Әлем • 09 Қыркүйек, 2019

Борис Джонсон Британ Парламентін таратпақ

308 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлыбританияның Премьер-министрі Борис Джонсон таяуда II Элизавета патшайымнан ел Парламентінің жұмысын тоқтатуды өтінді. Брекситтің аяқталуына аз қалғанда Б.Джон­сон мырзаның мұндай қадамға баруы Тұманды Аль­бион­­ды тығырыққа тіреді.

Борис Джонсон Британ Парламентін таратпақ

Оқырманға түсінікті болу үшін мына мәселені айта кеткен жөн. Ұлыбритания 2016 жы­лы референдум өткізіп, дауыс бергендердің 52 пайызы Еуро­палық Одақтан шығуды қолдап шықты. Содан бері Бірік­кен Корольдіктің «Кәрі құр­лықпен» қоштасуы әліге дейін созылып келеді. Оның өз себебі бар. Қырық жылдан астам уақыт ішінде Ұлыбритания мен Еуропалық Одақ елдері етене араласып кеткені белгілі. Сауда, қауіпсіздік, миграция, экономика салаларында көптеген ке­лісім жасалған. Біріккен Король­дік ұйым құрамынан шы­ға­тындықтан, бұрынғы құжат­тардың бәрін қайта қарастыру қажет.

Әзірге ЕО мен Ұлыбритания тарапы ортақ келісімге келе алмай отыр. Мәселені оңтайлы ше­шу үшін Брекситтің мерзі­мін бірнеше рет созған болатын. Соңғы рет Еуропалық Одақ шенеуніктері Тұманды Альбион­ға 31 қазанға дейін мұрсат берді.

Таяуда ғана Премьер-ми­нистр лауазымына тағайын­дал­ған Борис Джонсон Брек­сит ­мә­селесінде айла­керлік жасап кетті десек, қателеспейміз. Заң бойынша, жаңа үкімет бекіт­ілген соң олар өздерінің бағ­дарламасын жариялауы керек. Әзір болған құжатты патшайым халыққа таныстырады. Ал осы мерзім аралығында Парламент өз жұмысын уақытша тоқтатуы тиіс. Брекситті қайткен күнде де аяқтауды көздейтін Борис мырза осы ньюансты ұтымды қол­данып, патшайымнан Парла­мент жұмысын тоқтатуды сұрап, өз бағдарламасын ұсынаты­нын мәлімдеді.

Патшайым II Элизавета көп ұзамай-ақ Б.Джонсонның ұсы­­­нысын қанағаттандырды. Соған сәйкес, Парламент жұмы­сын тоқтату (пророгация) 9-12 қыркүйек аралығында күшіне еніп, 14 қазанға дейін созылады. Б.Джонсонның жоспары бойынша, 14 қазанда Элизавета II жолдау жасамақ. Онда жаңа үкіметтің жоспары таныстырылады.

Әдетте Британия Парламен­тінің жұмысы жыл сайын уа­қытша тоқтатыла тұрады. Осы мерзім аралығында заң шығару жұмыстарының бәрі кейінге ше­геріледі. Ал қабылданып үл­­гермеген заң жобалары кү­шін жояды. Негізі Парламент мү­шелері мен министрлер өз орнынан түспейді. Яғни, бұл – Парламетті тарату әдісі емес. Алай­да депутаттардың осы мер­­­зімде заңдық құжатты қа­был­дауға құзыреті жоқ. Оның бәрі патшайымға жүктеледі. Ұлы­­­британия Парламентінің де­пу­­таттары жазғы демалыс­тан 3 қыркүйек күні келді. Олар Премьердің ұсынысына қар­­сы әре­кет жасауы үшін 9 қыр­күйекке дейін уақыты бар. Со­дан кейін депутаттардың құ­зы­реті 14 қазан­ға дейін шек­теледі.

Премьер-министрдің мұн­­­­­дай
қадамы Парламент мү­ше­ле­ріне ұнаған жоқ. Қауым­дастар па­латасының (House of Commons) мүшелері үкі­мет бас­­шысының әрекеті заң­ға қай­­­шы деп есептейтінін жет­кіз­­­ді. Мәселен, Лейбористер пар­­­тиясының жетек­шісі Том Уотсон туиттердегі па­рақ­ша­сына «Бұл қадам біздің демократиямызды қорлау» деп жазды. Ал Шотландияның Бірін­ші министрі Никола Стерд­жен бұл күнді Бри­тания демо­кра­тиясындағы қаралы күн екенін мәлімдеді.

Дегенмен Борис мырза өзі­не тағылған айыппен келіс­пейді. Ол өз жоспарын таныс­тыру үшін Брекситті күту­ге құлықты емес. Сон­дай-ақ Еуропалық Одақтан шы­ғу мәселесін талқылауға Парла­мент­­тің уақыты жетеді деп есепт­ейтінін мәлімдеген-тұғын. Оның үстіне, Б.Джонсон ЕО-дан шығу мерзімін ұзартуды сұрамайтынын, қандай жағдай болсын, Ұлыбритания Одақпен қоштасатынын жеткізді.

Премьер-министрдің Пар­­­ламент жұмысын тоқтата тұру туралы мәлімдемесінен кейін Ұлы­британия көшелерінде жап­пай шеру басталды. Мәсе­лен, Лондон, Манчестер, Лидс секіл­ді Англияның ірі қала­ларын­да мың­даған адам өз нара­зылықтарын білдірді. Ел астанасы Лондонға жи­нал­ған шерушілер премьер-ми­нистр­дің резиденциясына келіп, түрлі лозунгтарын айтып, қар­сылықтарын көрсетті. Сон­дай-ақ Парламент жұмысын уақытша тоқтатуға қарсы пети­цияға қол қойғандар саны миллионнан асып жығылады.

Уақыттың тығыздығына қа­ра­мастан, Парламенттің әлі де таразы басын өз тарапына ауда­руға мүмкіндігі бар. Бұған дейін «Брекситті» келісімсіз аяқтауға қар­сылар өзара тіл табыса алмай келген. Борис Джонсонның Парламент жұмысын тоқтату туралы ұсынысы олардың басын біріктіруі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда Премьер-министрге оңайға соқпайды.

Сондай-ақ Парламентте Премьер-министрге сенімсіздік біл­діру мәселесі талқылануы мүмкін. Лейбористер партиясы­ның жетекшісі Джереми Корбин өз сөзінде Джонсон үкіметіне сенім­сіздік білдіруді көтеретінін айтқан болатын. Алда-жалда депутаттар оның ұсынысын қолдаса, 14 күн мерзім бекітіледі. Осы уақыт аралығында не Борис Джонсон, не басқа партияның көшбасшысы депутаттардың ба­сым бөлігінің қолдауына ие екенін дәлелдеуі тиіс. Егер 14 күн ішінде үкімет құрамы бекі­тілмесе, жалпы сайлау өтеді.

Алда-жалда сенімсіздік біл­діру мәселесі көтеріле қал­ған жағдайда, қазіргі таңда депу­тат­тардың уақыты аз. Оппо­зи­ция тарапы жедел түрде жа­­­ңа үкімет құрамын бекітіп үл­гер­­месе, 9 қыркүйектен бас­тап­ Пар­ламент жұмысы тоқ­та­ты­лады. Осылайша, мұрсатқа бе­ріл­ген 14 күн өте шығады. Мұн­дай жағ­дайда Тұманды Аль­бион жал­пы сайлауға әзір­лікті бастап кетпек.

Бұдан бөлек, Парламент депу­таттары Еуропалық Одақ­тан келісіммен ғана шығуға мін­деттейтін заңды құжат қабыл­дауы мүмкін. Ондай жағдайда, үкімет Еуроодақтан Брекситті аяқ­тау үшін тағы мұрсат беруін сұрайды.

Қысқаша айтқанда, Борис Джонсонның күтпеген қадамы Британияны әуре-сарсаңға салып қойды. Осылайша, Парламенттің тағдыры, жалпы сайлау және Брексит мәселесінің түйіні одан сайын күрделене түсті.