Аймақтар • 03 Қыркүйек, 2019

Тоқшын ауылында 9 сиыр белгісіз кесел жұқтырған

315 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мал мамандары Аққайың ауданының Тоқшын ауылында 9 сиырдың белгісіз індет ауруын жұқтырғанын анықтаған. Тұрғындар Зеңгібаба түлігінің денелерінде белгісіз ісіктер пайда болып, аяқтарын баса алмай қалғанын байқап, дабыл қаққан.

Тоқшын ауылында 9 сиыр белгісіз кесел жұқтырған

Осы оқыс оқиғаға байланыс­ты БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Берік Әлжанов ауылдың бар малы аты жаман кеселге шалдықты деген қауесетті жоққа шығарды. Бастапқыда «нодулярлық дерматит» деген диагноз қойылғанымен, расталмаған. «Жұрт шулап жүргендей дерматит емес, тері қабынуы дертін жұқтыруы ықтимал. Қазір әр ауланың малына вакцина егілуде», деді ол.

Аурудың пайда болуына ауылдық округтің дәрігерін кінәлаушылар да жоқ емес. Олардың пайымынша, көктемге салым қажетті екпе шаралары жүргізілмеген көрінеді. Заң бұзушылық анықталған жағдайда ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 125 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін.

Мұндай белгісіз індет өңірімізде бұрын-соңды тіркелмеген. Кеселдің нақты емі табылғанша ет пен сүтті тұтынуға және сатуға тыйым салынған.

Б.Әлжанов қобалжуға еш негіз жоғын, жағдай бақылауда тұрғанын, дерт ушығатын болса, жедел түрде биологиялық сараптама алынып, лабораториялық зерттеуге жіберілетінін жеткізді.

Ауыл тұрғындары малдар антибактериялық препараттармен емделгендіктен, қазір лабораториялық зерттеулердің мүмкіндігі жоқтығына алаңдаулы. Жұмбақ ауру таралып кетпесе, денсаулығымызға зиянын тигізбесе екен дейді.

Солтүстік Қазақстан облысы