Спорт • 03 Қыркүйек, 2019

«Егеменнің» жүлдесін «Хабар» жеңіп алды

175 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада жексенбі күні журналистер арасында өткен BAQ league-ның VI маусымы мәресіне жетті.

«Егеменнің» жүлдесін «Хабар» жеңіп алды

«Egemen Qazaqstan» газе­тінің 100 жылдығы аясында өткен маусымда бас жүлдені «Хабар» командасы жеңіп алып, алты дүркін чемпион атанды. Екінші орын «Астана ТВ» командасына бұйырса, «Qazaq radiolary» қолаға қол жеткізді. Бұл турнирде «А» лигасында бақ сынаған еге­мендік жігіттер төртінші орын­ды місе тұтты.

Сондай-ақ «Qazaq radiolary»­­ Жур­налистер кубо­гы­ның финалында «Хабарды» жеңіп, ауыспалы кубокты ие­ленді. Ал «В» лигасында «Қазмедиа В», «Спорт 59» және «Kazaknews.kz» коман­дала­ры үздік үштікті құрап, «А» лигасына жолдама алды.

«Egemen Qazaqstan» әр­дайым саламатты өмір салтын насихаттап, спорттық ша­ра­ларға қатысып келеді. «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығы аясында ұйым­дастырылған БАҚ лиганың VI маусымы соның дәлелі. Дәстүрге айналған турнирдің уақыт өткен сайын саны да, сапасы да артып келеді. Ойынның өте тартысты өткеніне куә бол­дық. Қатарынан алтыншы рет чемпион атан­ған «Хабар» арнасын, тур­нирдің кубо­гын жеңіп ал­ған «Qazaq radiolaryn»­­ құт­тықтаймын. Турнирде жүл­дегер болғандар мен барша қатысушыларға ризашылық білдіреміз. Сон­дай-ақ жедел ақпарат тарататын жур­налистерді спорт­тық шап­­шаңдыққа бау­литын, басымызды қосып, етене араласуға мүмкіндік бе­ретін турнирді керемет дәс­түрге айналдырған ұйым­дас­тырушы Әзиз Жұмаділге алғыс айтамыз», деді «Еге­мен Қазақстан» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.

Ал жарысты ұйымдас­тырушы Ә.Жұмаділ болса, турнирде ешқандай бұра тартушылық, бұрма­лаушылық болмағанын, келесі маусым биылғы жылдың қараша айын­да қайта басталатынын айтты.

«А» және «В» лигасы болып екіге бөлінген турнирде 17 команда бақ сынады. Жарыстың үздіктерін капитандар мен вице-ка­питандардың дауыс беру нәтижесі бойынша анықтады. Нәтижесінде, «А» лигасында «Үздік сұрмерген», «Үздік шабуылшы», «Үздік ойын­шы» аталымы бойынша Әлі­шер Келгенбай («Хабар») иеленсе, «Үздік қорғаушы» болып Бимухамед Букеев («Еларна») танылды. Ал «Үздік қақпашы» аталымы Дмитрий Покидаевқа («Астана ТВ») бұйырды.

Ал «В» лигасында үздік­тердің тізімі мынадай: «Үздік сұрмерген» – Нұр­әлем Жалғасұлы (NGQ), «Үздік қақпашы» – Қанат Ба­зыл­хан («Мазмұндама»), «Үздік қорғаушы» – Тимур Айт­мұханбетов («Қаламгер»), «Үздік шабуылшы» – Нұрәлем Жал­ғасұлы (NGQ) және «Үздік ойыншы» – Құмарбек Азат («Қазмедиа В»).

Алмас МАНАП,

«Egemen Qazaqstan»