Президент • 04 Қыркүйек, 2019

Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құратын уақыт жетті - Қ. Тоқаев

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы бүгін Азия елдері қаламгерлерінің І форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құратын уақыт жетті - Қ. Тоқаев

«Бүгін мен осы форумға өзек болатын бірқатар маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Жаһанданудың шығыстық дәстүрі нақты сипатқа ие болып, кеңейе түсуде. Мысалы, қазір Ұлы Жібек жолының экономикалық мән-маңызы ғана көбірек айтылады. Шын мәнінде оның тұтас өркениеттерді тоғыстыратын күшке ие болғаны ескеріле бермейді. Бүгінде Азияның озық экономикасымен бірге әдебиеті, өнері, білім жүйесі де алдыңғы қатарға шықты», деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Азия қаламгерлері форумы шығармашылық қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек.

«Бұл маңызды шара Азия елдерінде қуатты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіл әлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан, әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта «Азия алыбы» әдеби сыйлығын тағайындаған жөн. Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек», деді Қ. Тоқаев. 

Сондай-ақ Президент Азия қаламгерлері туындыларының бірыңғай платформасын құру жайына тоқталды.

«Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құратын уақыт жетті. Бұл Азияның теңдессіз дүниетанымы жинақталған баға жетпес асыл қазынаның есігін жер жүзіне айқара ашатын құнды дүние болары сөзсіз. Осындай игі бастамаларды іске асыру жұмысы – қаламгерлерімізді біріктіріп, Азия әдебиетін жаңа белеске шығарады деп сенемін. Бүгінгі форум жұмысын табыс тілеймін», – деді ел Президенті.