Қазақстан • 01 Қыркүйек, 2019

Солтүстік Қазақстанда бюджеттен 75 млн теңге жымқырылған

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірде сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын алу шаралары қанша жүйелі жүргізілсе де, қоғамдық індет фактілері азаяр емес.

Солтүстік Қазақстанда бюджеттен 75 млн теңге жымқырылған

   7 айда жергілікті қазынадан  шенеуніктердің қалтасында кеткен 75 миллион 700 мың теңгенің  95 проценті қайтарылған. Тек өткен аптада ғана екі қылмыстық іс тіркелген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ернар Баянғазин мәлімдеді.

   Тимирязев ауданы ауылдық округінің әкімі әкімшілік нысанды бұзу үшін  бір кәсіпкерден 100 мың теңге  алмақ болған. Шал ақын ауданы  мал дәрігерлік бөлімінің жетекшісі  әкімшілік хаттама толтырмау үшін осынша  көлемде сыйақы талап еткен. Қазір екі қылмыстық оқиға  бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

   «Қызылжар–адалдық алаңы» бағдарламасы аясында  қолға алынған 12 жоба жемқорлықты жоюға бағытталған. “Халықтық бақылау” порталы  арқылы 141 арыз тіркелген.

    «Азаматтардан келіп түскен шағымдарды тиісті органдарға жолдап отырамыз. Парақорлықты ауыздықтаудың басқа жолдары да қарастырылған» дейді  «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық офистің жетекшісі Екатерина Старостина.

  Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков “Халықтық бақылау” порталына келіп түскен кей өтініштердің қаралмайтынын, сондай-ақ жемқорлық фактілеріне кадр тапшылығы да әсер етіп отырғанын жеткізді. Бүгінде сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы  алдына қара салмай тұр. Әлі күнге дейін бөлім жетекшісінің орны бос.

Солтүстік Қазақстан облысы