Спорт • 11 Қыркүйек, 2019

Футбол: Қазақстанның жастар құрамасы Израильден ұтылды

194 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2021 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Қазақстанның жастар құрамасы (U-21) Нұр-Сұлтанда Израиль футболшыларын қабылдады.

Футбол: Қазақстанның жастар құрамасы Израильден ұтылды

Бәсекені қонақтар өте қарқынды бастады. Кездесу басталған бетте Эйлон Альмог тамаша соққымен есеп ашты. Одан кейін де олар айып алаңымызда бірнеше рет қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, біздің жігіттерді әбден састырды. Десек те команда капитаны Мұхамеджан Сейсеннің өте сауатты әрі салқынқанды ойынының арқасында қақпамыз сан мәрте аман қалды. 22 минутта Вячеслав Швырев таразы басын теңестірсе, арада аз ғана уақыт өткенде Израильдің қақпасына 11 метрлік айып добы белгіленді. Алайда Ақмаль Бақтияров мүлт кетті.

Үзілістен кейін де қонақтар  үстемдіктерін жүргізуге тырысты. Бірақ ұзаққа дейін олар ешнәрсе өндіре алмады. Ал негізгі уақыттың аяқталуына жеті минуттай уақыт қалғанда Томер Йосефи бұрыштамадан берілген допты торда тулатты. Нәтижесінде бұл матч 1:2 есебімен Израиль құрамасының жеңісімен аяқталды.

Жарыс кестесіне келер болсақ, қазіргі кезде Испания мен Қазақстанда 6 ұпайдан бар. Алайда өзара кездесуіндегі жеңісінің арқасында Пиреней түбегінің түлектері көш бастап тұр. Солтүстік Македония, Израиль және Черногорияда 3 ұпайдан олжаласа, Феррер аралдарының қоржыны бос. Енді өзінің келесі бәсекесін жерлестеріміз 15 қазанда сырт алаңда Солтүстік Македонияға қарысы өткізеді.