Әдебиет • 12 Қыркүйек, 2019

Ко Ын: Поэзия – тарих музыкасы

305 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Корей ұлттық ақыны Ко Ынның поэ­зиясы­ ар­қы­лы корей тарихы­ мен қоғамының орасан зор мозайкасы өрілді. Демократия үшін белсенді қозғалыстың мүшесі болған ол халық ақы­ны ретінде әлемге кеңі­нен таныл­ған. Дауылпаз ақын­ның түрмеде ту­ған еңбегі «Манинбо» (Он мың­ өмір) жинағында 5500 адам­ның есімі жазыл­ған 4001 өлең бар. Азия елдері қалам­герлерінің тұңғыш форумына шақырылған Нобель сыйлығының номинантын аз-кем әңгімеге тарттық.

Ко Ын: Поэзия – тарих музыкасы

– Азия елдері қаламгер­лері­нің тұңғыш форумының елдер арасындағы әдеби-мәдени бай­ланыстарды нығайтудағы маңызы қаншалықты?

– Осында келгенге дейін не сезіндім және келген соң не көр­генімді қысқаша баяндап көрейін. Орталық Азия ежелден қиын-қыстау кезеңдерді бас­тан өткерген. Дей тұрғанмен, ас­қақ даңқымен атағы шыққан жер. Көшпенділер жайлаған мекен болғаннан соң ба, көбі бұл аймақты қараусыз қалған деп ойлайды. Мемлекеттік хатшымен кездескенімде, Орталық Азияның қуатты құрлық екенін айттым. Әлденені жоғалттық деп қамкөңіл болғанымыздың түпкі мағынасы сол дүниені қайтарып алуымыз тиіс дегенге саяды. Қазіргі кезең әдебиет үшін Орталық Азия тарихына терең бойлауға қолайлы тұс. Тарихы әріден қалыптасқан құпиялы мекен. Көрнекті ғалым Әбу Әли ибн Синаның есімі мен еңбегі әлемге аян. Беріректе Абай бар. Олар өткен шақтың елесі емес, солар арқылы Орталық Азия өз-өзін танытуға, табуға күш-қуат алады. Нұр-Сұлтан сияқ­ты Ұлы дала төсінде алып ша­һарды тұрғызу болашақтың кепілі. Әлем әдебиетінің ендігі мүм­кіндіктері дәл бүгінгі қалам­герлер басқосуында шама-шар­қын­ша айтылып жатыр.  

– Жиында Батыс өркение­тінің ықпалы туралы кеңінен сөз болды. «Батысқа бағдар ре­тін­де қараудан бас тартуымыз ке­рек» деген ойыңызды тарқа­та аласыз ба?

– Батыс мемлекеттері аса ірі қол­басшы және мемлекет қай­­рат­кері болған Александр пат­­шаның басқыншылығымен шығыс мәдениетін сіңірді. Біз де соншама жылдар бойы Батыс мәдениетін үлгі етіп келдік. Қазір осының барлығы шегіне жетіп болды. Бүгінде мыңжылдықтар бойы қалыптасқан дара жолы бар шығыс мәдениетіне, өз ішімізге үңілуіміз тиіс.

– Сіздің өмір жолыңыз бен шығармашылығыңызға қа­тысты негізгі деректер бел­гілі. Бірақ сізден өзіңіз алғаш жаза бастаған 50-жылдардағы кезең туралы сұра­сам деп едім. «Ертеңгі күн­нің әндері: өлеңдер 1960-2002» атты жинағыңызда «Нөл» идея­сы туралы айтасыз. Корея тарихымен етене таныс емес біз үшін аталған идеяның неліктен кең тарағандығы жө­нінде айтып бере аласыз ба?

– Тілі бір, ділі бір Корея екіге бөлінгенде мен жасөспірім бала едім. Қанды соғыстың қиямет-қайымын көзіммен көре жүріп ержеттім. Майдан даласындағы қан­төгістің ортасынан тірі қалдым. Сондағы бүліншілік өткен шақ­тағы құндылықтарды тып-типыл жо­­йып жіберді, нөл болды. Сон­дықтан «нөлдік тұжырым» абс­трак­тілі сөз емес, менің поэ­зиям осы нөлден басталды. Мен көр­ген қиындықтар артта қал­ды, қа­ным мен сүйегімде ғана қал­ды. Ба­сымнан өткерген қайғы-қасірет жаным мен тәнімнің бір бөлі­гіне айналғандай, ол менің тынысымнан, әр сөзімнен, қимыл-әрекетімнен көрініп тұрады. Олар­­дың барлығы қорытылып кет­ті, ондай болмаған күнде өмір сү­руімнің өзі неғайбыл.

– Ал будда монахы болып өткізген онжылдықтар несімен есте қалды?

– Корей соғысының қуғын-сүргінінен соң тауға шығып, монах болып кеттім. Ғибадатхана маған баспана болды. Сондағы ұстазым болған Хебонгтың сүйе­мелдеуімен, ел-елді аралап, ұзақ сапарларға шықтық. Кейін мұның барлығы өмірлік тәжірибеме айналды.  1960-жылдары сәуір революциясы кезінде қалаға қайтып келдім.

– Бір сұхбатыңызда корей халқын өте ақынжанды жұрт деп атайсыз. Осындай ортадан шық­­қан ақынның балалық шағы туралы да аз-кем естігіміз келеді.

– Мұндағы айтпағым, азаттық жолында қиындықты көп көрген кез келген халық жаны тым се­зімтал, жүректері жырға ға­шық­ келеді. Мысалы, өзімнің әкем мен шешемнің, атам мен әжем­нің, ағаларымның біреуінің де әдебиетке мысқалдай қатысы болған жоқ. Өткенге бір сәт көз салсам, олардың өмір сүруі, сөй­леуі, барлығы тұнған поэзия еді. Поэзия – тарих музыкасы. Балалық шағымда көп болған екі дүние бар: кедейшілік пен аспандағы жұлдыздар. Осы екі дүниені бала кезімде сан мәрте көрдім.

– «Манинбо» (Он мың өмір) эпикалық шығарманы тудыру идеясы сіздің өміріңізді қалай өзгертті?

– 1970-жылдары әскери дик­татор­лыққа қарсы шыққаным­да төрт рет түрмеге қамалдым. Түр­меде өзімді жалғыз желкендей сезіндім. Мені тастай қараңғы, өте тар камерада ұстады. Сол түн­­ді, сол уақытты әлі де жек кө­­ремін, өйткені мені бар асылымнан айырды. Осыдан аман қалар болсам, барлығын жазамын деп ойға алған сәтте-ақ менің кеудемде үміт оты тұтанды. Шетелдегі және өз елімдегі кей адамдардың ықпалымен екі жарым жылдан соң босап шықтым. Түрмеден шыққан соң 50 жасымда үйлендім. Осылайша өмір жолымда кезіккен адамдарды өлеңмен еске алып, біртіндеп қағазға түсіре бастадым. 25 жыл­­дың ішінде 4001 өлең жазып шықтым. Сол жырлардың бі­разы ағылшын тіліне аударылып, әлемге таралды. Мұндағы әр өлеңнің өз тағдыры бар, әрбір өлең жеке адамға арналған, бұл стиль мен формада көп кездесетін нәр­се. Мен сыртқы форма құруға талпынбаймын, субъектінің өзі-ақ қалыбын табады.

– Саналы ғұмырын автори­тарлық жүйеге қарсы күресіп келген ақынның бүгінгі өмірі қалай өтіп жатыр?

– Біз өзіміздің қарақан басымызды ғана ойлап өмір сүре алмаймыз. Жиырма жылдан ас­там уақыт күресіп келсем, қа­зір демалып жатырмын. Ал тірі тұр­ғанымда, жазуымды әсте тоқ­татпаймын.

 

Әңгімелескен

Ая ӨМІРТАЙ