Қазақстан • 01 Қыркүйек, 2019

Ішкі істер министрі Қызылжар ауылдық мектебіне барды

560 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Ақмола облысы Целиноград ауданы Қызылжар ауылындағы №1 орта мектебінің алғашқы қоңырау салтанатына қатысты.

Ішкі істер министрі Қызылжар ауылдық мектебіне барды

«100 мектеп -100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасымен салынған қызылжар ауылдық №1 орта мектебіне биыл бес жыл толып отыр.

Ішкі істер министрі мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған бүлдіршіндер мен барлық оқушыларына жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. Биылғы жылдың Жастар жылы болып белгіленгеніне көңіл аударған министр Қызылжар ауылдық мектебінің оқушыларының арасында Парламент және Үкімет мүшелерінің, атақты спортшылар мен кәсіпкерлердің шығатынына сенім білдірді. Сөз соңында бас полицей ата-аналар мен ұстаздар қауымына ізгі тілегін жеткізді.

Салтанатты шарадан кейін министр мектеп ішін аралап, ұжыммен танысты. Артынша, ауыл тұрғындарын қабылдап, жұртшылықтың өтініш-тілектерін тыңдады.

Ауыл тұрғыны Мәрзия Жұмабаева көшелердің көпшілігінің жарықтандырылмағанына шағымданып, салдарынан жол-көлік апаттарының жиі болатынын жеткізсе, Күнтубек Әбділдинов тәртіп сақшыларына ала таяқты қайтару мәселесін көтерді. Ауыл тұрғынының айтуынша, қараңғыда полиция қызметкерлері тоқтатқанда ала таяқтың жоқтығынан жүргізушілер тәртіп сақшыларын байқамай қалып жатады екен.

Сонымен қатар тұрғындар министрге жеке мәселелері бойынша да өтініш білдірді. Соның бірі ауыл тұрғыны Алексей Рябошапка банкке кепілдікке қойған көлігін ала алмай жүргенін жеткізді. Айтуынша, көлігін банкке кепілдікке қойып несие алған ол қазір несиесін толығымен жапқанымен, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының базасында оның көлігі әлі банктің меншігі болып тұрған көрінеді. Министр дереу қарамағындағыларға осы мәселені дереу шешуді тапсырды. Ал аңшы Виталий Якусевич мылтық иеленуге рұқсат алу мәселесін сұрады. Министр мәселені қарастыруға уәде берді.

Мектеп оқушыларының арасында да министрден ақыл-кеңес сұраушылар болды. Соның ішінде жоғары сынып оқушылары министрден ішкі істер органдары мен қорғаныс саласының оқу орындарына оқуға қалай түсу керектігі жайлы кеңес алды.