Әлем • 02 Қыркүйек, 2019

Еуропаны мал сою тәсілі мазалап тұр

1140 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы қыркүйектен бастап Бельгияның Уаллония аймағында малды тірідей бауыздауға тыйым салынбақ. Ендігі жерде қасапшы малды соймастан бұрын тоқпен не басқа да тәсілмен есінен тандырып алуы тиіс. Мұндай тәсіл қазіргі таңда ет нарығында кеңінен қолданылады.

Еуропаны мал сою тәсілі мазалап тұр

Бұл мәселені жануарларды қор­ғаушылар қозғалысының өкілдері жиі көтеріп жүр. Олар­дың пікіріне сүйенсек, қасапшы пышағына жығылған малды әуелі есінен тандырып алса, оның жа­нын қинамайды. Ал бауыз­да­ғаннан кейін қаны әбден ақ­қанша күту жануарды әбден азаптайды деп есептейді.

Алайда, мұндай қадам кә­рі құр­лықты мекендейтін мұ­сылман­дар мен еврейлердің қар­сы­лы­ғын туғызды. Оның өз себебі бар. Етті халал не еврей­лер­дің кошеріне лайықтап тұ­тыну үшін малды тірідей бауыздау қажет. Екі діннің де талабы осы. Сонымен қатар жануар­ды қинамау – діни жоралғыны орын­даудың негізгі талаптарының бірі. Сол үшін қасапшының пышағы өткір, бір тартқанда орып түсетіндей болуы тиіс.

Айта кетерлігі, малды соймас­тан бұрын оны есінен тандырып алу Ислам­ға кереғар емес. Дін­танушы Қайрат Жол­дыбайұлы «Егемен Қазақстанға» берген сұх­батында ондай тәсілдің дұ­рыс жүр­гізілуі қажеттігін айтады. «Ең дұрысы – малды пышақпен бауыз­дау. Алайда, тоқпен немесе бас­қа да әдіспен талдырып,  жаны шықпай жатып бауыздалса және қан дұрыс ағатын болса, еті адал. Бірақ мұндай тәсілге жүгіну мәкрүһ», дейді ол.

Дін өкілдерінің де, жануар­лар­ды қорғаушылардың да сөзі­нің жаны бар. Тіпті, сойылған мал­ға жүргізілген ғы­лыми зерттеулер де ұшан-теңіз. Мә­селен, Meat Science журналына ақпан айын­да шыққан мақалада қойды халал тәсілмен сою мен электр тоғымен естен тандыру ар­қылы союдың айырмасы аз екен­дігі анықталған. Бұдан бөлек, естен тандыру процесі дұрыс жүр­гі­зілмейтін сәттері де кездеседі.

Жалпы, ғылыми ортада жүр­гізілген мұндай зерттеулер өте көп. Әйтсе де, солардың бірде-бірі малды бауыздаған кезде және есінен тандырған кезде оның қаншалықты ауырлықты сезетінін анық­тай алған жоқ. Сондықтан жануарларды қорғау­шылар мен дін өкілдерінің айтысы бітер емес.

Уаллония – мұндай тыйым­ды енгіз­ген алғашқы мекен емес. Жыл басында Бельгиядағы Фландрия аймағында да осындай заң күшіне енген-тұғын. Жалпы, Еуропалық Одаққа кіретін бір­неше мемлекетте, атап айтар болсақ, Данияда, Швецияда, Сло­ве­нияда малды тірідей бауыздауға тыйым салынған.

Бельгиядағы жағдай Еуропа­лық Одақ­тың жануарларды қорғау мен сенім бостандығына қатысты заңының кере­ғар­лығын көрсетіп отыр. Бір жағынан, жануарларды қорғау, оларды азаптамау қажет екендігі түсінікті. Сондай-ақ Халықаралық адам құқықтары жөніндегі декларация кез келген азаматтың дін еркіндігі бар екенін, сеніміне қатысты діни жоралғыларды орындауға құқық береді.

Дегенмен, малды тірідей союға қар­сы­лықтың астарында тек жануарларды қорғау мәселесі жатпағаны бесенеден белгілі. Өйткені Фландриядағы оңшыл саясаткерлер өздерінің мұсылмандарға қарсы популистік ұстанымын халыққа жеткізу үшін бірнеше жерде осындай мәселе көтерген-тұғын. Мәселен, осы тыйымды алғаш ұсынған Бен Вейтс есімді саясаткердің оңшыл көз­қа­рас­та екені баршаға аян. Сондай-ақ Бель­гияның мұсылмандар және еврейлер қауымдастығы да тыйымның астарында саяси ойын жатқанына сенімді. Әйтсе де, бұл оқиға басы әрдайым пісе бермейтін екі тараптың бірігуіне мүмкіндік беріп отыр.

Словениялық философ Сла­вож Зизек ты­йымның саяси астары басым екеніне сенімді. Russian Today агенттігіне бер­­ген сұхбатында ол жануарларды қор­ғаумен айналысатындар малды діни жо­­ралғы бойынша соятындармен емес, ауыл шаруа­шылығы ферма­лар­ында күнде­лікті болатын жағ­даймен күресуі қажет екендігін айтады. Мәселен, «Тhe Guardian» басылымының мәлі­метіне сүйен­сек, Ұлыбри­та­ния­дағы ферма­лар­да малдарды тебу, теме­кімен күйдіру секілді қор­лаудың түр-түрі кездеседі екен.

Әзірге Бельгия секілді Еуро­паның бірқатар елінде малды халал тәсілмен тірідей союға тыйым салу мәселесі тал­қыланып жатыр. Жоғарыда айтып өтке­ні­міздей, осы тақырып жануар­лар­ды қорғаушылардың ғана емес, ұлт­шыл оңшылдардың негізгі мәселесіне айналған. Бұл қазіргі таңда кәрі құрлықта им­миграцияға қарсы көзқарастың белең алып тұрғанын көрсетеді.