Аймақтар • 02 Қыркүйек, 2019

Қарағандыда жаңа мектеп пайдалануға берілді

455 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы  «Панель-орталық» шағын ауданында жаңа мектептің тұсауы кесілді. №103 мектеп-лицейі деп аталатын бұл білім ошағы 1200 оқушыға лайықталып салынған.

Қарағандыда жаңа мектеп пайдалануға берілді

Аралас мектепте 32 сынып құрылған, олардың 20-ы балаларды қазақша оқытса, 12 сыныптағы сабақтар орыс тілінде жүргізіледі. Бүгінгі күнде мұғалімдер штаты толық жинақталған.

Мектептің ашылу салтанатында оқушылар мен ұстаздарды құттықтаған  облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров білім ошағының «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша салынғанын атап өтті.

– Бұл оқу орнының тарихы «Жастар жылында» басталды. Мектеп техникалық бағытта білім береді және қазіргі заманғы стандарттар бойынша жабдықталған. Модификацияланған кабинеттер, робот техникасы және авиамоделдеу зертханалары бар. Коворкинг орталығы және кең акт залы, асхана жұмыс істейді,  – деді ол.

Серік Шайдаров мектеп басшысына символикалық кілт пен «Ителлектум» кабинетін сатып алуға сертификат табыс етті. Инновациялық әдістеменің арқасында оқушылар стратегиялық ойындар арқылы креативті ойлау мен математикалық қабілеттерін дамыта алады.

Жаңа мектеп-лицейдің базасында балалардың қолынан шыққан ұшу аппараттарын сынай алатын облыстағы жалғыз картодром-алаң бар. Жас шеберлер үшін лазерлік-оймалау станогы сатып алынған.

Білім мекемесінің директоры Рахат Қазтаевтың айтуынша, мектеп жас буынды химия-биологиялық және жаратылыстану-математикалық бағытта оқытатын болады. Қосымша жеті IT-сынып ашылған.

Жаңашыл мектептің әкімшілігі Қарағандыдағы жоғары оқу орнының бірімен меморандумға отырып, соның аясында мұнда университет оқытушылары дәріс оқитын болады. Сондай-ақ мектепте тегін секциялар мен үйірмелер жұмыс істейтін болады, ұзартылған күн тобы ұйымдастырылған.

Мектептегі айта кетерлік тағы бір жаңашылдық – мұнда ата-аналар үшін өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейтін болады. Яғни, білім мекемесінің кіреберісінде компьютерлер қойылған, мұнда әркім өзіне қажетті анықтаманы алуына мүмкіндік жасалған.