Спорт • 10 Қыркүйек, 2019

«Астана»-ның велошабандозы Якоб Фульсанг 16-кезеңде топ жарды

247 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Пиреней түбегінде өтіп жатқан «Вуэльта» көпкүндігінің 16 кезеңі «Астана»-ның сапында өнер көрсететін даниялық велошабандоз Якоб Фульсангтың жеңісімен аяқталды.

«Астана»-ның велошабандозы Якоб Фульсанг 16-кезеңде топ жарды

Правия мен Пуэрто де ла Кубилья өңірлері аралығын жалғастыратын 144,4 шақырымдық қашықтықты Фульсанг 4 сағат 01 минут және 22 секундта артқа тастады. Бұл оның «Гранд-тур» санатына енетін жарыстардағы алғашқы жеңісі екенін айта кету абзал. Даниялық спортшы мәреге өзінің басты бәсекелесі – ұлыбританиялық Тео Гэйган Харттан («Team INEOS») 22 секунд бұрын жетті. Үшінші орынды «Астананың» тағы бір өкілі – испаниялық Луис Леон Санчес иеленді. Оның көрсеткіші – 4 сағат 02 минут және 02 секунд.

Жалпы есепте «Team Jumbo-Visma» клубының мүшесі, Словенияның сайыпқыраны Примож Роглич жеке-дара көш бастап тұр. Екінші және үшінші орынды Испанияның қос саңлағы – Алехандро Вальверде («Movistar») мен Тадея Пагачара («UAE-Team Emirates») еншілеуде. Ал «Астана»-ның велошабандоздары арасында ең үздік нәтиже колумбиялық Мигель Анхель Лопеске тиесілі. Әзірге ол төртінші орынды иемденуде.