Аймақтар • 02 Қыркүйек, 2019

Алтыншы қазақ мектебі ашылды

188 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Білім күні облыс орталығындағы «Береке» шағын ауданында 600 орындық қазақ мектебі өз есігін айқара ашып, оқушылар мен ата-аналарды үлкен қуанышқа бөледі.

Алтыншы қазақ мектебі ашылды

Соңғы 12 жылда Петропавлда бірде-бір білім үйі салынбаған екен. Бұл алтыншы қазақ мектебі саналады. Қала әкімі Болат Жұмабеков жиналғандарды алғашқы қоңырау мерекесімен құттықтап, ұстаздар қауымына шығармашылық табыс тіледі.

Құрылыс жұмыстары мен материалдық-техникалық жабдық­­талуына 1,5 млрд теңге жұм­­салған, үш қабатты нысанды «СК-Зердеу» компаниясы салды.

Мектеп директоры Сәуле Тұрсынова 34 кабинеттің 24-не интерактивті тақта мен ЛЭД-экран қойылғанын, 130 орынды асхана, акт, үлкен, кіші спорт залдары, лифт жұмыс істейтінін жеткізді. 70 адам жұмыспен қамтамасыз етілген, олардың 45-і – мұғалімдер. Әр бала үшін арнайы киім орны қойылған.

«Серпін» бағдарламасы арқылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шыққан Әділбек Амантай мектепке жұмысқа қабылданыпты. Жамбыл ауданында жабылып қалған Орталық мектебінен келген Самат есімді дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі және биыл жоғары оқу орнын бітіріп келген 6 жас маман да еңбек жолын осында жалғастырмақ.

«Жас Өркен» шағын ауданында салынып жатқан 900 оқушыға лайықталған қазақ мектебі биыл пайдалануға берілетін болса, тағы бір білім үйіне жер телімдері бөлініп, құжаттары рәсімделуде. Сонда Петропавл қаласында барлығы 8 ұлттық мектеп болады. Бұл жағынан теріскей өңір озып тұр.

 

 Солтүстік Қазақстан облысы