Аймақтар • 03 Қыркүйек, 2019

Он жеті мұғалім баспаналы болды

138 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Он жеті мұғалім баспаналы болды

Өңірдегі оқушылардың ҰБТ-ға қатысу үлесі 5 па­йыз­ға артып, 76 пайызды құ­рады. Шетелдік жоғары оқу орындарына оқуға кететін тү­лек­тер қатары да біршама азайған. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 1800 болса, биыл 583-ке түскен. Биылғы облыс тү­лектерінің 40 пайызы тегін оқуға мүмкіндік алып­­ты. Облыс бюджетінен осы мақсатқа қосымша 400 грант бөлініпті. Өскеменде өт­­кен аймақтағы білім беру қыз­мет­керлерінің тамыз конфе­ренциясында облыс әкімі Да­ниал Ахметов осындай де­рек­­терді келтірді. «Шығыс Қазақстандағы барлық 655 мек­тепті жаңа модификация компьютерлерімен және ин­тер­активті панельдермен жаб­дықтауды аяқтадық. Екі жыл ішінде 1125 мұғалім ІТ мамандығын игерді. Биыл Семей қаласында әлемнің үздік технологияларын оқы­татын инновациялық мек­тептің жобасын жасаймыз. Өскеменде 700 орындық дарынды балаларға арналған мамандандырылған математика мектебін ашамыз. Оның 320-сы аудандар мен қала­лар­дан ке­летін балаларға арналатын болады» деді аймақ басшысы.

Конференция барысында жылдағы дәстүр бойынша өңір­дің үздік білім ошақтары анықталды. Көкпекті ауда­нын­дағы Ж.Болғанбаев атын­дағы Самар орта мектебі «Үз­дік орта білім беру ұйы­мы», Семей қаласындағы элек­тротехникалық колледж «Үздік техникалық-кә­сіп­тік білім беру ұйымы» бай­қау­ларының жеңімпазы деп танылып, екі мекеменің бас­шыларына 34 миллион тең­генің сертификаты та­быс­талды. Ал аягөздік Бақ­ты­гүл Асылханова «Үздік тре­нер» атанып, 500 мың тең­ге көлеміндегі ақшалай сый­лыққа ие болса, 170 мың теңге көлеміндегі сертифи­кат ТКТ ха­лықаралық емтиха­­нының қо­ры­тындысы бойын­ша ағылшын ті­лі­нің әдіс­темесінен жоғары көр­сет­кішке ие болған Үржар ауда­ны Абы­лай­хан атындағы орта мектеп-ба­ла­бақ­шасының ағылшын және француз тіл­дері пәнінің мұғалімі Гүлжан Со­ве­товаға бұйырды.

Бір қуаныштысы, Даниал Ахметов шара барысында өске­мендік 10 мұ­ғалімге пә­тер кілттерін табыс ет­ті. Орайы келгенде айта кете­йік, Өскемен қалалық та­мыз кеңесінде де 7 ер мұға­лімге пәтер кілті тарту етіл­ген-ді. «Сонда, жалпы саны 17 ұстазымыз жаңа оқу жылында жаңа қонысқа көше­тін болады. Пәтер иелері атан­ған мұғалімдердің 10-ы ер адамдар, көпшілігі жас ма­мандар. Бұл мамандар тап­шылығы мәселесін шешуге, ер адамдарды мектепке тарту бойынша қағидамызды іске асыруға арналған қадам­дар. Естеріңізде болса, был­тырғы тамыз кеңесінде ер мұғалімдерді пәтермен қам­туға көңіл бөлетінімізді айт­қан едім. Біз бұл бағыттағы жұ­мыстарымызды жалғас­тырамыз, ер мұғалімдерді қала мектептеріне жұ­мысқа шақырамыз» дейді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.

Шығыс Қазақстан облысы