Қазақстан • 11 Қыркүйек, 2019

Онлайн дауыс беру жергілікті билікті бағалаудың тиімді тетігі бола ма?

732 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сын­дарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауының «Қуатты өңірлер – қуатты ел» тақырыбымен берілген соңғы V тарауының бірінші бөлігінде жергілікті билік ор­гандары жұмысының тиімділігін арттыруға назар аударылған.

Онлайн дауыс беру жергілікті билікті бағалаудың тиімді тетігі бола ма?

Уақыт талабына сай елдің саяси-қо­ғам­дық өмірін ілге­рі­лету, экономикалық рефор­малар­ды табысты әрі жүйелі түрде жүзе­ге асыру, тұрақтылық пен ор­нықты даму­ды қамтамасыз ету ісінде жергілікті билік ор­ган­­дарына жүктелетін міндет ау­қымды. Сон­дықтан оның жұ­мы­сының тиімді болуы өте ма­ңызды. Өйткені Пре­зидент пен Үкіметтің өңірлердегі өкілдігі саналатын, заң­на­маларға сәйкес басқару өкі­леттігі бар жер­гілікті атқарушы билік мемлекеттік сая­саттың іске асырылуына, тиісті аймақты эко­номикалық-әлеуметтік жағынан дамыту жұ­мыс­тарына жауапты. Әрине жергілікті билік органдары бұл жауапкершілік жүгін өз дең­гейінде кө­теріп, мойнындағы міндетін абырой­мен орын­дау үшін бірінші кезекте ха­лық­тың сеніміне ие бола білуі керек. Ал жұрт­­шылықтың сенімін иелену оңай шаруа емес...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Жер­гі­лікті билік тұрғындар үшін әр­дайым ашық болуы тиіс. Бұл аксио­ма әлі де бүгінгі күннің шын­дығына айналмай отыр», деген сөзінің астарында ащы шын­дық жатыр. Мұны жергілікті атқа­рушы билікке қарата дөп айтыл­ған сын деп те қарастыруға болады.

Жергілікті басқару орган­дары­ның халық алдында ашық болу талабы бүгін ғана айтылып отырған жоқ. Бұған дейін де та­лай рет қозғалған, биік мінбер­лерде, түрлі деңгейлі талқылау алаң­дарында сөз болған мәселе. Өкі­нішке қарай, ашықтық Пре­зи­дент айтқандай, бүгінгі күннің шындығына айналмай келеді.

Рас, жергілікті билік жүйе­сін­де өз қызметіне адал, істің көзін таба білетін, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тұрғындармен тіл табысып жұмыс істеп жүрген азаматтар баршылық. Олардың еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ салаға кір келтіріп, жағымсыз көзқарас тудырып, заңсыз іс-әрекеттері арқылы көзге түсіп жүргендер мен өзін ха­лықтың қызметшісі емес, би­леу­шісі ретінде сезінетін та­лай­лар ел сеніміне нұқсан кел­ті­ріп, жергілікті билік органдарына деген күдікті қоюлата түсуде. Ал ел ішінде жергілікті басқару орын­дарына деген жағымсыз түсі­ніктің қалыптасуы басқасын былай қойғанда, әлгі адал қыз­мет­­шілердің еңбекке ынтасын кемі­­тіп, құлшынысын азайтады. Кері тартады.

Негізінде, қоғамда орныққан жал­пы­лама жағымсыз түсінікті ыды­рату қиын. Жақсы атқа­рыл­ған жұмыстар да сол жа­ғымсыз көзқарастың тасасында қалып қоя­ды. Сондықтан жалпылама бағалаудан жекелей нақты баға­лауға иек арту қажет-ақ. Осы орайда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында қанат­қақты жоба ретінде тұр­ғын­дар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін баға­лау жүйесін енгізу қажет деп есептейтінін айта келіп: «Мы­са­лы, егер сауалдама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесінде тұр­ғындардың 30 пайызынан аста­мы қала немесе ауыл әкімінің жұ­мысын тиімсіз деп есептесе, бұл Президент Әкімшілігінің арнайы комиссия құрып, туындаған мә­селені зерттеуіне және тиісті ұсы­ным енгізуіне негіз бола алады», деді.

Қала немесе ауыл әкімдерінің жұ­мысы тұрғындар тарапынан сауалдама немесе онлайн-да­уыс беру арқылы бағаланар болса, жергілікті атқарушы би­лік тізгінін ұстап отырған аза­мат­тардың ел алдындағы жауап­кер­шілігі артып, халықпен етене жақын, ашық болуға ұмтылады. Сондай-ақ олар өз қарауындағы бюджетке қосымша табыс әке­лу­ге құлықты болып, шағын және орта бизнесті дамытуға ерік-жіге­рін аямайды.

Осы арада тоқтала кетер жайт, жер­­гі­лікті билік жүйесінің тиім­­ділігін ба­ға­лау тәсілдерінің шы­найы болуы ма­ңызды. Бұл жерде сауалдама, онлайн-дауыс беру шараларын әділ өткізуді, нәти­же­сі бұрмаланбауын қамтамасыз ету керек. Егер бағалаудың атал­ған тә­сілдері кім көрінгеннің қол­жау­лығына айналып кетсе, пы­сық­айлардың аты озып шыға ке­ле­тіні сөзсіз. Сондықтан алдағы уақытта жергілікті билік органда­ры жұмысының тиімділігін баға­лау ісі нақты қолға алынса, онда оның ұстыны берік, ешкім қол­жау­лық ете алмайтын сенімді механизмі болғаны жөн.

Жалпы, жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін тұрғындарға бағалату – қала немесе ауыл әкімдерінің қызметін таразылау. Бұл жобаны ал­да­ғы уақытта болуы ықтимал жер­гі­лікті әкімдерді сайлау үдерісіне қарай жа­сал­ған қадам деп те қарастыруға болатындай.

Жергілікті биліктің қызметін жан­­дандыруда азаматтық қоғам­ның бел­сен­ді­лігі де өте қажет. Әкімшілік-аумақтық бөлініс аума­ғында тұратын халық, яғни жергілікті қоғамдастық пен жер­гілікті атқарушы органдар ара­сын­­дағы байланысты нығайтуда тұр­ғындардың заң шеңберіндегі та­лапшылдығы басқару жүйесі өкіл­дерінің ашықтыққа баруына бел­гілі бір деңгейде әсер етеді деп ойлай­мыз.

Бүгінде сыбайлас жемқорлық дертінен жергілікті билік өкіл­дерінің ада еместігі бел­гі­лі. Бұл сөзімізді растайтын дәлел­дер жеткілікті. Құқық қорғау қыз­меткерлеріне ұсталған ауыл әкімдерінің басым бөлігі негі­зі­нен бюджеттік мекемелерге бөлін­ген қаржыға заңсыз қол салу, жер телімін бөлуге қатысты қыл­мыс­тық схема құру, қызметін асыра пайдалану арқылы пара алу, өзінің кейбір жөнсіз әрекеттерін жасырып, жазадан құтылу үшін пара ұсыну секілді мәселелерде сыбайлас жемқорлыққа барған. Бұл арада айтпағымыз, саладағы сыбайлас жемқорлықпен күресті үдетпей жергілікті атқарушы билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру қиын. Заңсыз іс-әрекеттер орын алған жерде ашықтық, шынайы есептілік бола қоймайды...

Жалпы, мемлекет өңірлерді қол­дау бағытында ауқымды жоба­ларды жүзеге асырып жатыр. Мәселен, 2018 жылдың қаңтарынан бастап халық саны 2 мыңнан асатын елді мекендерде төртінші деңгейлі бюджет енгізілді. Ал 2020 жылы аталған норма барлық елді мекендерде күшіне енетін көрінеді. Бұл тетіктің қандай нәтиже көрсететіні алдағы уақыттың еншісінде. Десек те аталған жоба жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру бағытында жасалған маңызды қадам болғаны рас. Бұл – өңірлердің әлеуетін арттыруға да өз септігін тигізетін жоба. Осы және басқа да ауқымды жобалар мемлекет тарапынан жергілікті билік жүйесін уақыт талабына сай ілгерілетуге баса назар аударылып отырғанын көрсетсе керек. Өз кезегінде жергілікті билік үшін мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалану аса маңызды.

Қорыта айтқанда, өңірлердің әле­уе­тін көтеруде жергілікті атқарушы биліктен серпінді жұмыс талап етіледі. Бұл талап үдесінен шығу жергілікті биліктің бас­ты міндеті.