Әдебиет • 12 Қыркүйек, 2019

Алматыда «Ұлы дала тарихы» оқулығы жарыққа шықты

984 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Ұлы дала тарихы» атты оқулық жарық жарық көрді.

Алматыда «Ұлы дала тарихы» оқулығы жарыққа шықты

«Жастарға төл тарихымыздың шынайы беттерін ашып беру үшін ұсынылып отырған бұл оқулықтың өзіндік ерекшеліктері бар. Атап айтқанда, «Ұлы дала тарихы» Қыздар университетінің білім беру бағдарламасы бойынша 1-курс студенттеріне оқытылатын элективті пәнге арналған қазақ тілінде жарық көрген алғашқы оқу құралы. Ол типтік бағдарлама негізінде дайындалып, арнайы ғылыми әдістемелік сараптамадан өткізілген», – дейді кітап авторларының бірі, тарих ғылымдарының кандидаты Ердәулет Берлібаев.

«Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында шыққан ғылыми еңбек екі кітаптан тұрады. Оқу құралында Ұлы дала тарихының ежелгі дәуірден XX ғасырдың басына дейінгі кезеңдегі оқиғалары мен құбылыстары және рухани мәдениет аясындағы ұлттық құндылықтар мәселесі қамтылған.

Оқулықтың хронологиялық шеңбері Қазақстан тарихы бойынша қалыптасқан тарихи кезеңдермен анықталған. Дегенмен тарихи кезеңдердегі ұлттың өзіндік ерекшелігін айғақтайтын оқиғалар мен құбылыстарға баса көңіл аударылған. Сондай-ақ авторлар оқиғалар мен көріністерді қазіргі заманмен және шынайы қоғамдық өмірмен байланыстыруды басты назарға алыпты. Өскелең ұрпақтың тарихи санасын, отаншылдық сезімін қалыптастырудың және мемлекеттік саясатты қолдаудың өзіндік идеологиясы мен идеясы да қамтылған.

Сол сияқты, өткен оқу жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқу үдерісіне «Ұлы дала тарихы» пәні енгізілген болатын. Таңдау пәнінің мақсаты – Қазақстанның ежелгі дәуірден XX ғасырдың басына дейінгі кезең тарихын студенттерге жүйелі түрде оқыту, Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің диалогы ауқымындағы бүгінгі Ұлы дала тарихының қайталанбас ерекшелігі мен маңыздылығын анықтайтын ғылыми тұжырымдарды зерделеу.

Аталған пән Қазақстан тарихының теориялық-методологиялық тұжырымдарына негізделген. Курстың хронологиялық шеңбері еліміздің ежелгі дәуірден XX ғасыр басына дейінгі қалыптасқан тарихи кезеңдерімен анықталған.

Пән 15 тақырыптан тұрады. Тақырыптарда «Ұлы дала тарихы» пәні және оның рухани жаңғыру мен тарихи сананы қалыптастырудағы орны, Түркі мәдениетінің дүниетанымдық мәні және көшпенділердің әлемді түйсінуінің ерекшеліктері, Ұлы Жібек жолы, қазақ халқының этногенезі мен ұлттық коды туралы тың деректер қамтылған. Сонымен қатар Ұлы даладағы тәуелсіздік үшін күрес, ұлттық бірлік пен бірегейлік идеялары, әскери өнердің қалыптасуы мен даму эволюциясы және Ұлы даланың ұлы тұлғалары жайындағы іргелі зерттеу еңбектер де топтастырылған.