Экономика • 06 Қыркүйек, 2019

Өзара сауда байланысы нығаяды

327 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында «Украина – Қазақстан, Орталық Азия» тақырыбында Қазақстан – Украина бизнес-форумы өтті. Шараға екі елдің өңірлік мемлекеттік органдары, бизнес-қауымдастық өкілдері, инвестициялық компаниялар, қаржы институттары, несиелік ұйымдар қатысты.

Өзара сауда байланысы нығаяды

2014 жылғы Ресей мен Украина арасындағы шиеленіскен геосаяси ахуал­дан кейін Ресей Украинаның тауарларын өз аумағы арқылы Орталық Азияға тасымалдауға тыйым салғаны белгілі. Нәтижесінде Қазақстан мен Украина арасында сауда айналымы 2014 жылғы 4,6 млрд доллардан 4,5 есе қысқарып, 2018 жылы 1 млрд долларды ғана құраған. Мәселеге алаңдаушылық біл­дірген Украинаның Қазақстан­дағы елшісі Иван Кулеба бизнесті Қазақстан мен Украина арасындағы экономикалық ынтымақтастық процесіне тарту қа­жеттігін атап өтті. «Бұл әрекеттер екі ел арасындағы экономикалық ынты­мақтастық процесін күшейтеді. Украи­налық бизнес Қазақстан Үкіметінің реформаларын толық қолдайды. Бүгінгі таңда Қазақстанда инвестиция тарту үшін ең қолайлы жағдайлар жасалды. Елде қолжетімді жеңіл­діктер пакеті украиналық бизнес үшін, оның ішінде қазақстандық серік­тес­термен бірлескен кәсіпорындар құру үшін тартымды. Украиналық компаниялар осы бағыттағы қазақ­стандық бизнестің серіктесі бола алады», деген елші екі елдің экономи­калық ынтымақтастығына биз­нес­мендерді көптеп тартып, арадағы алыс-берісті қайта жан­дандыруға мүдделі екенін білдірді. Сонымен қатар И.Кулеба өзара тауар тасымалдаудағы қиындықты айналып өтудің бір жолы бірлескен кәсіпорындар ашып, өндірісті бірге қолға алу екенін жеткізді.

«Kazakh invest» ҰК» АҚ Бас­қарма төрағасының орынбасары Ға­лым Өзбеков шара барысында ин­вестициялық, сауда-экономи­калық салалардағы өзара тиімді ын­ты­мақтастықты одан әрі тереңдетуге және дамытуға үлкен көңіл бөлін­генін мәлімдеді. «Қазақстан үшін Украина – маңызды стратегиялық серік­тестердің бірі. Біз инвестиция са­ласындағы ынтымақтастық әлеуетін одан әрі арттыруға ұмты­ламыз. Ол үшін барлық қажетті тетік бар. Бүгінгі таңда Қазақстанның инвестициялық әлеуеті жоғары деңгейде, Орталық Азиядағы тікелей инвестиция тарту бойынша көшбасшы», деді Ғ.Өзбеков.

Айта кетейік, Украинадан Қазақ­станға тікелей шетелдік инвес­тиция ағыны 2005 жылғы 0,8 млн доллардан 2018 жылы 53,4 млн долларға дейін өсті. Ал 2019 жылдың бірінші тоқсанына бұл көрсеткіш 14,2 млн долларды құрады. Жалпы, 2005-2019 жылдар ара­лығында украиналық кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына 156,6 млн доллар тікелей инвестиция құйған. Ал Қазақстан кәсіпкерлерінің Украинаға салған қаражаты төрт жылда 490,5 млн долларды құрап отыр. Бүгінгі таңда Қазақстанда Украинаның қатысуымен 1559 компания тіркелген олардың 898-і белсенді жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар форум барысында Қазақстан мен Украина арасындағы сау­даны ұлғайту, Украинадан Қазақстанға және басқа да Азия елдеріне және қарама-қарсы бағытта тауар жеткізу үшін көлік-логистикалық инфрақұрылымды оңтайландыру, прогрессивті технологияларды, IT-жобаларды, инновация және инвестиция тарту, Қазақстан мен Украинаның бизнес өкілдері үшін өзара тиімді келісімдер жасасу, сонымен қатар проблемалық мәселелер сөз болды.