Кеңес тұсында дүйім бір ұрпақ, ұрпақ емес-ау, әр тілде әлем шырқайтын «Әрқашан күн сөнбесін» дейтін бейбіт күннің символындай атақты әуенді... қазақша «сөйлеткен» тағы да осы Табанталдың Ізтайы еді.
Мұрағат ақтаруға уақыт жоқ зырылдаған дүниеде зыр қағып жүрген біздің қолымызға Ізтайдан қалған он үш пәпке дүние кездейсоқ түсті. Бір сүзіп шыққанымыз болмаса, байыбына барып, тұнығына қанып, бәрін оқып шықтық деп айта алмаспыз, сірә, бірақ... орыс және әлем әдебиетінде жексұрын бейне ретінде қалыптасқан «Өгей шеше» ұғымына мейірім берген, сәбилік махаббат нұрын сепкен Ізтай ақынды адам ретінде тануға, аудармашы ретінде түйсінуге, қаламгер-дос ретіндегі ақжарма пейілін түсінуге, шалт мінез қазақ ретіндегі мінезін тұшынуға сол он үш бума дүние себеп болды...
...Он үш буманың жасырған сыры әлі талай көзі ашық қазаққа азық болары анық, біз үшін еш жерде жарияланбаған рецензиялары, жарияланбаған қолжазбалары қызығушылық қана емес, «осы уақытқа дейін көзден қалай таса қалған?» деген де ойды көңілімізде кілт еткізгені рас. Содан Ізтай әлеміне сүңгіп кеттік...
Ақынның 90 жылдық мерейтойына кітабын шығарғымыз келіп талаптанып жатқандықтан, ол жинаққа кіретін жарияланбаған дүниелерін алдын ала жарнамалаудың қажеті аз, бірақ Ізтай әлеміне сапардан бірді-екілі мезетті оқырманға тамсана тұру үшін ұсынуды жөн көрдік.
Кез келген оқырман ретінде біздің де тың дүниені, зерттелмеген парақтарды (тіпті Ізтай ағам кеткесін ешкім ашпаған да болар) жүрегіміз дүрсілдеп, қолымыз қалтырап ашқанымызды жасырмаймыз. Сөйттік те... Ізтай аталатын мұхитқа қойып кеттік. Тіпті санамызда алдымыздағы бумаларды ретімен қарау, түйсіну деген жоқ, қомағайлана тарпа бас салдық. Сол он үш пәпкенің бәрі Ізтайдың тың дүниелері десек, артық айтқандық, әр жылдары баспадан шыққан кітаптарының қолжазбалары, әр жылдары қаламдастармен жазысқан хаттары, бұрын жарияланған аудармалары... бәрі осы он үш бумаға топталыпты. Ол он үш бумадан жарияланғанынан бөлек, жарияланбағанын бөлек сұрыптау да қиынның қияметі болды – себебі өзі туған өлкесінің кітапханаларында Ізтай кітаптары бірен-саран. Тек ақын есімін алған балалар кітапханасының басшысы, Ізтай шырақшысы Ақшолпан Ізтілеуованың жанкешті-фанаттық еңбегінің арқасында ғана бірер жинағы бар...
Қажетсінген адам оқырманға осы уақытқа дейін жетпей қалған дүниелерін болашақ кітаптан тауып алар, біз Ізтай ғұмырындағы қазаққа белгісіздеу үш-төрт мезетті айтып өткіміз келеді.
Бірінші, Ізтайдың өз оқырмандарына деген ерекше ілтипаты. Сол кездегі Ленинградтан хат жолдап, жылы лебізін білдірген сержант Мұхтар Сақтаповтың хатын сан жылдар бойы сақтап, төбесіне «жауап жаздым» деп белгі соғуы – екі-үш «жандым-күйдімі» жарияланса... «халық ақыны» болып шыға келетін талай сөз құрағышқа үлгі боларлық іс. Ал біз, өз кезегімізде, сонау 1956 жылы Ізтайға хат жазған сержант Мұхтар Сақтаповты таптық! Ол көп жылдар Қызылорда облысы Сырдария ауданының аудандық газетінде қызмет етіп, зейнетке шығыпты.
Екінші, әлемнің көптеген тілінде шырқалатын «Әрқашан күн сөнбесін» деген бейбітшілік гимні... Ізтай барда да, Ізтай өмірден өткелі де жұмыр-жерді тербетіп, шырқалып келеді. Сол әлемге белгілі әнді «қазақша сөйлеттім» деп... бір айтпай кетіпті-ау жарықтық. Қазақтың тағы бір талантты ұлы Қабдыкәрім Ыдырысов екеуі бірлесіп аударған осы бір мәтіннің қазақ аспанында шырқалғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті, ал Ізтай аудармасы екенін енді біліп жатырмыз. Бәлки, көп пәпкенің ішіндегі бірнешелеген ноталарға нота білмейтін сауатсыздығымыздан назар да аудармас па едік, «күн сөнбесіннің» нотасында буын сандары Із-ағаның қолымен көрсетілмесе...
Үшінші, сол кездегі бағдары – көмескі, бағытын бағамдау қиындау ұлтымыздың Ұлттық намыс пен Ұлттық рух деген іштегі сезімін лық еткізіп сыртқа шығара салу, сол арқылы... соңынан... дене талып, шаш ағарып жеткізген қазіргі Тәуелсіздігімізді... сол кездің өзінде-ақ басқаларға дәлелдеу үшін Ізтай Ізтайлығын, Қазақтығын дәлелдеген мына бір естелік те қазақты бейжай қалдыра қоймас. Курстасы Машқар Гумеров былай еске алады: «Ізтай екеуміз дәмханаға кіріп, бір үстелдің басында отырған сары жігіттің қасына келіп тізе бүктік. Тамақ ішіп бола бергенде, сыртқа шығып бара жатқан бір егделеу кісі әлгі жігіттің қасына кідіріп, екеуі әңгімелесе кетті. Сөз аңғарына қарағанда, екеуі осы маңдағы қару-жарақ жасайтын зауыттың жұмысшылары сияқты. Егде кісі бір қазақтың атын атап, соның ісіне наразы екенін білдіріп еді, әлгі сары жігіт: «Ну, этого калбита убить мало» дегені ғой. «Калбит» деген сөзді естігенде Ізтайдың қабағы жауар бұлттай түнеріп кетті. Егде кісі кетіп қалды» деп келеді де, Машқар аға әлгі қазақты «калбит» деген жігітті қалай қуғандарын еске алады. Ізтай болмысының асқақтығын, қазақы намысшылдығын айғайлап көрсетіп тұрған естелік пе? Иә!
Төртінші, Ізтайдың қолы тиген, саусағының ізі қалған дүниелерді ақтару, сараптау бақытының бізге бұйырғанын кез келген журналист өміріндегі Эвересті бағындырғандай шың екенін айта кеткіміз келеді. Ізтай әлеміне қадам басқалы Ізтайға байланысты кез келген дүниені қақас қалдырмауға тырыстық. Әлеуметтік желіге салған бір жазбамызға қалдырылған бір пікірден Ізтай домбырасының бар екенін байқадық. Іздедік, таптық! Белгілі журналист, филология ғылымдарының кандидаты Батырболат Айтболатұлы біздің өтінішіміз бойынша Ізтай домбырасы туралы жып-жинақы, дәмді мақала да жазып берді:
«Серуен де – серуен, сергелдең де – серуен» сері кезіміз. Түн демей, күн демей, жатақханаға әндетіп келіп, көз алдынан өлеңдетіп өтетін біздің бар тіршілігіміз – есік аузындағы вахтада, қазіргіше айтқанда, «консьерж» ретінде кезектесіп отыратын орысы-қазағы, мекері-мейірімдісі бар түрлі апалардың жіті назарында. Солардың бірі – әйгілі ақын Ізтай (Ізбасқан) Мәмбетовтің жары, аяулы Мұғалимә жеңгей еді.
Апайдың маған айрықша ықыласы ауды. Айналып-толғанып отыратын, бірер күн көрінбей кетсем, іздейтін болды. Әрі-бері өткенде жиі әңгімелесіп тұратынбыз. Қырық бес жастан аса алмай, арманда кеткен Ізтай ағамыз туралы айтып, көзін сүрткен кездері аз болған жоқ, әрине.
Бір күні апай үйінен домбыра алып келді. Нақты есімде қалмапты, бұл – шамамен 1996 жылдың соңы немесе 1997 жылдың бас кезі-ау. Сірә, соңғысы...
– Батырболат, менің жайымды сен енді біршама білесің. Заманның түрі мынау. Ағаңнан ұл қалмады. Үш тал қызымыз орысқол болып кетті. Ізтай ағаңның домбырасы үйде жетімсіреп тұрғанына талай уақыт өтті. Ұстайтын ешкім жоқ. Сен жақсы домбырашы әрі ақынсың ғой. Қадірін білетін лайықты адам өзің деп, мына домбыраны саған әкелдім. Ағаңның көзіндей көріп ұстарсың, айналайын, – деді ағынан жарылып.
Әрі толқып, әрі қуанған мен рахметімді жаудырып жатырмын» дейді журналист өз мақаласында.
Батырболаттың ажарлы мақаласына алып-қосарым жоқ, біздің «өз олжамыз өзімізде»! Ол – Ізтай қолының ізі қалған қара домбыраның әлі де өмір сүріп келе жатқанында.
...Ізтай да өмір сүре береді...
Шара ЕЛЕУСІЗ,
журналист
Ақтөбе облысы,
Алға ауданы