Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен авиациясына шартты қарсыластың нысаналарын жою жөнінде тапсырма берілді. Ми-35М жауынгерлік тікұшақтары озық радиотехникалық бөлімшелер, Су-30СМ жойғыш ұшақтары, басқару пункттері, әуеайлақтар мен шартты қарсыластың әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары бойынша әуе соққысын жасады, ал Су-25 шабуылдаушы материалдық-техникалық қамтамасыз ету қоймаларын жойды. Жаппай шабуылды МиГ-31Б жойғыш ұшақтары жалғастырды. Бүгінгі таңда бұл әлемдегі ең жылдам жауынгерлік ұшақтардың бірі. Жойғыш ұшақ сағатына 3000 км жылдамдыққа дейін ұшып, стратосфера қабатына көтеріле алады.
Жердегі және әуедегі нысаналарды жою үшін авиация «әуе-жер» және «әуе-әуе» класындағы басқарылатын және басқарылмайтын авиациялық зымырандарды, ретке келтірілетін авиациялық және жарқыншақты-фугасты бомбаларды қолданды. Әуе ұрысын жүргізуден басқа, ұшқыштар сценарий бойынша апатқа ұшырап, істен шыққан ұшақ экипажын құтқаруды пысықтады.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері оқу-жаттығудың белсенді фазасы барысында қанатты зымыранға тосқауыл жасауды, сондай-ақ С-200, С-300, С-75, С-125, «Круг» және «Куб» зениттік-зымыран кешендерінің жауынгерлік мүмкіндіктерін паш етті.
Әскери қызметшілердің дайындық деңгейі мен шеберліктеріне баға беруге келген Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қатысушыларды қарсы алып, Армения, Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан Қарулы Күштерінің басшылығына алғыс білдірді. Сонымен қатар шеберліктің жоғары деңгейін атап өтіп, достастық армияларының әскери қызметшілеріне ашық аспан тіледі.
«Жауынгерлік достастық-2019» халықаралық оқу-жаттығуы Ресей мен Қазақстанның әскери полигондарының аумағында өткізілгенін естеріңізге сала кетейік.
«Сарышаған» полигонындағы оқу-жаттығуға Әуе қорғанысы күштерінің барлық әскери бөлімдері, әуе шабуылына қарсы қорғаныстың техникасы мен қару-жарағы, Қазақстан Әскери-әуе күштерінің авиациясы тартылды. Одан басқа, аталған оқу-жаттығуға алғаш рет Қырғызстан ӘШҚҚ әскерлерінің жауынгерлік есептоптары қатысты.
«Егемен-ақпарат»