Қорғаныс министрінің басшылығымен өткен салтанатты шараға Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың басқару құрамы, Қарулы Күштердің әскер тектері қолбасшылары мен түрлерінің бас қолбасшылары, бөлімшелер құрылымының басшылары қатысты.
Қорғаныс ведомствосының басшысы марапаттау жүлделерін әскери салада жеке және командалық есепте үздік өнер көрсеткен, кәсібилігін дәлелдеген 13 әскери қызметшіге табыстады.
«I дәрежелі Ел қорғаны» ведомство медалі «Авиадартс» халықаралық сайысының майдандық авиациясының ұшқыштары майор М.Дәулетбаев пен Д.Коробкинге, «Әскери-медициналық эстафета» қатысушысы дәрігер-хирург медициналық қызметінің капитаны А.Таңатароваға, «Сұңқар аңшылығы» ұшқышсыз ұшатын аппараты штурман бөлімінің аға лейтенанты М.Беспаевқа табыс етілді.
Ал «II дәрежелі Ел қорғаны» ведомство медалі «Танк биатлоны» конкурсының қатысушылары аға сержант А.Алпамысов пен А.Шоинбаевқа, «Қару шебері» сайысынан аға сержант Е.Бектасовқа, «Артиллериялық оқ ату шеберлерін» сайысынан сержант Г.Дәулетов пен ефрейтор Г.Әбдірахмановқа, «Мерген шебі» жарысында кіші сержант А.Әділов пен ефрейтор Д.Ильиновке, «Сенімді қабылдау» бойынша кіші сержант Д.Сейсебаев және «Әлем жауынгері» сайысының қатысушысы ефрейтор М.Сафаковаға бұйырды.
«Халықаралық армия ойындарына қатысу барлық санаттағы әскери қызметшілердің кәсіби дайындығының маңызды және практикалық құрамдас бөлігі болып табылады. Олардың кәсіби мансаптық өсуіне және оқу кезеңінде ынталандыруға қосымша жағдай жасайды. Сондықтан жарысқа жақсы дайындалған жеке құрам қатысты», деді өз сөзінде Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.
Айта кетейік, 2019 жылдың 3 және 17 тамызы аралығында мерейтойлық бесінші Армиялық халықаралық ойындары өтті. 32 конкурстан тұрған жарыс 10 елдің 21 әскери полигонында болды.
Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамасы 32 конкурстың ішінен 16-сына қатысып, үздік ойын көрсеткен құрама ретінде танылды.
Біздің әскери қызметшілер жарыстың алғашқы кезеңінен-ақ баса озып, үздік үштіктің қатарынан көрінді. Нәтижесінде Армиялық халықаралық ойындардың жалпы қорытындысы бойынша қазақстандық әскери қызметшілер 39 мемлекеттің арасынан командалық құрамда үшінші орынға тұрақтады. Байрақты бәсекеде еліміздің құрамасы тек Ресей мен Қытай командасына басымдық берді.