ды. Тек қамықпа, налыма, сері жүрек! Ұлы даланың қасиетті бір биігіне ес­керткіш болып орнаған Ақан сері Қорамса­ұлының да тәуелсіз елінің бүгінгі және ертеңгі ұрпақтарының да айтар әні болып мәңгі жасай берері де анық. Күре жолдың бойындағы Ақан серінің де ескерткіші сол мәңгілік құрметтің белгісі!

Міне, жол бойындағы Үкілі Ыбы­рай ескерткіші! «Жасымда болдым балдырған, талайды әнге қандырған» деп өзінің асқақ та сазды үнімен қазақ сахарасын әнге бөлеп өткен Ыбырай Сандыбайұлының есімі қандай заманалар болса да ел есінен шығып көр­ген емес-ті. Тіпті сонау отызыншы жыл­дары жалған жаламен «халық жауы» атанып, айдалып кетсе де туған хал­қы Үкілі Ыбырайдың әндерін өз жүректеріне сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жет­кізіп отырды. Аспандағы аққуға үнін қосқан Үкілі Ыбырайдың ел арасына көп тараған «Гәкку» әнін композитор Е.Г.Брусиловский өзінің «Қыз Жібек» операсында Жібектің негізгі ариясы, ал «Арарай» әнін «Ер Тарғын» операсында Ақжүністің ариясы ретінде пайдаланған болатын. Бұл Үкілі Ыбырай әндерінің сұлулық сипаты мен әуезділігінің құ­діреті болса керек-ті!

Өткен ғасырдың елуінші жылдары Сәбит Мұқановтың әрекет етуімен «халық жауы» деген жаладан ақталса да, Үкілі Ыбырайдың сүйегінің қай жерде қалғандығы да, жарықтыққа топырақ қай жерден бұйырғандығы да осы күнге дейін белгісіз болып келеді. Енді, міне басында сол баяғы үкілі тақиясы бар, қолындағы домбырасының қос шегін қағып-қағып жіберіп:

Көз тоймас кербез сұлу Көкшетауым,

Ән-күйге толқып жатыр омырауың!

Сені аңсап, асқақтаған ащы әнімнің,

Ұшарда сыпырайын балақ бауын, –

деп мына дүниеге деген іңкәр бір сезімге бой алдырып, Үкілі Ыбырай да аңсап, асқақтаған өз жерінен орын тапты.

Біз қазақ елінің негізгі әрі басты бір күре жолының бойына орнатылған Ұлы даланың бірегей бес бірдей тұлғасына қойылған осы ескерткіштер жайлы толғана айта отырып, бұл қазақ елінің рухын асқақтатқан елдік іс болғандығын атап айтар едік. Қазақстанның түстік өңірлері кезінде өз топырағында туған өз алыптарына айтарлықтай ескерткіштер соға да алмағаны анық. Ол заман өтті, кетті. Енді санамызды жаңғырта отырып, кең-байтақ даламыздың биік жер­леріне және де жол бойына жаңа бір көрік беріп, әр жолаушының санасын жаңғыртарлық ойға бөлер ескерткіштер мына жердің иесі де, киесі де бар екен-ау деген көңіл хошын тудырары бар.

Еліміздің басты күре жолының бо­йына, осы Бурабай мен Нұр-Сұлтан қаласы аралығындағы автобанның екі жақ қапталына Кенесары хан, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай мен Ақан сері ескерткіштері Ақмола об­лыс­тық әкімдігінің тікелей қолдап, бас­тамашылдығымен қойылғандығын зор қанағат сезіммен айтамыз.

Ұлттық сананы жаңғыртуда ескерт­кіштердің зор маңызы бар екендігі дәлел­ді қажет етпейтін ақиқат. Елба­сы­ның шілде айының алғашқы жексенбісін «Ұлттық домбыра» күні етіп белгілеуі халқымыздың ең қасиетті бұйымының бірі қазақтың қара домбырасын бәсін арттыра түскері анық. Халқымыздың домбыраға деген суып бара жатқан көңілдеріне сәуле түсті. Домбыраның күмбіріне қайта бір қаныға бастадық. Көкшетауда, ежелгі сал-серілер меке­нін­де әкімдіктің қолдауымен облыс орта­лығындағы қазақ театрының ашық ала­ңына биіктігі 11 метрлік инсталляция бетон-металл конструкциядан жасалған Домбыра монументі қойылды. Бұл домбыра алаңы қазір өнер адамдарының бас қосып, ақындардың өз жырларын оқитын, кез келген өнерге деген ынтасы барлардың әншілермен бірге ән салатын, күйшілердің күй тартатын сүйікті орындарына, былайша айтқанда, ашық аспан астындағы амфитеатрға айналды.

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек  сіңірген қайраткері

 

Көкшетау