«Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз», – деген Мемлекет басшысы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ұсына отырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет екенін түйіндеді.
Жақында құрылып, жұмыс істей бастаған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі халықпен тығыз байланыс орнату, қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аударуды басты бағытына айналдыра білсе, осы тұжырымдаманы іске асыруға мұрындық болуға тиісті бірден-бір тетікке айналар еді.
Жолдауда көдедей көп шенеуніктер мен ұлттық компаниялар санын біртіндеп азайтып, бес жылда 25 пайызға қысқарту, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру, ғұламамыз әл-Фарабидің 1150 жылдық, ұлы ойшыл ақынымыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын лайықты, ысырапсыз атап өту, Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға әлем назарын аудартарлықтай деңгейде өткізу туралы байламдары көңілге қонды.
Біздің бәрімізді толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталып: «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді!» деп кесіп айтқаны көкейдегі үлкен түйткілге нүкте қойғандай болды.
Алты Алаштың тамыры – ауылда. Ауыл біздің әдет-ғұрып, салт-санамыздың, ұлттық өркениетіміздің қайнар көзі, уызды ұясы. Ауылдың уығы құлап, керегесі қисайса – біздің қабырғамыз қайысады. Сондықтан да, Президенттің өз Жолдауында: «Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырамын» дегені, сонымен қатар, ауылды жақсы жолдар салып, ауыз су және газбен, қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету сияқты көкейкесті мәселелерді шешумен бірге мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге қаржы бөлетіні көңілден шықты.
Жолдауда қазіргі мектеп оқулықтарының сапасының төмендігіне назар аударып, оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз етуге Білім және ғылым министрлігін тікелей міндеттеуі де көптің күткен шешімі дер едім. Сондай-ақ бұған дейін биліктің көзінен қаға берісте, тысқары қалып келген мәдениет қызметкерлерін қолдау мәселесіне бұл Жолдауда баса назар аударылды. Ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің жалақысын көбейту және сол арқылы жас мамандардың жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатысуын қамтамасыз етуді қолға алуы өте орынды болды.
Мемлекет басшысы алдағы жылдан бастап, көп балалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларды баспанамен қамту, шын мәніндегі жәрдем мен қолдауға зәру, көмекке мұқтаж жандарға ғана жедел қолдау көрсету мақсатында: «кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керек!» деп, Үкіметке тікелей тапсырма беруі көп жайды аңғартады.
Жолдаудағы әлеуметтік салаға қосымша қаржы бөлгізу, шағын бизнесті салықтан босату, үш жылға дейін тексеруден құтқару, бейбіт жиын өткізуге рұқсат беру, ұлттық қорды тиімді пайдалану, қарапайым адамдардың зейнетақы қорындағы қаржысын өздері пайдалануына мүмкіндік беру туралы айтқандары көңілге қонымды болды.
Қысқасы, Президент Тоқаевтың Жолдаудағы тұжырымдары еліміздің бүгіні мен болашағы үшін ізгілікті де игілікті бағыттар ұсынуымен құнды екені анық. Енді бұл тапсырмаларды іске асыру және орындалуын қадағалау атқарушы орындарға сын.
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты