Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2019

Ауыл тұрғындары баспаналы болды

187 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Өңірде жыл сайын қоныс тойын тойлаушылар көбеюде.

Ауыл тұрғындары баспаналы болды

Биыл да білім күніне орай, Жамбыл ауданына қа­­расты Аса ауылындағы «Бәйтерек» шағын ауда­нында жаңа тұрғын үй пай­далануға берілді. Оған Жам­был облысының әкімі Асқар Мырзахметов арна­йы қатысып, пәтер иелері­не кілттерді салтанатты жағ­­дайда тапсырды. Ал бұл баспана тұрғындарға арен­­далық негізде беріліп отыр. Пәтерлер негізінен көп балалы және толық емес отба­сыларға берілді.

Аса ауылында барлығы 18 отбасы қоныс тойын тойлауда. Аудандық бюджеттен қарастырылған қаржыға бой көтерген құрылысты «Бином» жауапкершілігі шектеулі се­ріктестігі жүргізген. Жоба құны 146,9 миллион теңгені құрайды.

Облыс бойынша көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақ­сатында үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында 120 көп балалы отбасына пә­тер кілті тапсырылғанын айта кетейік. Оның 93-і арендалық үй болса, 27-сі демеушілер есебінен берілді. Өңірде жыл соңына дейін 493 көп балалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған болатын.

Сондай-ақ тұрғын үй ке­зегі келгенге дейін көп бала­лы отбасылардың тұрғын үй мәселесін уақытша шешу үшін 612 пәтерлі 12 жатақха­на құ­рылысына тиісті қара­­жат қарастырылып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Со­­нымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында үс­тіміздегі жылы барлығы 17,6 мил­лиард тең­геге 30 көпқа­батты 2 118 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 28 көп­қабатты 1988 пәтерлі тұрғын үйлер пайдалануға берілетін болады.

Жалпы, Конституция күні және Білім күні мерекелеріне орай, облыс бойынша 800-ге жуық пәтерді құрайтын 11 көп­қабатты тұрғын үй пай­далануға берілді. Оның 9-ы Тараз қаласында болса, 2-еуі Жамбыл және Талас аудандарына тиесілі.

 

Жамбыл облысы