Бұл дерт – спортшы психо-физологиялық тұрғыдан күйзеліске ұшырағанда, қандай да бір психологиялық соққы алғанда, өзіне деген сенімін жоғалтқанда пайда болады дейді мамандар. Сондай-ақ спортшы дайындық барысында мөлшерден тыс жүктеме қабылдаған жағдайда да мазасыздық дертіне ұшырауы мүмкін.
Мазасыздық дерті кенеттен пайда болмайды. Ұзақ уақыт көптеген сатылардан өтеді. Нақтылап айтқанда, жүйкеге түскен ауырлық жинақтала келіп, адамның психологиялық тұрақтылығын жоғалтуына әкеліп соқтырады.
Қазіргі таңда мазасыздық дертімен кәсіби спортшылар көп ауыратын болып барады. Мысалы, Германияның Бундеслигасында өнер көрсетіп жүрген «Шальке» футбол командасын 2004-2005 жылдары жаттықтырған Ральф Рангник өзінің мазасыздық дертіне ұшырағаны туралы команда басшыларына шағым түсірген. Дәрігерлер бапкерді тексеріп бір ауыздан бёрнаут сырқатына ұшырағаны туралы шешім қабылдаған.
Неміс Бундеслигасының беделді ұжымдарының бірі «Байер» футбол командасының жартылай қорғаушысы Себастьян Драйслерді мамандар карьерасының басында болашақтың жарық жұлдызы деп бағалай бастады. Ол туралы еуропалықтар әлемге әйгілі бір ойыншының өсіп келе жатқанын жарыса айтты. Тіпті ұлттық құрама сапында бірнеше ойын ойнап, көрермендердің де ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Бірақ ол жоғарыдағы мазасыздық дертіне ұшырап, жұлдыз болмақ түгілі, басымен қайғы болып өз жайына кетті. Ұзақ уақыт емделіп, ақыры сүйікті футболымен қоштасып тынды.
Кезінде мюнхендік «Байерді» жаттықтырған бапкер Оттмар Хицфельді білмейтін адам аз, сірә. Тіпті Германияның футбол федерациясы бұл бапкерге ұлттық құраманы жаттықтыруды ұсынған болатын. Бірақ ол мұндай ұсыныстан өз бетімен бас тартқан еді. Көптеген жанкүйерлер осы қылығы үшін оны ұнатпай, қарғап-сіледі де. Кешікпей О.Хицфельдің мазасыздық синдромына тап болғаны жайлы ақпарат тарады.
Аталған сырқатқа ұшыраған адам бірден арақ ішуге бет бұрады екен. Мазасыздық дерті тек футболшыларды ғана төңіректейді десеңіз қателесесіз. Бұл сырқатпен барлық кәсіби спортшылар ауырады. Айталық, атақты боксшы Майк Тайсон үнемі талас-тартыстың үстінде жүреді. Эвандер Холлифилдпен жекпе-жек кезінде қарсыласының құлағын қыршып алғанын жұрт әлі ұмытпаған болар. Осы оқиғадан кейін атақты боксшының денсаулығын тексерген дәрігерлер «темір Тайсонның» мазасыздық дертіне ұшырағанын айтқан-ды. Көп жылғы ауыр жаттығу, жүйкеге түскен салмақтың ақырғы жеткізген жері осы болған. Қазірдің өзінде боксшы жабысқан дерттен әлі арылған жоқ көрінеді.
Үш дүркін әлемнің «үздік қақпашысы» (1999, 2001, 2002) атанған «Титан» лақапты Оливер Канн да мазасыздық дертіне ұшыраған. Бұл дертті жеңу үшін өте зор төзімділік және шыдамдылық таныттым дейді атақты қақпашы. Сырқаты қозған кездегі жағдайы туралы қақпашы: «Миыма тек қана шешімі ауыр сұрақтар толып алатын, санам құрсауланып қалатын, үнемі үрей-қорқыныш, толқу үстінде жүрдім», депті.
1999 жылдың Чемпиондар лигасының маусымдық ойындарының бірінде оның командасы «Валенсияға» қарсы ойын өткізеді. Дәл осы ойын үстінде дерті қозады. Бұл туралы Канн мырза: «Киім ауыстыратын бөлмеге кіріп едім, санам сансырап жүре берді. Бірақ менің сырқаттанып тұрғанымды ешкім байқамады. Миымды үрей билеп алды. Бұл неден пайда болды? Жеңіліп қаламыз деу ме, әлде сәтсіздік пе, өзіме деген сенімсіздік пе... белгісіз» дейді.
Содан сасқалақтаған қақпашы дене қыздыру үшін сыртқа атып шығады. Демі бітіп, жүрек қағысы жиілеп, маза жоқ. Содан бұл жайымды ешкім білмеуі керек деп ойлайды да, ойынға кірісіп кетеді. Әріптестері ойында ештеңе жоқ аттай тулап доп теуіп жүр. Өзі зорға тұрса да қақпаға тура атылған бір допты қайтарып тастайды. Қысқасы, ойын аяқталғанға дейін осылай тұрады. Есеп 1:1 нәтижесін көрсетеді.
Жалпы, бёрнаут (вurnout)синдромын жеңіп шығуға мүмкіндік бар дейді дәрігерлер. Ол үшін өткен өмір жолыңды талдап-талғап оған шүкіршілік танытып, өмірде жіберген қателіктеріңді еске алып, оның кешуін тілеп, ең бастысы өзіңді өзің игеруің керек.
Осы орайда, біздің қазақ спортында осы мәселеге қатысты зерттеу-зерделеу бар ма? Кәсіби спортшыларды күйзеліске ұрындырмау жайы қарастырылған ба? Айталық, біздің елде жоғарыдағыдай жағдайды зілтеміршілер бастан өткеруде. Оның әртүрлі себептері барын білеміз. Қалай десек те, дәл қазір И.Ильин, Ж.Қыдырбаев, А.Өтешов т.б. зілтеміршілер күйзелісті жағдайда екені анық. Мысалы, жақында бұрын Талдықорған қаласында ауыр атлетикадан еліміздің V жазғы Cпартакиадасы өтті. 102 кило салмақта бақ сынаған Илья Ильин жұлқа көтеруде 170 кило, серпе көтеруде 200 килоны еңсеріп, қоссайыс қорытындысы бойынша 370 килоны бағындырды. Жеткен жері осы. Бұл азамат 2012 жылы Лондон олимпиадасында қоссайыс бойынша 418 килоны бағындырса, 2015 жылы Грозныйда өткен РФ президенті кубогында екі бірдей әлем рекордын жаңартып, қоссайыста 437 килоны еңсерген еді. Қараңыз қазіргі қоссайыс қорытындысы мен (437-370=67) бұрынғы нәтижесінің айырмасы: – 67 кило. Міне, бұл спорттағы күйзелістің, яғни бёрнаут дертінің салдары. Айтпағымыз, болашақта осы дерттің алдын алатындай мүмкіндік жасалаған ба, бізде?