Руханият • 03 Қыркүйек, 2019

Азия қаламгерлерінің алқалы жиыны өтті

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында 4-6 қыркүйек  күндері ел астанасында өтетін Азия елдері қаламгерлерінің І форумына арналған баспасөз конференциясы өтті.

Азия қаламгерлерінің алқалы жиыны өтті

Тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл форум Азия құрлығында орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды бірқатар мақсат-міндеттерді көздейді.

Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет брифингте айтты. «Оңтүстік Корея, Қатар және Моңғолия елдерінен Нобель сыйлығына 3 номинант келе жатыр. Құрлықтағы 45 мемлекеттің 44-інен жазушы шақырдық. Нәтижесінде 35 елден 80-ге жуық қаламгер келмек. Ұйымдастыру жұмыстарына мемлекет өзі қолдау көрсетіп отыр. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мырза шараны ұйымдастыруға тікелей атсалысса,  Мемлекет басшысы форумның ашылуына қатыспақшы. Осының өзі әдебиетке деген оң көзқарас қалыптасқанын көрсетеді», – деді Ұлықбек Есдәулет. Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов аталмыш форумды 3 жылда бір рет өткізу ұсынылатынын айтты. «Азия қаламгерлеріне осы форумды 3 жыл сайын әртүрлі мемлекетте өткізуді ұсынбақпыз. Сондай-ақ, Азия жазушылары комитетін құрып, штаб-пәтерін Нұр-Сұлтан қаласында ашуды жоспарлап отырмыз. Аударма ісіне, соның ішінде қазақ авторларын Азия тілдеріне аудару бойынша да нақты ұсыныстарымыз бар. Форум барысында осы тақырыптарда пікір алмасып, келіссөздер жүргіземіз», – деді вице-министр.  

Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезектің сөзінше, әдеби шара барысында пайдалы дәрістер мен ашық пікірталастар жоспарланған. «Форум жұмысы 3 күнге созылады. Ертең пленарлық отырысы өтеді. Екі бөлімде 11 спикер баяндама оқиды. Келесі күні TED.9 форматында арнайы шара өтеді. Онда 10 спикер дәріс оқып, еркін форматта сұхбаттасады. Сондай-ақ, Абай көшесінің бойында «Қаламгерлер аллеясы» ашылмақ. Онымен қоса Орталық Азия қаламгерлерінің кездесуі өтеді. Форум шеңберінде жас Азия қаламгерлерінің кездесуі де жоспарланған», – дейді ол.