Спорт • 04 Қыркүйек, 2019

«Кремль кубогына» Қазақстанның қос теннисшісі қатысады

209 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

14-20 қазан аралығында теннистен Мәскеуде өтетін «Кремль Кубогы» жолындағы жарыстың ерлер сайысына Қазақстанның қос теннисшісі қатысады. Олар ­­– Михаил Кукушкин мен Александр Бублик.

«Кремль кубогына» Қазақстанның қос теннисшісі қатысады

Жүлде қоры 823 мың АҚШ долларын құрайтын АТР санатындағы дүбірлі дода Ресейдің астанасында 1990 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Ерлер турнирінде ең көп табысқа жеткен корт қожайыны Евгений Кафельников. 1997-2001 жылдар аралығында ол қатарынан бес мәрте топ жарды. Әйелдер сайысында франциялық Мари Пьерес пен ресейлік Анастасия Мыскина екі реттен дара шықты. Қазақстанның теннисшілері арасынан ең үздік нәтижеге Михаил Кукушкин қол жеткізді. 2013 жылы жерлесіміз финалға дейін жетіп, шешуші сында Францияның саңлағы Ришар Гаскеге есе жіберді. Былтырғы жылғы дода Ресейдің қос ойыншысы ­– Карен Хачанов пен Дария Касаткинаның жеңісімен аяқталды.

Биылғы Кремль кубогына да кіл мықтылар қатысады. Мәскеу кортына шығатындар арасында Даниил Медведев пен Карен Хачанов (Ресей), Марин Чилич (Хорватия), Душан Лайович (Сербия), Филипп Кольшрайбер (Германия), Жереми Шарди (Франция), Андреас Сеппи (Италия), Иво Карлович (Хорватия) және тағы басқа сайыпқырандар бар.