Кеше Мәжілісте “Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі” атты ғылыми-практикалық конференцияға келген қонақтардың қатысуымен Наурыз мейрамына орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов құттықтау сөз сөйледі, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Армысыздар, ардақты ағайын, құрметті әріптестер, қадірлі қонақтар! Міне, әз-Наурыз да келіп қалды. Бүкіл табиғат жаңарып, Жер-Ана ұзақ ұйқысынан оянып, бусанып, көктем тынысы сезілуде. Наурыз елімізге үлкен қуаныш әкелуде. Наурыз – жыл басы. Өткен жыл еліміз үшін табыссыз болған жоқ. Әлемдік қаржы дағдарысының кейбір әсерін сезінсек те, Қазақстанның экономикасы, әлеуметтік саласы ел Президентінің көрегендік саясатымен, жедел қолға алған шешімдерінің арқасында қиналмай өтіп келеді, деді Төраға.
Мәжіліс Төрағасы сөзінің соңында былай деді: Наурыз құтты болсын! Әр шаңырақта ырыздық, береке болсын. Ең бастысы, елімізді ынтымағынан айырмасын! Наурызда айтылар ізгі тілектер қабыл болсын! Еліміз өрлей берсін!”
Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті Өмірзақ Айтбаев жиналғандарды Наурыз мейрамымен құттықтап: “Елімізден береке, халқымыздың маңдайынан бақ кетпесін! Мемлекеттік тіл деп, ел деп жүрген керемет жандарсыздар. Бәріңіз де бақытты болыңыздар! Жандарыңызды ешқашан мұң баспасын!” деп тілегін жеткізе келіп, халықтың “Екі жирен” әнін орындап берді.
Мерекеге жиналған қауымға Президенттік Мәдениет орталығы ұлттық дәстүрлер театрының ансамблі күйден шашу шашты. Осы ұжымның әншілері Гүлмира Сарина, Перизат Тұрарова және Гүлзира Бөкейханқызы әуелете ән шырқады.
Наурыз мейрамына орай қонақтарға наурыз көже беріліп, ұлттық тағамдардан дәм ұсынылды.