Футбол • 03 Қыркүйек, 2019

Теңбіл доптың теңдессізі атануға кім лайық?

305 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ФИФА-ның тұжырымы бойынша 2019 жылдың ең үздігі атағынан үміткер үш футболшының есімі анықталды. Олар – Лионель Месси, Криштиану Роналду және Вирджил ван Дейк.

Теңбіл доптың теңдессізі атануға кім лайық?

Бүгінгі таңда жоғарыда есімдері аталған жігіттердің барлығы да жасыл алаңда жасындай жарқырап жүр. Мәселен, 32 жастағы «Барселонаның» беткеұстары Лионель Месси мен 34 жастағы «Ювентустың» жұлдызы Криштиану Роналдудың спорттың бұл түрінде толағай табыстарға қол жеткізді. 2008-2017 жылдар аралығында қос саңлақтың әрқайсысы «Алтын допты» бес реттен иеленді. Бұл жайт бақандай тоғыз жыл бойы олардың өзгелерден оқ бойы озық болғанын анық аңғартады.

Бұл күндері «Ливерпульдің» сапында өнер көрсетіп жүрген 28 жастағы голландиялық қорғаушы Вирджил ван Дейк те соңғы уақытта асқан шеберлік танытуда. Биыл ол УЕФА тағайындаған «Еуропаның ең үздік футболшысы» атағын жеңіп алған болатын.  

Ал өзге аталмыдар бойынша мыналар жылдың үздігі атануға үмітті:

Әйелдер арасында ең үздік ойыншы –Люси Бронз (Англия, «Олимпик Лион»), Алекс Морган (АҚШ, «Орландо Прайд») және Меган Рапино (АҚШ, «Рейн ФК»).

Ерлер арасындағы ең үздік қақпашы – Алиссон (Бразилия, «Ливерпуль), Эдерсон (Бразилия, «Манчестер Сити») және Марк-Андре тер Штеген (Германия, «Барселона»).

Ерлер арасындағы ең үздік бапкер – Пеп Гвардиола (Испания, «Манчестер Сити»), Юрген Клопп (Германия, «Ливерпуль») және Маурисио Почеттино (Аргентина, «Тоттенхэм»).