Ахмет Байтұрсынұлы • 10 Қыркүйек, 2019

Ұлт ұстазын ұлықтайтын күн

1707 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ел жұртшылығы екінші жыл Қазақ­стан халқы тілдері күнін ұлт ұс­тазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен орайластырып атап өтті.

Ұлт ұстазын ұлықтайтын күн

2017 жылғы қазан айының 31 жұл­дызында «Қазақстан Респуб­ликасында мереке күндер тізбесін бекіту тура­лы» Үкімет қаулысымен Қазақ­стан халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланатын бо­лып ресми бекітілген еді. Естеріңізде болса, бұрын бұл мереке қыркүйек айының үшінші жексенбісінде тойланатын. Айта кету керек, Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің өзін­дік сыры бар. Өйткені бұл күн – хал­қының азаттық жолына басын тіккен, ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Бай­тұрсынұлының туған күні. Тіл ме­­рекесін «Өз ті­лімен сөйлескен, өз тілі­мен жаз­ған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды» деп, қоғамдық сананы тіл тазалығын сақтауға үндеген Ұлт ұстазының туған күніне орайластыру – тәуелді санадан құтылғандығымыздың жарқын бір көрінісі, елдігіміздің бір айғағы.

Ахаңның 145 жылдық мерекесіне орай қабылданған бұл шешім қоғамдық қызметі, сан салалы шығармашылық тұғыры асқақ тұлғаға жасалған тағ­зымның бір көрінісі ғана. «Ұлттың сақ­талуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» екендігін айтып, қазақ халқының азат тағдыры мен тілі үшін күрескен Ахаңның туған күнін тіл мерекесімен ұштастыру – жас ұрпаққа үлкен өнеге болары анық.

«...Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді» деп Сәкен Сейфуллин баға берген қазақтың асыл ұлының туған күніне орай тойланатын Тіл мерекесінің мәні мен мағынасы қаншалықты тереңде екенін осыдан-ақ сезінуге болады.

Кез келген халықтың ұлттық ерек­шелігін танытып, ғасырлар тереңіне бойлауына мүмкіндік беретін қасиетті құралы – тіл. Сүйенетін тамырдан ада болған ел қаңғырған қаңбақтай домаланып, ұлттық құндылықтарынан да қол үзетінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мерекеге орай тілдің әлеуметтік маңызы туралы ақпараттарды мейлінше таратып, жұртшылықтың жадын жаң­ғырту мәселесін басты орынға қойып отырмыз. «Тіл-Қазына» ұлттық орта­лығының ғалымдар қауымы осы төл мерекенің сан қырын ашатын мақалалар жазып, оны БАҚ арқылы жұртшылыққа жеткізуді жоспарлап отыр.

Бұл айда атқарылатын шаралардың ішіндегі ең өзектісі ретінде оқыту­шылар арасында өткізілетін Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы респуб­лика­лық байқауды атап өтуге болады. Бай­қаудың мақсаты – Ахаңның ғылыми-педагогикалық мұраларының сабақ­тас­тығын жалғастыру. Үш кезеңнен тұратын байқауда қатысушылар өз­дері, еңбектегі жетістіктері туралы бей­не­таныстырылым жасап, педагоги­калық-психологиялық жағдаяттарға арнал­ған арнайы тапсырмаларды орындау барысындағы ұшқырлықтарын танытады. Сондай-ақ 20-25 минут көлемінде сабақ үлгісін көрсетіп, өз тәжі­рибелерімен бөліседі. Аталған шара осымен екінші рет өткізілмекші. Озық тәжірибемен таныстырып, жаңа­шыл бағыттағы шебер ұстаздарды на­­си­хаттауға арналған байқауға қа­ты­самын деп ниет білдірушілер саны­ның артуы аталған шараның маңыз­дылығын байқатса керек. Сонымен қатар қазақтың жазба поэзиясының негізін салушы Абайдың есімімен аталатын «Абай оқулары» республикалық бай­қауын өткізуді жоспарлап отыр. Қазақ халқы – Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының тұрғындарын шоғыр­ландырушы халық, ол – елдің тари­хи діңгегі. Оның құндылықтары, ата­мекені, тәуелсіздігі және егемендігі Қазақ­станды мекендеуші этнос өкіл­дері тарапынан құрметтелуде. Ал ғұ­лама Абай – ата-бабамыздың рухани уызын кейінгі ұрпаққа жеткізуші. Ен­деше ақын мұраларын өскелең ұр­паққа кеңінен насихаттаудың ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда берері мол. Жастарды ақын мұраларымен етене жақындастыру, оның қара сөздері мен өлеңдерін жатқа оқыту, өткен күн­дердің елесін қайта жаңғырту арқы­лы тек қазақ халқының ғана емес, бас­қа ұлт өкілдерінің санасындағы ел­сүйгіштік сезімді күшейту – бүгінгі күннің өзекті міндетінің бірі. Сол себепті де бұл байқау дәстүрлі түрде ұйым­дастырылып, Абай шығармаларын насихаттау арқылы халықтың сөз өне­ріне деген құрметін арттырып, тұр­ғындардың тіл мәдениетін дамытуға тың серпін беру көзделеді.

Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы ел Президентінің Жарлығы жа­рия­лан­ған уақыттан бері Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты коми­тетінің тапсырмасымен бірнеше бағытта жұмыстар жүйелі атқарылып келеді. Ең алдымен әліпби және оның емле ережелеріне байланысты сауалнама, сынама жұмыстарын жүргізу қолға алынған болатын. Мемлекеттік қызметшілерді, түрлі сала мамандарын, қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарын қамти отырып ат­қарылған бұл жұмысқа жұртшылықтың бейжай қарамауы жаңа реформаның маңыз­дылығын ел тұрғындарының терең түсінгендігін байқатады. Бұл жұмыстар әлі де жал­ғасуда. Оған ғалымдар, тіл ма­ман­дары, әдіскерлер, мемлекеттік қыз­меткерлер, жастар, оқушылар тартылуда.

Сонымен қатар емле ережелерін үйрету курстары ұйымдастырылып, тыңдаушы ретінде қатысқан мұғалімдер мен әдіскерлерге жаңа емле бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жат­қандығын да айта кеткіміз келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен өңірлерді қамтып отыр. Елордада ұйымдастырылып отыр­ған курстар 72 сағатты құраса, өңірлерде 12 сағаттық курстар өткізілуде.

Бүгінде қоғамда ақпараттық техноло­гиялардың алатын орны ерекше. Кез келген адамның бірінші көмекшісі компьютер мен смартфон екені белгілі. Сон­дықтан біз де бұл бағыттан тыс қал­­­май, латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиін және оның емлесін үй­ретуде инновациялық технологияларды қолдана отырып, бірнеше ауқымды жобаларды әзірлеген болатынбыз. Атап айтқанда машиналық оқыту негізінде тілді оқытуға арналған «Tilqural.kz» порталы, мемлекеттік тілге арналған веб және ІТ-инфрақұрылым құру бо­йынша Sozdikqor.kz порталы іске қосылып, iOS, Android үшін ойын форматында 5 мобильді қосымша жасалды. Латын графикасымен таныс емес бала­ларға «IQdos» және «Durys sóıleıik» ани­ма­циялық фильмдері әзірленді. Осы бағытта жасалған жұмыстардың ішіндегі бірегейі ретінде «Qazlatyn.kz» ұлт­тық порталы туралы айта кеткен жөн. Пор­талда қазақ әліпбиінің латын графикасына көшу барысы жайындағы барлық дерек­тер жинақталған. Сондай-ақ порталда орналасқан көпфункционалды конвертерді пайдаланып, электронды мәтінді кирилден латынға, төтеге жә­не керісінше сәйкестендіруге болады. Пай­даланушы 5000 символға дейінгі мәтінді көшіріп салу арқылы немесе қолмен теру арқылы сәйкестендіреді. Қол­данушыға ыңғайлы болу үшін Microsoft Office форматындағы кез келген құжатты файлдық конвертер арқылы кон­вертациялау жүйесі де іске қосылған. Қолданушылар конвертердің Windows-қа арналған офлайн нұсқасын, iOS, Android жүйелеріне арналған қосым­шаларын, GitHub веб-сервистік порталына арналған қосымша плагиндер жиы­нын, Microsoft Office пакетіне ар­налған қосымшаларды, Chrome брау­зеріне арналған конвертердің пла­гинін, SMS және деректер базасына арналған конвертерді жүктей алады. Бүгінде сайтта – 30541 көрілім, ал құ­жаттарды аудару – 2049 болса, жалпы сәйкестендіру саны 478457-ні құрады.

Жаңа әліпби мен емлені жұртшы­лыққа насихаттау барысында бұқара­лық ақпарат құралдарының да өзіндік орны зор екенін атап өткен жөн. Тұр­ғындармен кездесу барысында бұ­қаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалар мен пікірлерде көтерілген ұсыныстарды зерделеу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Сондай-ақ жетекші лингвист ғалымдардың пікірлері ес­ке­ріліп, еліміздегі жазу реформасын мей­лінше оңтайландыру жолдары қа­рас-­ты­рылуда. Осы орайда, тіліміздің әуез­ділігін, тазалығын сақтау тұрғысынан азаматтық ұстанымдарын білдіріп, құнды пікірлерімен бөліскен тіл жанашырларына алғысымызды білдіре кеткіміз келеді.

Әлібек АСҚАР,
«Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық
орталығының бас директоры