Көрші жұрттың айтуынша, метеорит түскеннен кейін көлдің суы бұрынғыдан өзгеріп, тазарып қалса керек. Ал қазақ жеріне осындай метеорит түскен бе? Түсіпті. Әрине бұл жайт ғалымдар, геологтар болмаса, жалпы жұртқа белгілі емес.
Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Жаманшың және Қарағанды облысындағы Шолақ деген жерлерге түскен астроблемалары аздап зерттелген де көрінеді. Ал Қостанай облысының Қамысты ауданындағы Шеңберкөлдің «Қоңыртау астроблемасы» деп аталатын метеорит сынығы құлаған орын екенін қостанайлықтар да аса біле бермейді. Ол ғалымдар тарапынан да назарға іліне қоймапты.
Аумағы едәуір шеңбер жазықтың бұл күнде көлдің кеуіп қалған табаны секілді шөп басып кеткен еңіс жерден еш айырмашылығы жоқ. Ол туралы ешкім алабөтен ешнәрсе ойламайды. Геолог ағайындардың өкілі Н.Скрябин мен Г.Берсенев өткен ғасырдың 60-жылдары осы аралықта барлау жүргізу кезінде литосферада сирек кездесетін құбылысқа тап болады. Әдетте жер қыртысы 20 метр, кей жерлері, тіпті 10 метр қалыңдықты құрап жатады. Ал дәл осы Шеңберкөлдің аумағында 200 метр тереңдікке дейін топырақ қыртысының борпылдақ, жұмсақ екені анықталған. Зерттеушілер геологиялық, палеоботаникалық, аэрофототүсірілім материалдарының бір-бірімен байланысына және ғылымдағы басқа да гипотезаға сүйеніп, бұл мекен аспан денесі құлаған орын деген байламға тоқтапты. Ғылыми болжам бойынша, Олигоцен-миоцен дәуірінде метеор сынығы құлағанда диаметрі бір шақырым шұңқыр болып үңірейіп қалады. Қандай күшпен соғылған деңіз!..
Енді ол неге «Қоңыртау астроблемасы» аталған? Бұл – өңірдегі ең биік нүкте. Ол жерде биік таутөбе болуы да мүмкін. Геофизиктердің айтуынша, өте ыстық температурадағы жұлдыз жарықшағы сол төбені жермен-жексен еткен. Ал одан шашыраған ұшқындар жеті-сегіз шақырымға дейін атқылап, шой тас болып қатып қалады. Сол маңда шашылып жатқан тастар да кәдімгі тастардан ерекше, қожырланып, кәдімгі ақбалшықтан илеп қатырып тастаған секілді. Осындай ғылыми болжамдарды алғаш 1992 жылы В.Воинов пен А.Брагин «Топорков оқулары» жинағының бірінші санында жариялады.
Талдыкөл негізгі мектебіндегі жағырапия және биология пәндерінің мұғалімі Роза Досмұхамедова жетекшілік ететін оқушылардың бастамашыл тобы осыдан бірер жыл бұрын әлеуметтік идеялар мен бастамалар жәрмеңкесінде рухани, тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау және дамыту аталымы бойынша «Геолого-экологическая экскурсия: «Кунгуртауская астроблема озера Круглого» тақырыбымен жеңімпаз атанды. Ұстаз бен оқушылардың мақсаты биік. Олар өлкені танумен қатар, Үкімет алдына көктемде-күзде құстар дамылдайтын Қоңыртау метеориті түскен аумақты табиғи мемлекеттік резерват ету мәселесін қоюды және Қоңыртау тасының зерттелуін сұрауды алып шыққысы келеді. Егер Қоңыртау метеориті зерттелетін болса, ғылымның бірнеше саласы, экологияның жаһандық мәселелері бойынша маңызды мағлұматтар алынар еді деп үміттенеді.
Қостанай облысы,
Қамысты ауданы